2026 жылы көлік сатып алғысы келетін қазақстандықтар нені білуі керек
АСТАНА. KAZINFORM - Қазір Қазақстандағы автокөлік нарығында жағдай біркелкі емес. Kazinform агенттігінің тілшісіне сала мамандары қазіргі ахуалды талдап, 2026 жылы нарықта қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін түсіндірді.
Импортқа қысым күшейеді
Автосарапшы Евгений Кубековтің айтуына қарағанда, 2026 жылға қатысты болжамдар бірқатар экономикалық жағдайға – инфляция деңгейіне, теңге бағамының құбылуына және салықтың көбеюіне тікелей байланысты болады. Оның пікірінше, 2026 жылы импорттаушыларға оңай болмайын деп тұр. Бұған бірнеше себеп бар:
· қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі;
· айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) көбеюіне байланысты утилизациялық алымның қымбаттауы;
· кейбір көліктерге «сән-салтанат салығының» енгізілуі.
Оның пайымдауынша, бұл өзгерістер шетелден әкелінетін көліктердің де, Қазақстанда құрастырылатын көлік жиынтықтарының да өзіндік құнын арттырады. Алайда қолжетімді санаттағы модельдер мен жергілікті өндірістегі көліктердің бағасы әзірше айтарлықтай өзгермеуі мүмкін.
– Көктемге дейін алаңдауға негіз жоқ. Қазір нарықта «сатып алушының дәуірі» жүріп тұр. Брендтер арасындағы жоғары бәсеке бағаның өсуін уақытша тежейді. Оның үстіне, дистрибьюторлар мен дилерлердің қоймасында 2025 жылы әкелінген немесе Қазақстанда құрастырылған көліктер әлі де жеткілікті, - дейді сарапшы.

Бәсекелестік және сатып алушыға қолайлы жағдай
Автожурналист Роман Масленниковтің сөзінше, Қазақстандағы автокөлік нарығы қарқынды дамып келеді. Елде автокөлік брендтері көбейіп, дилерлік орталықтар артып, ал сатылым көлемі өсіп жатыр. Мұның бәрі нарықта әділ бәсеке қалыптастырып, ең әуелі сатып алушыларға тиімді жағдай туғызып отыр.
Бірнеше жыл бұрын көліктерді бірден сатып алу қалыпты жағдай еді, ал тапшылық бағаның өсуіне себеп болды. Қазір жағдай мүлде басқа: жыл соңына қарай көптеген бренд айтарлықтай жеңілдіктер ұсынды. Бұл – қоймалардағы артық қордың емес, сатып алушы үшін күшейген бәсекенің нәтижесі.
– Дилерлік желі кеңейіп, өндіріс көлемі мен сатылым қатар өсіп отырған кез келген нарықта бағаның бірден көтерілуі сирек кездеседі. Мұндай өзгеріс тек валюта бағамында елеулі ауытқу болған жағдайда ғана мүмкін. Сондықтан қазіргі кезде нарықтағы негізгі бәсеке тұтынушы үшін жүріп жатыр, - дейді ол.

Спикердің айтуынша, биыл да бірқатар модельге жеңілдіктер ұсынылады. Әсіресе, қоймаларда ұзақ уақыт тұрып қалған көліктерге сұранысты арттыру үшін дилерлер бағаны төмендетуге мәжбүр болады. Бұл – кейінгі жылдары қалыптасқан үрдіс, автокөлік сатылымы барған сайын жеңілдіктер мен акциялар арқылы ынталандырылып келеді.
Нарықтағы автокөлік модельдерінің қатары кеңейіп, жаңа үлгілер көбейіп келеді. Бұл үдерісте қытайлық өндірушілердің ықпалы ерекше байқалады – дәл осы брендтер бағаны едәуір төмендетті. Соның нәтижесінде бұқаралық сегменттегі көліктердің бағасын көтеру іс жүзінде мүмкін болмай отыр. Кез келген өсім сатып алушыларды бірден үркітеді.
Қытай автонарығы қарқынды дамып, көп модель шетелге, соның ішінде Еуропа елдеріне де экспорттала бастады.
– Қазіргі кезде нарықта қандай да бір күрт өзгерістер болады деп айтуға негіз жоқ. Ірі компаниялар бұрыннан қалыптасқан стратегия бойынша жұмыс істеп жатыр. Мұны сатылым көлемі де көрсетіп отыр, ешкім тапшылық көріп отырған жоқ. Жыл қорытындысы бойынша нарық бұрынғы көрсеткіштерді қайта еңсеріп, жаңа рекордтар орнатады деген үміт бар. Қалай болғанда да, жұрт көлік алғысы келеді, әрине, көбіне бұл несие есебінен жүзеге асады, - дейді Масленников.
Сондай-ақ, Масленниковтың айтуынша, доллардың тиімді бағамы кезінде автокөлік сатып алуды жолға қоя алған дилерлер 2026 жылы да қолайлы бағаны ұстап тұра алады. Жалпы алғанда, елдегі автонарық тұрақты дамып келеді, күрт өзгерістер байқалмайды.
Екінші нарық әлсіреді, алғашқысы әзірге тұрақты
Сарапшы Виктор Марсаковтың айтуынша, қолданыстағы автокөліктер нарығында белсенділік төмендеген. Бұған сатып алушылардың қаржылай мүмкіндіктерінің шектеулі болуы негізгі себеп болып отыр.
Ал жаңа көліктерге келсек, олардың бағасы былтырмен салыстырғанда айтарлықтай өскен жоқ. Керісінше, кейбір модельдер акциялар мен жеңілдіктердің арқасында тіпті арзандап отыр.

– Биыл баға міндетті түрде көтеріледі. Себебі жаңа Салық кодексі енгізілді. Алайда Қазақстанда құрастырылатын автокөліктер толық өндірістік циклге жатпайтындықтан, олардың бағасы біршама тұрақты болады. Жергілікті жиналған автокөліктер, кем дегенде осы жылдың бірінші тоқсанында, қазіргі деңгейде сақталуы мүмкін, - деп түсіндірді сарапшы.
Электромобильдерге сұраныс азая ма
Марсаковтың пайымдауынша, электромобильдер нарығының болашағы аса жарқын емес. Ол бұл сегментте сұраныстың айтарлықтай өспейтінін, керісінше, қызығушылық біртіндеп азаюы мүмкін екенін айтып отыр.
Сарапшының ойынша, алдағы уақытта негізгі сұраныс жанармаймен жүретін көліктер мен гибридтік модельдерде болады, ал электромобильдер «модадан» шыға бастайды.
Халық көлікті қашан сатып алғаны жөн
Сарапшылардың басым бөлігі бір пікірде: дәл қазір – автокөлік сатып алуға ең қолайлы уақыт. Дилерлердің қоймалары толы, компаниялар қаржы жылын жақсы көрсеткіштермен аяқтауға тырысып жатыр, ал кейбір брендтерде жеңілдіктер 20 пайызға дейін және одан да жоғары деңгейде ұсынылады.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы қазақстандықтар 205 мыңнан астам автокөлік сатып алғанын, ал желтоқсан айында бұл көрсеткіш тағы 5 мыңға артады деп болжанғанын жазғанбыз. Алайда бұл көрсеткіштердің артында автокредит бойынша қарыз мөлшерінің көбеюі, көлік бағасының төмендеуі, қытайлық өндірушілер бәсекелестерін ығыстырып, өз позицияларын жылдам күшейтуі тұр.
