22 сәуір. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 22 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
62 жыл бұрын (1963) ҚР Парламент Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Рахметоллаұлы ЕГІЗБАЕВ дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «агроном», Қазақ мемлекеттік заң академиясын «заңгер» мамандықтары және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1980 жылы Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысындағы Чапаев ауданы «Чапаев» кеңшарының құрылыс бөлімінің жұмысшысы болып бастады. 1980-1985 жылдары Орал облысы Чапаев ауданы «Чапаев» зауытында агроном, 1986-1987жылдары Қазақстан ЛКЖО Чапаев аудандық комитетінің екінші хатшысы, 1988-1990 жылдары Орал облысы Қазақстан ЛКЖО Жымпиты аудандық комитетінің бірінші хатшысы, 1990-1993 жылдары Орал облыстық Қазақстан Жастар Одағы идеологиялық бөлімінің меңгеруші-хатшысы, 1993 жылы Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан Жастар одағының бірінші хатшысы болды.1997-1998 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімдігінде бас инспектор, ұйымдастыру және кадр жұмысы департаменті директорының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. 2000-2001 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Ұйымдастыру және кадр жұмысы департаментінің бөлім басшысы болып жұмыс істеді. 2001-2007 жылдары ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесінде түрлі қызметтер атқарған. 2007-2016 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 2016-2017 жылдары ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі, 2017-2019 жылдары «Қазақстан» РТРК басқарма төрағасының өңірлік даму жөніндегі орынбасары, 2019-2021 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2021 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аппарат басшысы, 2021-2023 жылдары ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурызынан бастап атқарып келеді.
44 жыл бұрын (1981) Жетісу облысы Сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Даркен Нұржанұлы НҰРЖАНОВ дүниеге келді.

Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ Ұлттық Техникалық Университетін, Қазақ аграрлық университетін, Тараз мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы бойынша - полиграфия өндірісінің технологы, заңгер, сәулетші.
Еңбек жолын 2001 жылы Алматы қаласында «Қазақстанның жастар ақпарат қызметі» қоғамдық қорының нұсқаушысы болып бастаған.
Әр жылдары Қарасай ауданында учаскелік сәулетші, сәулетші, инженер, аға инженер, тұрғын үйлердің құрылысын бақылау секторының, жобалау геодезия бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Кейіннен Астана қаласында "ҚазҒЗСТҚСК" РМК қалақұрылысы жобалары бөлімінің маманы, Алматы облыстық құрылыс басқармасының бас маманы, Астана қаласында "Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, қадағалау, лицензиялау және аттестациялау департаменті» ММ Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының сарапшысы, ҚР Өңірлік даму министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында сарапшы, бас сарапшы, Алматы облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары, басшысы, Талғар ауданы әкімінің орынбасары, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарған.
Қазіргі лауазымын 2022 жылдың тамыз айынан бастап атқарып келеді.
ҚР құрметті сәулетшісі, Сәулетшілер одағының вице-президенті.
37 жыл бұрын (1988) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Дмитриевич КОЧЕТОВ дүниеге келді.

Целиноград (қазіргі Астана) қаласында туған. Қазақ гуманитарлық заң университетін, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолы: 2009-2013 жылдар аралығында «Жас Отан» ЖҚ және «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының түрлі құрылымдық бөлімшелерінде кеңесші, сарапшы, консультант болып жұмыс істеді. 2013-2014 жылдары «Цесна Корпорациясы» АҚ девелопментінде бөлімше басшысы. Әр жылдары жеке меншік коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеді. 2016 жылы «Қазконтент» АҚ Kaztube.kz видеопорталының жетекшісі болып тағайындалды. 2016-2017 жылдары ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Орталық коммуникациялар қызметінің директоры, 2017-2018 жылдары «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасы, 2018-2019 жылдары «Нұр Отан» партиясының Стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары қызметін атқарды. 2019-2020 жылдары «Рухани Жаңғыру» КЕАҚ қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының кеңесшісі, 2020-2022 жылдары «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының бас директоры болды.
Әр жылдары «Литер» қоғамдық-саяси газеті, «Капитал» іскерлік басылымы, «Власть» интернет-журналы, «Информбюро» ақпараттық-талдау порталында шолушы болып жұмыс істеді.
Қазіргі қызметін 2023 жылдың ақпанынан атқарып келеді.
97 жыл бұрын (1928-1990) актер, Қазақстанның халық әртісі Нұрмұхан ЖАНТӨРИН дүниеге келді.

Атырау облысының Махамбет ауданында туған. Ташкент театр өнері институтын бітірген.
1952-1967 жылдары және 1988 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ академиялық драма театрының сахнасында өнер көрсеткен. 1967-1988 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында актер болған. Актер көптеген спектакльдер мен фильмдерде ойнаған. Ол театрда С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» Шоқан, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында» Қодар (осы шығармалар бойынша қойылған фильмдерде де ойнаған), М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пен «Қарагөзінде» Кебек пен Сырым, Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ерінде» Доктор, М.Каорудың «Шығыстағы бір бейбағында» Синтаро, М.Булгаковтың «Жендеттерінде» Мольер, сондай-ақ, У.Шекспирдің «Оттелосы» мен «Макбетінде» Яго және Макбет (соңғысы Қарағанды облысы қазақ драма театрында), А.Пушкиннің «Шағын трагедияларында» Сальери, Барон және Дон Жуан рольдерін сомдап, үздік актерлік шеберлігін танытқан. 1948 жылдан киноға түсе бастаған. Кинодағы алғашқы рөлі «Аласталған Алитет» фильміндегі чукча жігіті - Туматуге. Жантөрин 80-ге жуық фильмге түссе, соның 30-дан астамында басты рөлде ойнаған. Олардың қатарында Ш.Уәлиханов («Оның уақыты келді»), Абылайханов («Атаманның ақыры»), Құрманғазы («Құрманғазы»), Сапар («Сапарқұдығы»), Шал («Көлеңкесін қуған шал»), Бейбарыс сұлтан («Сұлтан Бейбарыс»), т.б. бейнелері бар. Режиссер ретінде Цой Гук Инмен бірлесіп «Орман балладасы», Н.Жайнақовпен бірге «Медальдің үшінші жағы», «Қарамаржан» фильмдерін түсірген. Алматы қаласында Жантөрин атындағы көше бар.