22 сәуір. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 22 сәуірге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық Жер күні
Қоршаған ортаны қорғау ісіне бүкіл адамзатты біріктіру мақсатында өткізілетін халықаралық шара. 1990 жылдан бастап аталып өтеді. Бұл атаулы күн 1970 жылдан бастап АҚШ-та дәстүрлі түрде өтіп келе жатыр. Жер күнін бекіту туралы бастаманы америкалық саясаттанушы және қоғам белсендісі Гейлорд Нельсон көтерген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1971 жылы сол кездегі Қазақстанның астанасы Алматы қаласына бірінші рет Ту-154 әуе лайнері келіп қонды. Мәскеуден Алматыға дейінгі аралықтағы - 3 500 шақырымдық жолды лайнер не бәрі 3 сағат 45 минутта ұшып өткен.
1985 жылы Ақтөбеде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалдық мұражайы ашылды.
1997 жылы әкімшілік-аумақтық құрылымды оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Талдықорған және Торғай облыстары таратылды. Талдықорған облысы Алматы облысының құрамына кіріп, облыс орталығы Талдықорған қаласы болып бекітілді. Ал Торғай облысы Қостанай облысының құрамына енді.
1997 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары жүйесін одан әрі реформалау шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы күннен бастап Қазақстанда әскери полиция қызметі басталды.
2012 жылы Женевада Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бойынша жұмыс тобының 11-отырысы өтті. АҚШ, Қытай, Бразилия, ЕО, Сауд Арабиясы, Түркия, Мексика, Пәкістан, Жапония, Швейцария, Үндістан, Аргентина және т.б. мемлекеттер Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуын қолдады.
2016 жылы Ақтөбеде Мажарстанның консулдығы ашылды. Ашылу рәсіміне қатысқан Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Андраш Барани Ақтөбе облысына зор қызығушылық танытып отырғандығын айтты.
2018 жылы Бейжіңде Қытай ғалымдары мен студенттерінің қатысуымен қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай «Жалынмын мен - жанамын...» атты жиын өтті. Студенттер қазақ және қытай тілдерінде ақын өлеңдерін оқып, лингвист ғалымдар Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы, оның қазақ әдебиетіне және қазақ мәдениетінің шетелде мойындалуына ықпалы туралы ойларымен бөлісті.
2019 жылы И.Каримов атындағы Ташкент мемлекеттік техникалық университетінде атақты қазақ ғалымы, академик Қаныш Сәтбаевтың аудиториясы ашылды.
2020 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Адам құқығын қорғау ғылыми-зерттеу институты ашылды.
Институттың негізгі міндеті адам құқығы мен заң кәсібінің тәуелсіздігін қорғау және дамыту; заңнама реформаларына көмектесу; адам құқықтары мен олардың кәсіби тәуелсіздігін көтермелеу және қорғау ісінде заңгерлердің әлеуетін арттыру; сот төрелігінің сапасын жақсартуға және сот жүйесіне деген сенімді арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға жәрдемдесу.
2021 жылы Эверестің базалық лагеріне жетіп, 5364 шақырым биіктікті екі аяғынсыз бағындырған әлемдегі алғашқы әйел – Мария Әуезова өзі тұратын Астана қаласына келді. Әуежайда өзін күтіп тұрған делегацияны көрген Мария қуанышын жасырмады: «Мұны біз, қазақстандықтар жасағанымызға өте қуаныштымын! Егер мен кем дегенде бір адамға мотивация берсем, бұл мен үшін жеңіс. Мен қуаныштымын! Мен үйге оралғаныма қуаныштымын. Мен бақыттымын!» деді ол.
2021 жылы Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының базасында шығарылатын қазақстандық QazVac (QazCovid-in) вакцинасының бірінші партиясы жөнелтілді.
Қазақстандық вакцинаны жасау елімізге коронавирус инфекциясына қарсы жеке вакцина әзірлеген әлемдегі алғашқы бес елдің қатарына кіруге мүмкіндік берді. Отандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне енгізілген.
2023 жылы Алматыда Словакияның Құрметті консулдығы ашылды. Ресми салтанатты рәсімге Халық Радасының (Парламент) Төрағасы Борис Коллар бастаған Словакияның өкілетті парламенттік делегациясының мүшелері қатысты. Салтанатты шараға сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев, Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, сондай-ақ Словакияның Қазақстандағы Елшісі Роберт Кирнаг қатысты.
2024 жылы MNU Халықаралық журналистика мектебінде «Аль-Жазира апталығының» ашылу салтанаты өтті. Шараны ҚР Президенті Телерадиокешені мен Al Jazeera Media Network бірлесіп ұйымдастырды. Қатар телеарнасының мамандары МҰУ Халықаралық журналистика мектебінің студенттеріне жаңалықтар репортажы, деректер журналистикасы, мобильді журналистика, цифрлық әңгімелер және жаңалықтар жүргізушісі курстары сияқты тақырыптар бойынша 100 сағаттан астам теориялық және практикалық тренингтер өткізді.
2024 жылы Абай ауданында «Отбасылық Ормандар – Жасыл Аймақ» акциясы өтті. Шараға мыңға жуық адам, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, Семей қаласы мен Бородулиха ауданының мекемелері қатысты.