2028 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Татарстанда өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу эстафетасын Татарстанға тапсырды. Эстафетаны табыстау рәсімі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Чолпон-Ата қаласында өткен жабылу салтанатында өтті. Бұл туралы Кабар агенттігі жазды.

2028 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Татарстанда өтеді
Фото: Кабар

Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы әрі Президент әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев Татарстан өкіліне елдің жеті облысындағы 40 ауданнан жиналған су құйылған ыдысты табыстады.

VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2028 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласында өтеді деп жоспарланған.

Еске сала кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтті. Оған әлемнің 100-ден астам елінен спортшылар мен делегациялар қатысты.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жалпыкомандалық есепте бірінші орынмен аяқтады.

Байрақты доданың қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте 30 алтын медаль иеленген Қырғызстан екінші орынға, жеті алтын жүлдесі бар Ресей үшінші орынға тұрақтады.

Қазақстанның жалпы есептегі жеңісінен кейін пікір қайшылығы туындап, Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы қорытынды медаль есебіне қатысты пікір білдірді.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, Көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес, жарыс қорытындысы бойынша елдер арасында ресми медаль және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейді.