21 қазан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 21 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
Дүниежүзілік йод тапшылығы ауруларының алдын алу күні
Адамдарға ағзадағы йод тапшылығының қаупі туралы және йод тапшылығының алдын алу үшін йодталған тұзды тұтынуды насихаттау мақсатында бекітілді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1868 жылы Ақмола облысы құрылды. Оның құрамына Көкшетау, Атбасар және Ақмола уездері, сондай-ақ Омбы және Петропавл қалаларында тұрған Сібір казактары әскерлерінің І, V және VI полкы округтерінің учаскелері кірді.
1930 жылы еліміздегі екі ескі жоғары оқу орны – Алматы зооветеринарлық және Қазақ ауыл шаруашылығы институтының базасында Қазақ ұлттық аграрлық университеті құрылды. Жоғары оқу орны қызмет атқарған жылдары 100 мыңнан астам маман дайындалып, олар еліміздің аграрлық өндірісі мен ғылым және білім саласының дамуына өз үлестерін қосты.
1996 жылы Ташкентте түркі тілдес мемлекеттер басшыларының кездесуі өтті. Кездесу қорытындысына сәйкес, арнайы декларация қабылданды. Мемлекет басшылары Түркі мемлекеттері лидерлерінің кездесуі бойынша Хатшылық құруға шешім қабылдады.
1997 жылы мемлекеттік тәртіпті нығайту, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру, олардың билік пен қызметтік жағдайын теріс пайдалануына жол бермеу, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидаларын сақтауын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғары тәртіптік кеңесі құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші органның негізгі міндеті – тәртіптік теріс қылықтарға, оның ішінде билікті және қызметтік жағдайды теріс пайдалануға, қызметтік әдеп қағидаларын бұзуға жол берген мемлекеттік органдардың басшылық лауазымдағы адамдарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды мемлекет басшысының қарауына ұсыныс енгізу.
2004 жылы Павлодар облысы әкімдігінде «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ тыңайған жерлерді игерудің 50 жылдығына арнап басып шығарған «Тың жер: кеше, бүгін, ертең» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. Басылымға алғаш рет қазақстандық тың игерушілердің деректі айғақтары, фототүсірілімдер мен материалдар енген.
2009 жылы Астанада Қазақстанның тұңғыш жел атласының таныстырылымы өтті. Жел атласы – Қазақстан аумағындағы кез келген нүктедегі желдің жылдық орташа жылдамдығы жайында хабардар ететін интерактивті карта. Атласты жасаушылардың айтуынша, Қазақстан жерінің 50 мың шаршы шақырымы жел энергетикасын дамытуға қолайлы. Ал осы әлеует пайдаға жаратылатын болса, жылына 900 мың ГВт/сағ электр энергиясы алынады деп болжанды.
2011 жылы Қарағандыда қазақтың белгілі ғалымы, қоғам және мемлекет қайраткері Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш ашылды.
2011 жылы Алматыда Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің І Саммиті ашылды. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстанның басшылары қатысты. Саммит қорытындысында Алматы декларациясына қол қойылды.
2013 жылы Astana Opera мемлекеттік опера және балет театры италиялық композитор Джузеппе Вердидің «Аттила» операсының әлемдік премьерасы күні елордада театрдың әдеби-музыкалық бөлігі туралы фотоиллюстрациялары бар таңғажайып кітапты таныстырды. Басылым 2 мың дана таралыммен шықты. Ол шетелдік қонақтарға, әлемдік театр жетекшілеріне, опера өнерінің атақты адамдарына, сондай-ақ театр сыншыларына сыйға тартылды.
2015 жылы Шымкент қаласында «Қазына» этнотарихи кешені салтанатты түрде ашылды. Кешен 75 гектар жерді алып жатыр. Этносаябақтағы жаяу жүргіншілер аллеясының бойына өңірдегі 27 тарихи-сәулеттік ескерткіштердің макеттері қойылған. Кешеннің құрамында «Бәйдібек» ескерткіші, «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, «Салт-дәстүр және әдеп-ғұрып» орталығы, «Жайлаукөл» демалыс орны біріктіріліп, бірыңғай сәулеттік ансамбльді құрайды. Саябақтың ортасына диаметрі 21 метрлік түрлі-түсті субұрқақ салынып, оны айнала ротондалар орналасқан. «Жайлаукөлдің» айналасындағы демалыс аймағының көлемі 15 гектарды алып жатыр. Көл жағалауына 4 ротонда, қайық стансасы, автокөлік тұрағы салынып, киіз үйлерден тұратын қазақы ауыл орын алған. Осылайша бұл жер қала тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір заманауи демалыс орнына айналды.
2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Уәлихановтардың атадан мирас болып қалған мекені Қазақстанның киелі жерлері қатарына енгізілді. «Сырымбет» мекені 19 ғасырға тиесілі ағаш сәулетінің ескерткіші. Ол Сырымбет ауылынан үш шақырым қашықтықтағы көркем табиғатты қарағайлы төбешіктердің ортасында орналасқан. Тұтас ауылды дала желінен қорғап тұрады. Уәлихановтар үй-жайы сыртынан қарағанда 19 ғасырдағы орыс дворяндарының мекенін еске салады. Солай болатыны заңды да. Өйткені, үй-жай император бірінші Александрдың 1824 жылдың 30 сәуіріндегі бұйрығы бойынша, Уәли ханның жесірі, Абылай ханның келіні және Шоқанның әжесі Айғанымға арналып салынған. Сырымбетте бұл үйден басқа, мешіт, мектеп, диірмен, қызметшілерге арналған үй, монша және басқа да шаруашылық орындары бар.
2017 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында Тұманбай Молдағалиев пен Жамбыл Жабаевқа ескерткіш орнатылды. Тұманбай Молдағалиевтің ескерткіші Мәдениет үйінің алдындағы алаңға қойылды. Бюст қоладан жасалған, тұғыры – гранит. Жалпы биіктігі – метр. Эскиз жобасының авторы – Құрманғазы Қадыров, мүсінші – Алтай Бейсенов. Жамбыл Жабаевтың ескерткіші ақынның аты берілген жастар саябағында тұрғызылды. Бюст қоладан жасалған, тұғыры – мәрмәр. Жалпы биіктігі – 5 метр.
2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен «Ақорда» резиденциясында Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысы өтті. Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде ел азаматтарының тың тәсілдер мен тиімді шешімдер күтетінін, мұндай сәтте Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Президенттің айтуынша, Кеңес ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға байланысты аса күрделі мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
2021 жылы Жезді кентіндегі Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту тарихы мұражайында жиырма мыңыншы экспонат тіркелді. Олар ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ас үй ыдыстары - кебеже (сандық) болды, оны қолөнерші Жанбосын Текқұлұлы жасаған. Экспонатты шебердің немересі Шахмардан Жанбосынов мұражайға тапсырды.
2022 жылы Қазақстан Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялады. Мемлекет басшысы «Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңына қол қойды. Сол жылдың желтоқсан айында Қазақстан негізгі қызметі тұрақты дамуға жәрдемдесу және климаттың өзгеруінің салдарымен күресу үшін мүше елдердің жасыл саясатын ілгерілету болып табылатын GGGI халықаралық ұйымына кіру рәсімдерін аяқтады және ұйымның 45-ші мүшесі болды.