Қырғызстаннан аз медаль алса да: Қазақстан Көшпенділер ойындарында бірінші орын алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жалпыкомандалық есепте бірінші орынмен аяқтады. Жарыстың соңғы күнінде отандастарымыз 16 медаль — алты алтын, алты күміс және төрт қола жүлде жеңіп алды.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтті. Жарыстың ашылу салтанатынан кейін сайыстар 1 қыркүйекте басталды. Биылғы ойындарға әлемнің 113 елінен шамамен 3 мың спортшы қатысып, 43 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынды.
Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күнін медальсыз аяқтады. Спортшыларымыз ордо, тоғызқұмалақ және ұлттық күрестің бірнеше түрінен бақ сынағанымен, бірқатар спорт түрлеріндегі негізгі финалдар кейінгі күндерге жоспарланған болатын.
2 қыркүйекте Қазақстан құрамасының медаль қоржынына алғашқы ірі олжа түсті. Сол күні отандастарымыз төрт алтын, бір күміс және бес қола медаль — барлығы 10 жүлде жеңіп алды. Қазақстандықтар аударыспақ, жамбы ату, алыш, мас-рестлинг, арқан тарту және жілік сындыру сайыстарында үздік нәтиже көрсетті.
3 қыркүйек Қазақстан құрамасы үшін ең нәтижелі күн болды. Спортшыларымыз бір күнде 24 медаль — 12 алтын, жеті күміс және бес қола жүлдеге ие болды. Жүлделерді аударыспақ, самбо, қырғыз күрес, құсбегілік, арқан тарту және армрестлингтен бақ сынаған спортшылар әкелді. Оның ішінде армрестлинг шеберлері бір күнде 12 медаль жеңіп алып, жалпы нәтиженің жартысына жуығын қамтамасыз етті.
4 қыркүйекте қазақстандық спортшылар тағы 21 медаль — тоғыз алтын, бес күміс және жеті қола жүлде еншіледі. Бұл күні дәстүрлі садақ ату, теңге ілу, қазақ күресі, арқан тарту, күш спорттары, ат жарысы және жамбы атудан медальдар сарапқа салынды. Осы нәтижеден кейін Қазақстан 55 медальмен жалпыкомандалық есепте көш бастады.
5 қыркүйек финалдардың саны жағынан салыстырмалы түрде тыныш өтті. Құрама қоржынына бір алтын, бір күміс және бір қола медаль қосылды. Алтын жорық ат марафонында, күміс жамбы атудан, қола ордо бойынша командалық жарыста бұйырды. Осылайша, жарыстың соңғы күні қарсаңында Қазақстанның еншісінде 58 медаль — 26 алтын, 14 күміс және 18 қола жүлде болды.
6 қыркүйекте, яғни жарыстың соңғы күнінде, Қазақстан құрамасы тағы 16 медаль жеңіп алды. Оның алтауы — алтын, алтауы — күміс және төртеуі — қола.
Соңғы күнгі жүлделердің басым бөлігі ұлттық зияткерлік ойындардан түсті. Тоғызқұмалақ пен мангала жарыстарында қазақстандықтар 11 медаль, оның ішінде алты алтын жүлде жеңіп алды. Сонымен қатар ұлттық құрамаларымыз көк бөрі мен көкпардан күміс медаль иеленді.
Осылайша, Қазақстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 74 медальмен — 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлдемен аяқтап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Екінші орынды Қырғызстан құрамасы иеленді. Қырғыз спортшылары 30 алтын, 35 күміс және 19 қола медаль, барлығы 84 жүлде жеңіп алды. Үшінші орын Ресей құрамасына бұйырды — 7 алтын, 8 күміс және 21 қола медаль. Төртінші орында Моңғолия — 5 алтын, 3 күміс және 13 қола жүлде. Үздік бестікті Өзбекстан қорытындылады — 4 алтын, 4 күміс және 11 қола медаль.
Айта кетейік, қорытынды медаль кестесінде командалардың орны ең алдымен алтын жүлделер санына қарай анықталды. Сондықтан Қазақстан жалпы медаль саны бойынша Қырғызстаннан аз жүлде алғанына қарамастан, алтын медаль саны жөнінен басым түсіп, көш бастады.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды ынталандыратынын мәлімдеді.