2026 жылы майнинг пен крипто-биржадан түсім артады — Кірістер комитеті болжамы

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдан бастап заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін майнинг пен крипто-биржадан келетін түсім көлемі артады деп болжанып отыр.

руководитель управления администрирования цифровых активов КГД МФ РК
Фото: Kazinform

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының жетекшісі Талғат Әділов мәлім етті. 

— Түсімнің артуын болжап отырмыз, өйткені, статистикалық деректерге сүйенсек, 2024 жылы цифрлық майнинг үшін салық төлеушілер саны 52 болса, бүгінде 80-ге жетті, — деді Талғат Әділов комитетте онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, майнингтің рентабельдігі криптовалюта құнының өсуіне байланысты артқан.

— 2024 жылы өндірілген биткоинның құны 38 мың доллар болса, бүгінде ол 120 мыңға жетті. Осыған байланысты крипто-активтерді өндірудің рентабельділігі оң көрсеткіш көрсетіп отыр, өндіріс көлемі де өсіп жатыр. Өсім артады деп болжап отырмыз, — дейді комитет өкілі.

Сондай-ақ маман майнингтен бөлек, түсімнің маңызды көзі крипто-биржа екенін мәлімдеп отыр. 

— Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, майнерлерден бөлек цифрлық активтер биржасы бар. Биржадан мәлімет алып, жыл сайын сауда көлемінің артқанын байқап отырмыз. Жыл сайын 2-3 есе өсім байқалады, — деді ол.

Осылайша, Талғат Әділовтің мәлімдеуінше, салық төлеушілер санының артуы, майнинг табысының өсуі және биржадағы белсенділік оң динамиканы көрсетіп отыр. Ведомствоның болжамынша, аталған үрдіс 2026 жылдан бастап заңнамаға енгізілетін өзгерістерден кейін де сақталады.

Еске салсақ, еліміздің қаржы нарығында криптовалюта айырбастайтын ойыншылар пайда болатыны туралы хабарлаған едік. 

Бұған дейін спикер Кірістер комитеті цифрлық майнинг нарығын қалай бақылайтыны туралы айтып берген еді. 

Соңғы жаңалықтар