21 мамыр. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 21 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік диалог пен даму жолындағы мәдени әралуандық күні
2001 жылы UNESCO ұйымы Мәдени әралуандық жөніндегі Баршаға ортақ декларация қабылданды. Ал бір жылдан кейін БҰҰ Бас ассамблеясы Бүкілдүниежүзілік қарым-қатынас пен даму жолындағы мәдени әралуандылық күнін жариялады.
Бұл датаның басты мақсаты - адамдарға өз елінің ғана емес, өзге де халықтардың ұлттық мәдениеті қаншалықты әр алуан екенін түсінуге мүмкіндік беру. Осы арқылы салт-дәстүрлермен және ұлттық мұралармен алмасудың маңыздылығын түсіну.
Қазақстанда мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні
Бастапқыда Қазақстанда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні 1998 жылы бекітіліп, қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтіліп келді.
Бірақ 2013 жылы осы күнді 21 мамырға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл күн Президент жарлығына сәйкес мерекеленеді. Қазақстанның барша өнер, мәдениет қызметкерлері атап өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1940 жылы Қазақстанда Геологиялық зерттеулер институты құрылды. Институттың негізін қалаған әрі тұңғыш директоры Қаныш Сәтпаев. Қазіргі күні институт осы мекеменің негізін қалаған қазақтың әйгілі ғалымы, академик Қаныш Сәтпаев есімімен аталады.
1999 жылы қазақ ақыны Мұхтар Шахановқа халықаралық «Руханият» сыйлығы берілді.
1999 жылы Батыс Қазақстаннан Қара теңіз жағалауына дейін созылатын Каспий мұнай құбырын төсеу жұмыстары басталды.
2010 жылы ұлттық авторлар кітаптарын насихаттау және оқырмандарды тарту мақсатында «Бір ел - бір кітап» жобасының аясында Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы таңдалды.
2012 жылы Өзбекстанның Науаи облысы Нұрата елді мекенінде Әйтеке би кесенесі ашылды. Бұл кесене туыс әрі көрші екі халық – қазақ пен өзбек ұлтының бауырлас, достық ниетін аңғартатын тату қатынасының белгісі болып танылды.
2013 жылы Қазақстанда алғаш рет А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында IV саусақтың проксимальді фалангааралық буынын эндопротездеу бойынша ота жасалды.
2014 жылы Орыс тілі мен мәдениетін дамытуға, сондай-ақ шетелде отандастарды шоғырландыру ісіне қосқан зор үлесі үшін «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Ресей Федерациясы Үкіметінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Марапаттау рәсімі Шанхайда орыс тілді баспасөздің XVI дүниежүзілік конгресі аясында өтті.
2017 жылы «Барыс Аренада» Қазақстан хоккей тарихы залы ашылды. Онда Торонтодан алғаш рет әкелінген бірегей хоккей экспонаттары, соның ішінде 1987 жылғы Канада кубогы да бар.
2019 жылы Marche du Film атты Канн фестивалінде Almaty Film Festival және Almaty Film Commission стенді ұсынылған.
Оның жұмысы аясында қонақтар виртуалдық шынайылық көзілдірігімен Алматы және Алматы облысының барлық көрнекті жерлерін көріп, Қазақстан табиғатының сұлулығын тамашалады.
Marche du Film – әлемдік киноиндустрия саласындағы мамандардың ең ірі іскерлік халықаралық жиналысы. Оған жыл сайын бір уақытта шамамен 110 елден 15 мың қатысушы жиналады.
2022 жылы Көкшетау қаласындағы Медицина қызметкерлері аллеясында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен пандемияда кәсіби борышын өтеу кезінде мезгілсіз қаза тапқан медицина қызметкерлерінің құрметіне мемориалдық кешен ашылды.
2024 жылы Астанада күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге арналған ШЫҰ-ның ең маңызды форматтарының бірі - Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараны аша отырып, Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Қазақстан атынан және өз атынан Иран халқы мен басшылығына сол елдің президенті мен сыртқы істер министрінің қайғылы қазасына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев ел бастан кешірген қиын кезеңдерге қарамастан, Иран мен Беларусь өкілдері Астанадағы Сыртқы істер министрлері кеңесіне алғаш рет қатысып отырғанын атап өтті. ШЫҰ әлем халқының жартысына жуығы тұратын және әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігін және әлемдік сауданың 15%-ын құрайтын он еуразиялық мемлекетті біріктіреді. Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде Ұйымның әлеуетін одан әрі нығайту үшін бар күшін салды.
2024 жылы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ұйымдастырған отырыста «Пржевальский жылқысы» атауын ежелгі қазақ атаулары «Керқұлан» және «Кертағы» деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Отырысқа Зоология институты, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты және Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығы қатысты. Отырыс қорытындысы бойынша «Пржевальский жылқысы» – «Керқұлан» және «Кертағы» деген қазақ атаулары бар тиісті құжаттарға түзетулер енгізу туралы шешім қабылданды.
2024 жылы Түрікменстан астанасында Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетімен тығыз байланысты ұлы қазақ күйшісі және композиторы Құрманғазы Сағырбайұлына ескерткіш ашылды. Ескерткіш Түрікменстанның халық ақыны және философы Мағтымқұлы Пырағыға арналған Ашхабад саябақ кешенінде орнатылды. Саябақ Ашхабадтың оңтүстік шетінде, Копетдаг тауларының етегінде орналасқан. Салтанатты рәсім кезінде Мағтымқұлы ұлттық музыкалық-драма театрының директоры Меқан Жұмабаев Шабаз Иманәлиевтің «Құрманғазы» поэмасын оқыды, оған Құрманғазының ең танымал шығармаларының бірі «Адай» күйі қосылды, оны М.Кулиева атындағы Ұлттық консерваторияның оқытушысы және Түрікменстанның еңбек сіңірген әртісі Осман Гуджимов орындады.
2025 жылы Астанадағы Салтанат сарайында бір уақытта 25 қалыңдыққа арналған беташар өтті. Бұл тарихи оқиға ГИННЕС рекордтар кітабына енгізілді. ГИННЕС рекордтар кітабының ресми өкілі Әкежан Шыңғыс мұндай іс-шаралар бұрын-соңды Қазақстанда өткізілмегенін және беташарға қатысты ешқандай жазба тіркелмегенін атап өтті.
2025 жылы Қытай астанасында Қазақстанның халық әртісі, көрнекті композитор және дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Әлқисса-Нұрғиса» концерті өтті. «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі Бейжің тұрғындары мен қонақтарына Нұрғиса Тілендиевтің ең үздік шығармаларын ұсынды. Концерт «Ата толғауы» шығармасымен басталды. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева дирижерлік етті.