25-30 млн теңге және пәтер: Астана әкімі Паралимпиада жүлдегерлерін құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM - Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Паралимпиада ойындарында ел қоржынына медаль салған спортшылармен кездескені туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

30 млн теңге және пәтер: Астана әкімі Паралимпиада ойындарының жүлдегерлерін құттықтады
Фото: Астана әкімдігі

«Паралимпиада ойындарының елордалық жүлдегерлерімен кездестім. Ақмарал Науатбек елімізге көптен күткен жеңіс сыйлады. Ол пара дзюдодан әлем чемпионы атанған және Паралимпиада алтынын жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы ретінде ел тарихына енді. Әлем алдында көк туымызды желбіреткен тағы бір елордалық спортшы – Ерғали Шамей. Ерғали күміс медаль жеңіп алды. Олардың жеңісінің артында тоқтаусыз жаттығулар, темірдей тәртіп, шыдамдылық, жақындарының, бапкерлерінің қолдауы, өзіне деген сенім жатыр», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Өз кезегінде қала әкімі Ақмарал Науатбекке 3 бөлмелі пәтердің сертификатын және 30 млн теңге ақшалай сыйақы, ал оның жаттықтырушысы Айдын Анапинге 10 млн теңге табыс етті. 

Науатбек
Фото: Астана әкімдігі

Ал, Ерғали Шамейге 2 бөлмелі пәтердің сертификаты мен 25 млн теңге ақшалай сыйақы, ал оның жаттықтырушысы Дәурен Оразовқа 7 млн теңге табыс етілді. Ақшалай сыйақы демеушілер тарапынан берілді. 

Ерғали
Фото: Астана әкімдігі

Әңгіме арасында Жеңіс Қасымбек спортшыларға қолдау көрсетуді ары қарай да жалғастыратынын, сонымен қатар қаланың спорттық инфрақұрылымын жақсартып, бұқаралық спортпен шұғылдану үшін, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептеріне тиісті жағдай жасайтынын атап өтті. 

қабылдау
Фото: Астана әкімдігі

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан дзюдошылары Тәжікстандағы әлем чемпионатында бақ сынайтынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар