2030 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінде 478 жоба іске қосылады – Ерсайын Нағаспаев
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2023 жылдан бері өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған 623 жоба іске қосылып, жаңа өнім түрлерін шығару жолға қойылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.
Оның айтуынша, іске қосылған өндірістердің қатарында локомотив бөлшектері, автокөлік компоненттері, тұрмыстық техника, құбырлар, құрылыс материалдары және өзге де өнім түрлері бар.
– Жаңа өндірістерді дамыту мақсатында 2023 жылдан бері өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған 623 жоба іске қосылды. Нәтижесінде елімізде бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлері шығарыла бастады. Атап айтқанда, локомотивтердің тірек балқалары, автобустардың қаптама элементтері, жүк техникасына арналған бөлшектер, автокөлік орындықтары мен мультимедиялық жүйелер, тұрмыстық техника, түзу құбырлар, терезе профильдері, фиброцемент тақталары, ламинат, жылыту радиаторлары және өзге де жаңа өнім түрлері өндіріле бастады, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Сонымен қатар 2030 жылға дейін тағы 478 жобаны іске қосу жоспарланған. Жаңа өндірістер аясында жаңартылатын энергия көздеріне арналған жабдықтар, химия өнеркәсібі және құрылыс саласына қажетті өнімдер шығару көзделіп отыр.
– Осы жобалар аясында жаңартылатын энергия көздеріне арналған трансформаторлар, бандаждар, престер, сутегі пероксиді, желатин мен пептон, сондай-ақ асфальт-бетонға арналған қоспалар сияқты жаңа өнім түрлерінің өндірісі игерілетін болады, – деп толықтырды министр.
Айта кетейік, елімізде өңдеу өнеркәсібінің өсімі 9,8%-ды құрады.