2026 жылы дивиденд алатын жеке тұлғалар салық жеңілдігінен айырылады
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылы дивиденд алатын жеке тұлғаларға да прогрессивті салық шкаласы қолданыла бастайды. Оның шарттарын Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Салық әдіснамасы басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аббасова түсіндірді.
— Жеке тұлғалар алатын дивидендтерге (қандай да бір компанияда үлесі, акциясы бар жеке тұлғалардың осы компаниядан табыс ретінде алатын пайдасы) жеке прогрессивті шкала қарастырылған. Бұл жерде шкаланың табалдырығы әлдеқайда жоғары — 230 мың АЕК. Басқаша айтсақ, дивиденд көлемі 995 млн теңгеден төмен болса, 5 пайыз жеке табыс салығы салынады. Ал 995 млн теңгеден көп болса, 15 пайыз салық салынады, — деді ол.
Бұл дивидендтерге қазір қолданылатын жеңілдіктер күшін жояды деген сөз.
— Қазір дивидендтен алынатын жеке табыс салығы 10 пайыз. Бірақ жеңілдік бар. Егер жеке тұлға заңды тұлғадан 30 мың АЕК-ке жетпейтін (100 млн теңге шамасында) дивиденд алса, ешқандай салық салынбайды. Ал 2026 жылдан бастап бұл жеңілдік күшін жойып, 995 млн теңгеге дейін дивиденд алғандардың бәрі 5 пайыз жеке табыс салығын төлейді, — деді басқарма басшысының орынбасары.
Еске салсақ, сәуір айында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи банктердің 100 млн теңгеге дейін дивиденд алатын акционерлеріне 10 пайыз, ал бір млрд теңгеге дейін пайда табатын акционерлеріне 15 пайыз салық салу нормасын ұсынған болатын.