22 467 қызылордалық оқушыға жазғы лагерге жолдама беріледі
Сонымен қатар, 10 сыныпты бітірген 2145 оқушы жазғы еңбек бригадаларына 10 күндік жұмысқа тартылса, қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы 177 спорт алаңдарына және мектептердегі баскетбол, волейбол, футбол, шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ үйірмелеріне барлығы 7500 оқушы тартылады.
№ 3 мектеп-лицей жанындағы «Көгілдір желкен» аула клубы жаз бойы 300 балаға бос уақытын тиімді өткізуге септігін тигізеді.
2014 жылдың жаз маусымында 53 мектепте күндізгі тынығу лагерлері жұмыс жасап, оған 5000 бала қамтылады. Оның ішінде 13 мектеп жанында толық күнді жатын орындары бар лагерьлер ұйымдастырылса, 40 мектеп жанында бір мезгілді күндізгі лагерлер жұмысын бастады. Барлығы да ыстық тамақпен қамтылған.
Қызылорда облысынан тыс жерлерде орналасқан Алматы қаласындағы «Тау Жаңашыр», Шымкент қаласындағы «Таң нұры» лагерлерінде және Астана қаласына туристік саяхатқа 390 бала жіберіледі.
Маусым айында Жаңақорған ауданындағы «Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында» 65 бала демалса, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасының 75 оқушысы және кәсіподақ ұйымының демеушілігімен 150 мұғалім қызметкерлерінің балалары тамыз айында демалады.
Қалалық білім бөліміне қарасты «Сырдария» тынығу лагерінде жазғы маусымда 1050 оқушы, оның ішінде әлеуметттік жағдайы төмен отбасыларынан 387 бала демалады. Оған жалпыға міндетті оқу қоры есебінен 57 960 мың теңге қаржы бөлінді. 1 маусым күні 150 бала лагерге қабылданып, қазіргі кезді демалуда.
Мәжіліс барысында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тиісті сала басшыларына балалар мен жасөспірімдердің демалысын өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтуді, сондай-ақ мәдени, спорттық бағыттағы шараларды кеңінен өткізуді жүктеді.