2026 жылы Қазақстанға Ресейден 3-4 Амур жолбарысы жеткізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Амур жолбарыстарын елге әкеліп жерсіндіру мәселесін көрші елмен жұмыс тобы аясында талқылады.
- Амур жолбарысын қайта жерсіндіру жөніндегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру мақсатында биыл екіжақты жұмыс тобының екі отырысы өтті. Кездесу барысында тараптар жолбарыстарды қайта жерсіндіру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды және адам мен жыртқыш арасында болуы мүмкін жағдайға ден қою бойынша қазақстандық мамандардың Ресейде даярлықтан өтетін болды, - деді Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет басшысының мәлімдеуінше, бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес, Ресей Федерациясынан 3-4 жолбарысты әкелу 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланып отыр.
Айта кетсек, биыл жазда елімізге Ресейден 4 жолбарысты жеткізу мәселесі әлі пысықталып жатқаны туралы хабарлаған едік.