2027 жылдан бастап автонесие беру талаптары өзгеруі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM - Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің автонесие рәсімдеу кезінде борыштық жүктеме коэффициентін есепке алмау туралы ұсынысына пікір білдірді.
Ұлттық банк басшысы борыштық жүктеме коэффициенті несие алушыны шамадан тыс қарызға батудан қорғайтын негізгі тетік екенін айтты. Оның сөзінше, бұл талап тек автонесиеге емес, барлық несие түріне ортақ қолданылады.
– Мысалы, сіз 10 миллион теңгеге көлік алдыңыз делік. Бір жыл төлегеннен кейін жұмыстан айырылып немесе басқа себеппен несиені төлей алмай қалдыңыз. Мұндай жағдайда банк көлікті нарықтағы қазіргі бағамен алады. Бірақ несие толық жабылмауы мүмкін. Соның салдарынан көліксіз де қаласыз, үстіңізде өтелмеген қарыз да сақталады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін макропруденциялық реттеу құралдары енгізілген. Оның тұтынушылық несие ме, автонесие ме, әлде ипотека ма – айырмашылығы жоқ, – деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстандағы автонесие портфелі шамамен 60%-ға өскен. Сонымен қатар мұндай несиелердің сапасы да біршама нашарлаған. Қазір үшінші сатыдағы, яғни қайтарылу қаупі жоғары несиелердің үлесі 5,7%-ға жеткен.
– Кейбір банктер қайтарылуы күмәнді мұндай несиелерді есептен шығара бастады. Дегенмен, әзірге ешқандай шешім қабылданған жоқ. Болжам бойынша, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап автонесиелерге борыштық жүктеме коэффициенті белгілі бір деңгейде енгізіледі. Ол жеңілдеу де, қатаңдау да болуы мүмкін. Бірақ автонесие портфелінің сапасы жақсарып, оның өсу қарқыны теңгерімді болса, біз мұны ескеретін боламыз, - деді Ұлттық банк төрағасы.
Еске салайық, бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі автонесие рәсімдеу кезінде борыштық жүктеме коэффициентін есептемеуді ұсынған еді.