Биылғы тамыз Өзбекстандағы ең ыстық айлардың қатарына енді

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстанның басым бөлігінде биылғы тамыз метеорологиялық бақылау тарихындағы ең ыстық айлардың бірі болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

2026 жылғы тамыз Өзбекстандағы ең ыстық айлардың қатарына енді
Фото: Vzglyad.uz

Өзгидрометтің мәліметінше, Қашқадария және Сурхандария облыстарының көп ауданында тамыз айы бақылау тарихындағы ыстық үш тамыздың бірі болды. 

Ең ыстық күндері республиканың басым бөлігінде ауа температурасы 39-41 градусқа дейін көтерілді. Тамыз айы өте ыстық болғанымен, температура бұрынғы абсолютті рекордтардан төмен болды.

Синоптиктердің мәліметінше, Өзбекстанда тамыз айы өте құрғақ өтті. Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын болған жоқ, ал жауын жауған жерлерде оның мөлшері 0,0-0,4 мм-ден аспады.

Өзбекстанда өткен жаз ауа температурасының жоғары болуымен ерекшеленді. Маусымдық орташа температура климаттық нормадан 1,2-2,6 градусқа жоғары болды.

Республиканың басым бөлігінде 2026 жылдың жазы ең ыстық маусымдардың рейтингінде екінші орынға шықты. Ал кей өңірлерде ол Өзбекстандағы метеобақылау тарихындағы ең жылы жаз ретінде тіркелді.

Бұған дейін аптап ыстыққа байланысты Өзбекстанның екі облысындағы балабақшалар уақытша жабылғаны хабарланған болатын.

Ақзат Жиеналина