2027 жылы ғарышқа шығарылатын түркі елдерінің бірлескен спутнигі таныстырылды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Бүгін Ташкентте Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер бірлесіп құрастырып жатқан CubeSat спутнигі таныстырылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Бұл күндері Ташкентте Space Technology Conference конференциясы өтіп жатыр. Оның аясында ТМҰ-ға мүше елдер ғарыш агенттіктерінің жетекшілері бас қосты. Кездесуде мамандар 12U CubeSat спутнигін құрастыру және оны космосқа шығару мәселелерін талқылады.

Іс-шарада алғаш болып сөз алған Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев кездесудің маңызына тоқтала келе, қазақстандық делегация өкілдеріне алғыс білдірді.

— Кездесулерге тұрақты қатысып, бірлескен күш-жігерлерді ілгерілетуге үлес қосып келе жатқан барша тарапқа ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, біздің негізгі бастамамыз — 12U CubeSat спутнигінің моделін әкелгені үшін қазақ бауырларымызға алғысымыз шексіз, — деді ұйымның Бас хатшысы.
Кубанычбек Омуралиев ТМҰ-ға мүше елдер бірлесіп космосқа ұшыратын жерсерікті құрастыру жұмыстары аяқталуға жақын екенін атап өтті.
— Бұл жетістік біздің техникалық мүмкіндігімізбен қатар, ұжым ретіндегі қарым-қабілетімізді көрсетеді. Осы ретте мен қазақ тарапынан CubeSat спутнигінің жобасы үшін Халықаралық авиация комитетінен радиожиілікті үйлестіру рұқсатын алу ісін жеделдетуді сұраймын. Сіздер кәсіби маман ретінде құрылғыны тіркеу және ол бойынша барлық техникалық мәліметтерді жетік білесіздер, — деп мәлім етті Кубанычбек Омуралиев.
Конференцияға қазақстандық делегацияны бастап келген Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Шүленбаев спутникті құрастыру кезеңдеріне тоқталып, әр елдің үлесін атап өтті.

— Бұл жобаны негізінен біз іске асырып жатырмыз. Сондай-ақ оған басқа да түркі мемлекеттері тартылған. Мәселен, бір ел қаржылық қолдау көрсетсе, енді бірі құрылғының қозғалтқышын құрастырып жатыр. Аталған жерсерікті 2027 жылы ғарыш кеңістігіне шығару жоспарланған, — деді Kazinform тілішісінің сауалына жауап берген Қуандық Шүленбаев

Оның айтуынша, 12U CubeSat наноспутник саналады. Ол ғарышта 5 жылға дейін зерттеу жүргізуге қауқарлы.
— Жерсерікті пайдалану мерзімі шамамен 3-5 жыл. Мәселен, KazEOSat-1 және KazEOSat-2 ірі спутниктері кеңістікте 7 жыл қызмет етеді. Егер құрылғы зақымдалмаса, ондағы отын көлемі жеткілікті болса, жерсерікті қолдану мерзімін ұзартуға болады. Бүкіл әлемдік тәжірибеге сай, спутник 7-8 жылдық есеппен ұшырылады, бірақ кейбір құрылғылар 15-20 жылға дейін жұмыс істейді, — деп түйіндеді комитет басшысының орынбасары.

Еске салайық, жақында космосқа аттанатын тұңғыш өзбек ғарышкеріне қойылатын талаптар жарияланды.
Қоса кетсек, биыл Өзбекстан мен Қытай ғарышқа Жерді қашықтықтан зондтайтын спутник ұшыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Өзбекстан 2028 жылы «Mirzo Ulug’bek» спутнигін ғарыш кеңістігіне шығарады.