Тоқаев Көшпенділер ойындарында ел намысын қорғағандардың еңбегі еленетінін айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзге елдер басшыларымен бірге ашылу салтанатына қатысқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының барысын жіті бақылап отыр. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі — Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлім етті.

Тоқаев Көшпенділер ойындарын жіті бақылап отыр: спортшыларға сәлем жолдады
Фото: Ақорда

— Мемлекет басшысы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов арқылы Қазақстан атынан Ойынға қатысушыларға ізгі сәлемін жолдап, достық пен әділдік рухында өтіп жатқан жарыстарда жарқын жеңіс тіледі. Мемлекет басшысы бапкерлер мен чемпиондарға ризашылығын білдірді, сондай-ақ ұлттық құраманың ортақ табысына үлес қосқан барша азаматтың еңбегі еленетінін атап өтті, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, 31 тамыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты.

Ал бүгін Қазақстан құрамасы 300 шақырымдық ат жарысында үздік атанды.

Қазақстан Көшпенділер ойынында 25 алтын медальмен көш бастады.