2027 жылға арналған дәрі-дәрмек сатып алу науқаны үш ай ерте басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Бірыңғай дистрибьютормен бірлесіп 2027 жылға арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу науқанын бастады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

дәрі-дәрмек
Фото: ДСМ

Биыл алғаш рет сатып алу науқаны 2026 жылғы 1 шілдеде, яғни белгіленген мерзімнен үш ай бұрын басталды. Ал стационарлық медициналық көмек көрсетуге арналған сатып алу рәсімдері 22 маусымнан бастап жүргізілмек.

Министрліктің мәліметінше, сатып алу науқанының мерзімінен бұрын басталуы жеткізушілермен келісімшарттарды алдын ала жасасуға, қажетті қорларды қалыптастыруға және медициналық ұйымдарды 2027 жылдың алғашқы күндерінен бастап дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Науқанды іске қосуға дайындық барысында Денсаулық сақтау министрлігі нормативтік құқықтық базаны өзектендіру, баға белгілеу мәселелерін реттеу және өңірлердің қажеттілігін қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармалары медициналық ұйымдардың нақты қажеттіліктерін, жеткізу көлемдері мен кестелерін ескере отырып өтінімдерін ұсынды.

— 2027 жылы 2 174 атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу жоспарланып отыр. 2026 жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 18,17%-ға артты,— делінген хабарламада.

Қаржыландыру көлемінің ұлғаюы азаматтарды қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың басымдығын көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясындағы әлеуметтік міндеттемелерді іске асыру аясында мемлекет халықты дәрілік қамтамасыз ету бағдарламаларын қажетті қаржылық ресурстармен жүйелі түрде қамтамасыз етуде.

— Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлік денсаулық сақтау басқармалары өтінімдерді қабылдау науқанын көктемде бастағанының арқасында біз қажеттілікті алдын ала қалыптастырып, сатып алу рәсімдерін дәстүрлі мерзімнен ертерек бастауға мүмкіндік алдық. Біздің басты міндетіміз – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың медициналық ұйымдарға уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету және жеткізілімдегі үзілістер тәуекелін болдырмау. Желтоқсан айында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар операциялық қоймаларға бөлініп жеткізіледі, ал 2027 жылдың қаңтар айының басынан бастап еліміздің барлық медициналық ұйымдарына жөнелту басталады. Бұл тәсіл пациенттердің жаңа жылдың алғашқы күндерінен бастап қажетті еммен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді, – деді «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков.

Сатып алу науқанын мерзімінен бұрын бастау – Денсаулық сақтау министрлігі мен Бірыңғай дистрибьютордың халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі.

Қабылданған шаралар жоспарлау сапасын арттыруға, жеткізілімдердің уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге және пациенттерді дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етудегі үзілістер тәуекелін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Сатып алу науқанының барысы және өзекті ақпаратпен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» ЖШС-нің ресми ақпараттық ресурстарында танысуға болады.