25 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 25 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

74 жыл бұрын (1949) қазақстандық педагог, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің бұрынғы ректоры Жексенбек Мәкейұлы ӘДІЛОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтының инженерлік-құрылыс факультетін (үздік) және Мәскеу инженерлік-құрылыс институтының аспирантурасының күндізгі бөлімін бітірді.

Ғылыми-педагогикалық еңбек жолын Қазақ политехникалық институтында бастады. Аспирантураны бітіргеннен кейін Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясында жұмыс істей отырып, ассистенттен профессорға дейінгі еңбек жолынан өтті. 1986-1990 жылдары құрылыс факультетінің деканы болып қызмет істеді. 1990-2000 жылдары «Құрылыстағы менеджмент» кафедрасы мен «Құрылыстағы менеджмент және бизнес» факультеттерін бір уақытта басқара отырып, мамандар даярлауда бизнес-білім және инженерлік даярлыққа ықпалдастықтың жаңа бағыттағы бастаушысы мен ұйымдастырушысы болды.

2000 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік жанында «Мемлекеттік қызметкерлерге ұлттық оқыту орталығын құру» жобасы бойынша Дүниежүзілік банктің ұлттық кеңесшісі және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясында курс жетекшісі ретінде жұмысқа шақырылды. 2001-2004 жылдары - ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мемлекеттік қадағалау және ақпараттану департаментінің директоры. 2004-2008 жылдары - Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры. 2008-2015 жылдары Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры қызметін атқарды.

«Құрмет» орденімен, ҚР Президентінің үш алғыс хатымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «ҚР Құрметті білім қызметкері», «Ы. Алтынсарин», «Шығыс Қазақстан халықтарының тарихи, мәдени және рухани мұрасын дамытуға қосқан үлесі үшін», «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» және тағы да басқа көптеген белгілермен марапатталған. Сонымен қатар шетел мемлекеттерінің ордендерімен және медальдарымен марапатталған.

«Нұр-Отан» ХДП мүшесі, Туссон қаласының (АҚШ) құрметті азаматы.

69 жыл бұрын (1954) «Тұран» университетінің проректоры, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Қуаныш Әмірқұлұлы ТАЗАБЕКОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, экономист.

1972 жылы - құрылыс жұмысшысы. 1979-1992 жылдары - Алматы халық шаруашылығы институтында оқытушы, аспирант, аға оқытушы, доцент. 1992-1994 жылдары - осы институттың бизнес және менеджмент факультетінің деканы.

Қазіргі қызметін 1994 жылдан бері атқарып келеді.

40-тан астам ғылыми жарияланымдардың авторы.

62 жыл бұрын (1961) «Адамның үйлесімді дамуы Ұлттық институты» КеАҚ директоры Есенғазы Нұртөлеуұлы ИМАНҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Семей облысында туған. 1984 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (инженер), 1991 жылы Ленинград мемлекеттік университетін (психолог) бітірген.

Еңбек жолы: 1984-1992 жылдары Балқаш кен-металлургия техникумында оқытушы, циклдік комиссия меңгерушісі, аға оқытушы, директордың орынбасары. 1992-2001 жылдары - Балқаш қаласындағы кәсіптік-техникалық лицейдің директоры. 2001-2008 жылдары - Қарағанды облыстық білім департаментінің директоры. 2008-2013 жылдары Қарағанды облыстық білім басқармасының бастығы. 2013-2016 жылдары ҚР Білім және ғылым вице-министрі. 2017-2020 жылдары Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы. 2020-2022 жылдары - ҚР БҒМ Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы.

Қазіргі қызметінде 2012 жылдан бері.

«Ерен еңбегі үшін», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарімен марапатталған.

63 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Баймолдаұлы ОНЖАНОВ дүниеге келді.

Жетісу (бұрынғы Талдықорған) облысында туған. Германистика мамандығы бойынша Гумбольдт атындағы Берлин Университетінің филология факультетін бітірген, филология ғылымдарының кандидаты.

