23 қыркүйек. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 23 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Күн мен түн теңелетін күн

Күзгі күн мен түннің теңелуі Солтүстік жарты шарда астрономиялық күздің және оңтүстікте көктемнің басталуын білдіреді. Дәл осы күні күн мен түннің ұзақтығы теңеседі. Күн барлық ендіктерде дәл шығыста шығып, батыста дәл батады. Полюстерде күн дискінің жартысы көкжиек бойымен шеңбер бойымен қозғалады.

Халықаралық ым-ишара тілдерінің күні

БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 қыркүйекті Халықаралық ым-ишара тілдерінің күні деп жариялады, өйткені бұл күні 1951 жылы Дүниежүзілік саңыраулар федерациясы құрылды. Ол – бүкіл әлемде естімейтін адамдардың құқықтарын қорғайтын және ұлттық саңыраулар қауымдастықтарының қызметін үйлестіретін халықаралық үкіметтік емес коммерциялық емес ұйым.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1935 жылы Қазақ АКСР Халық комиссарларының кеңесі Қазақ мемлекеттік көркем галереясын ұйымдастыру туралы Қаулы қабылдады. 1965 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесі галереяға жеке ғимарат бөлу туралы шешім қабылдады. 1976 жылы галереяның атауы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайы болып өзгертілді. 1984 жылы галереяға Қазақ КСР Халық суретшісі Ә. Қастеевтің есімі берілді.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Колумбия Республикасының арасында дипломатиялық қатынастар орнады. Колумбия Республикасы – Оңтүстік Американның солтүстік-батысындағы мемлекет. Ауданы – 1,14 млн км2. Астанасы – Богота қаласы. Мемлекеттік тілі – испан. Ақша бірлігі – колумбиялық песо.

1993 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары Орталық Азияда Экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойды.

1994 жылы Ақмола университетіне Сәкен Сейфуллин есімі берілді.

1998 жылы Алматыда танымал композитор Әсет Бейсеуовке ескерткіш орнатылды.

2003 жылы Астанада І Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер съезі басталды. Оның жұмысына ислам, христиан, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты. Съездің қатысушылары құрамының көрнекілігі мен жоғары деңгейі конфессияаралық форум өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасының жүзеге асуының даусыз табысына айналды. Діндер диалогі І Съездің тұжырымдамалық идеясы және дау-дамайды шешу тәсілі ретінде дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастардағы күш көрсету мен террор әдістеріне қарсы қойылды.

Съездің идеясын К. Аннан, Дж. Буш, М. Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н. Манделла, Ж. д'Эстен және әлемнің өзге де аса ықпалды саясаткерлері қолдады. Форум қорытындысы бойынша рухани көшбасшылар болашақтағы үйлесімді әлемнің негіздері ретінде адамзат үшін бейбітшілік пен өрлеуді қамтамасыз ету және барлық қоғамда тұрақтылықты сақтау бағытындағы бірлескен іс-әрекеттері туралы мәлімдеген декларация қабылдады. Ауқымды шараның табысы І Съездің дінаралық форумды әр үш жылда бір реттен кем емес тұрақты негізде өткізіп тұру туралы шешімінде бекітілді.

2005 жылы Ақтөбеде Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешені ашылды. Қоладан құйылған Әлияның бейнесі гранит тұғырға орнатылған. Ескерткіштің екі жағындағы гранит бедерлерге сақ дәуірінен бастап қазіргі кезеңге дейінгі қазақ тарихы бейнеленген. Мемориал авторлары – белгілі мүсіншілер Бақытжан Әбішев пен Ескен Сергебаев.

2009 жылы Шығыс Қазақстанның Жарма ауданындағы Қалбатау ауылында Ер Жәнібек батырдың мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды. Кешен қолындағы найзасымен бейнеленген батырдың алты метрлік қола ескерткішінен тұрады. Оның екі жағында екі қасқыр тұрса, ал арқа жағында биіктігі 45 метрлік стелла бар. Ескерткіштен 30 метрдей жерде Ер Жәнібектің кесенесі орнатылған. Ер Жәнібек, Жәнібек Бердәулетұлы (1714-1792) – жоңғар шапқыншылығы кезінде ерекше көзге түскен батыр, шешен. Ол үш жүздің хандары Әбілмәмбет және Абылай (Әбілмансұр) кезінде жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда қазақ қолының сардарлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Уақ Өтеген және Орақбай, Малайсары қатарлы батырлармен тізе қоса отырып, «Құба Қалмақ» аталған жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда күрескен қолбасы, әйгілі шешен, әділ би әрі сол кездегі тұтас Абақ Керейдің ел иесі болған.

2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында алғаш рет жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізімі құрылып, бекітілді.

2011 жылы ҚР Ұлттық банкі 500 теңгелік «Есік көсемі» және 50 теңгелік «Өскемен» ескерткіш монеталары айналымға шығарды. «Есік көсемі» монетасы 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 31,1 грамм, сипатталған шеңбердің диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – «proоf», таралымы – 5 мың дана. «Өскемен» ескерткіш монетасы – «Қазақстанның қалалары» монеталар сериясындағы екінші монета.

2012 жылы Майнинген қаласының (Германия) мемлекеттік театрында «Абай» операсының неміс тіліндегі премьерасы өтті.

2013 жылы белгілі ресейлік жазушы Геннадий Васильев «Хан Бөкей» тарихи романын жазып шықты. Кітапта қазақ ханы Бөкейдің тағдырындағы Астрахань губерниясының рөлі, 1801 жылы көктемде император Павел I соңғы жарлығы бойынша Еділ мен Жайық өзендерінің арасына Кіші жүз қазақтарының қоныс аударуы туралы баяндалады.

2014 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің «Алманың отаны» және «Халықаралық ғарыш стансасы» монеталары халықаралық сегізінші «Монета шоқжұлдыздары-2014» (COINS-2014) монета байқауының жеңімпаздары атанды.

2016 жылы Алматыдағы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Кино территориясы» клубында үздік балалар рөлі үшін «КиноМалышок-2016» сыйлығы жас актер Амангелді Құсайыновқа («Үзілмеген үміт» фильмі) берілді. Фильмдегі басты рөлдерді Алматы және Алматы облысы балалар үйінің тәрбиеленушілері, сонымен қатар Оңтүстік Кореяның балалары сомдады. Картинаның негізгі түсіру жұмыстары Шығыс Қазақстан облысында өткен. Фильмнің музыкасын еліміздің танымал композиторы Қуат Шілдебаев жазған. Ал, фильмге музыка жазу барысында Батырхан Шүкеновтің саксофонмен орындаған импровизациясы негіз болған.

2019 жылы Ұлы Даланың бірнеше мыңжылдық тарихынан сыр шертетін «Ұлы Дала Тарихы» кітабы Прагадағы «Card Couture Award-2019» фестивалінде ең жоғары наградаға ие болды. Бұл — жыл сайын жеті аталым бойынша берілетін Еуропадағы ең беделді, үздік марапаттардың бірі.

2020 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқанд қаласында (Өзбекстан Республикасы) Қазақстанның Бас консулдығын ашу туралы Жарлыққа қол қойды.

2020 жылы Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды. Қорды құру өңдеуші өнеркәсіптің отандық кәсіпорындарын мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуге мүмкіндік береді. Қор отандық кәсіпорындарды 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталады.

2021 жылы Түркияда Ыстанбұл қаласында «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» атты қазақтардың Кіші құрылтайы өтіп, оның аясында шетелдегі қазақ диаспорасының ең қызықты мәселелері бойынша нәтижелі пікір алмасу болды.

Қазақтардың Кіші құрылтайының жұмысына Түркия мен Еуропа елдерінен 100-ден астам қазақ қауымдастығының өкілдері, Қазақстанның мәдени мекемелері мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Шара нәтижесінде Қазақстан тарапы Кіші Құрылтайға қатысушыларға мәдениет, қазақ халқының тарихы, Қазақстанның қазіргі өмірі туралы әдебиеттерді сыйға тартты.

2021 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Әлем тағы» атты бірегей көрменің салтанатты тұсаукесері өтті. Елордалық мұражайда алғаш рет атақты пацифист суретші Гонсало Мабунданың (Мозамбик) «Тақ» және «Маска» түпнұсқа мүсіндері ұсынылды. Ерекше мүсіндердің бірегейлігі олардың істен шыққан қарулардан және оның сынықтарынан жасалғандығында. Суретшінің шығармалары соғысты еске түсіретін заттардан құралғанымен, адамзатты бейбітшілік пен келісімге шақырады.

2021 жылы Астанада қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жаңғыртуға арналған «Jas nomad» жобасы іске қосылды, оған 14 пен 29 жас аралығындағы барлық жастар қатыса алады.

2022 жылы атыраулық археологтер тарихи-мәдени маңызы жағынан бірегей жаңалық ашты – олар ішінде керуен сарайы бар елді мекенді анықтады. Ол кездейсоқ табылған. Олар қазуға кіріскенде, бұл Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне қоныс екенін түсінеді. Археологтер сонымен қатар, аумағы 30х40 метр болатын керуен сарайын да тапты. Қоныс жеті хан жерленген атақты Сарайшық қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан.

2022 жылы қазақстандық Евгений Федоров Вуллонгонг қаласында (Аустралия) велоспорттан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ол топтық жарыста үздік атанды (169,8 шақырым).

2023 жылы Алматыда Қазақстанның офтальмологиялық қызметінің өзекті мәселелеріне арналған «Офтальмологиядағы дәстүрлер мен инновациялар» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара тарихымен, қоғамға сіңірген еңбегімен мақтанатын Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының 90 жылдығына арналып отыр. Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты – ересектер мен балалардың көз ауруларын емдеу және консультация беретін еліміздегі ең көне медициналық мекемелердің бірі. Міне, 90 жыл бойы Қазақстанның академиялық элитасы отандық медицина флагманының биік белестерін ұстап келеді.

2023 жылы Таразда Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Қырғызстан Республикасы Министрлер Кабинетінің төрағасы - президент әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаровтың қатысуымен Қазақстан-Қырғызстан Үкіметаралық кеңесінің 11-ші отырысы өтті. Шектеулі және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Екі мемлекет басшыларының күш-жігерінің арқасында соңғы жылдары қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі жоғары серпінге ие болды.

Соңғы жаңалықтар