1983-1986 жылдары - Алматы қаласында филология доценті. 1986-1992 жылдары - Мәскеу қаласында ғылыми қызмет. 1992-1994 жылдары - ҚР Баспа және бұқаралық ақпарат министрлігінің бөлім бастығы және министрдің кеңесшісі. 1994-1996 жылдары - ҚР Президентінің Аппараты, Халықаралық бөлімінің аға референті. 1996-1997 жылдары - ҚР Аустрия Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кейін кеңесшісі. 1997-2001 жылдары - ҚР Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі. 2001-2002 жылдары - ҚР Сыртқы істер министрлігі, Экономикалық саясат департаментінің директоры. 2002-2003 жылдары - ҚР Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы. 2003-2004 жылдары - ҚР Сыртқы істер вице-министрі, ТМД істері комитетінің төрағасы, «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымы қызметінің мәселелері жөніндегі ҚР Ұлттық үйлестірушісі. 2004-2007 жылдары - ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары. 2007-2008 жылдары - ҚР Президентінің көмекшісі. 2008-2014 жылдары - ҚР Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі және Дания Корольдігіндегі Елші міндетін қоса атқарушы. 2014-2019 жылдары - ҚР Президентінің көмекшісі. 2019-2022 жылдары - ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы.

Қазіргі қызметінде 2022 жылдың маусымынан.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

46 жыл бұрын (1977) Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Бекен Сағындықұлы САРЖАН дүниеге келді.

Арқалық педагогикалық институтын (физика, информатика, есептеу техникасы мұғалімі), Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін (қаржы) бітірген.

Еңбек жолы: 1999-2000 жылдары - Ақтөбе облысы Ойыл ауданына қарасты Ойыл ауылындағы №2 өндірістік-техникалық лицейде оқыту шебері, 2000-2006 жылдары - Ақтөбе облысы Ойыл ауданының қазынашылық бөлімінде бағдарлама жасақтау маманы, қазынашы, жетекші қазынашы, бас маман - бас қазынашы, 2006-2008 жылдары - Ақтөбе облысы Ойыл аудандық білім беру бөлімінде бас маман, кейін басшы орынбасары. 2008 жылы - Астана қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы, 2009-2020 жылдары - Астана қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім жетекшісі.

Қазіргі қызметін 2020 жылдың маусым айынан бері атқарып келеді.

138 жыл бұрын (1885-1935) қазақ ақыны, жазушы, ағартушы-педагог, Алаш орда үкіметінің белді басшыларының бірі Міржақып ДУЛАТҰЛЫ дүниеге келді.

Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Екі жасында шешеден, он екі жасында әкеден жетім қалған жасөспірімнің кейінгі тәрбие қамқорлығы Асқар дейтін оқыған ағасының жауапкершілігінде болды.

Торғай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне түседі де, бес жыл оқып, ауыл мұғалімі деген куәлік алып шығады. Алты-жеті жыл бойы ел ішінде, ауыл мектептерінде бала оқытады. 1904 жылы Омбы қаласына аттанып, өзінің болашақ ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен кездеседі. Оған еріп Қарқаралыға барып, ондағы ұлттық демократиялық қозғалысқа белсене араласады. Сол жердегі зиялы топтың өкілі ретінде қазақ конституциялық демократиялық партиясының Оралдағы съезіне қатысады, соның делегаттары қатарында 1906 жылы Петерборға барады.

1907 жылы Петерборда жалғыз нөмірі ғана шыққан «Серке» газетінде «Жастарға» деген өлеңі басылды. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1909 жылы Қазан қаласында «Оян, қазақ!» деген атпен басылып шығады. Қызылжарда сот кеңесінде тілмаштық қызмет атқарып, мұғалімдік қызметін де жалғастырады. Қазақ балаларына орыс тілінен дәріс береді. Сол кезде одан біраз уақыт Мағжан да дәріс алады.

1910 жылы Қазандағы Кәрімовтер баспасынан «Бақытсыз Жамал» романы жарық көреді. А. Байтұрсыновпен бірге қыр өлкесінің ағартушылық-демократиялық бағыттағы тұңғыш бейресми басылымы «Қазақ» газетінің негізін қалайды.

Алаш басшыларымен бірге жаңа құрылыс жағына шығып, қалған өмірін түгелдей туған халқының мәдениетін көркейту мақсатына арнауды көздеген ол аз уақыт «Ақ жол» газетінің редакциясында, одан кейін Семей облысының сот органдарында қызмет атқарған.

«Балқия» атты төрт перделі пьеса жазды. 1924 жылы Орынборда екі жылдық «Қирағат кітабы» (хрестоматиялық оқулық), Қызылордада «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көрді. Кеңес үкіметі кезінде екі рет қуғын сүргінге ұшырап, тұтқындалған. 1935 жылы ауыр науқастан қайтыс болған. 1988 жылы ақталған.

Міржақып Дулатұлының атында көшелер, мектептер, туған жерінде мұражай бар және ескерткіш орнатылған.

ҚПЛ: «Ұлытау» өз алаңында «Елімайдан» басым түсті
Ұқсас жаңалықтар

ҚПЛ: «Ұлытау» өз алаңында «Елімайдан» басым түсті