26 мың адам: Қай санаттағы адамдар арнаулы әлеуметтік көмек ала алады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген 26,1 мың жұмыскерге арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша төлем алушыларға 24 млрд теңгеден астам қаражат төленген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 3,7 мың адамға көп.
Арнаулы әлеуметтік төлем заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келетін азаматтарға тағайындалады. Бұл қолдау шарасы жұмыскерлерге зиянды еңбек жағдайларындағы қызметін тоқтатуға немесе еңбек табысын сақтай отырып, қауіпсіз еңбек жағдайларындағы жұмысқа ауысуға мүмкіндік береді.
– Арнаулы әлеуметтік төлем бірнеше қаржыландыру көзі есебінен жүзеге асырылады. Оның құрамына арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы, сақтандыру төлемдері, жұмыс берушілердің қаражаты, сондай-ақ міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған төлемдер кіреді, – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік бұл қолдау шарасы өндірістегі зиянды еңбек жағдайларында ұзақ жыл еңбек еткен азаматтарды қосымша әлеуметтік қорғауға бағытталғанын атап өтті.
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру және еңбек қауіпсіздігі жүйесін дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырады, – деп мәлімдеді ведомство.
Айта кетейік, Астанада зейнетақы мен жәрдемақыны рәсімдеу жеңілдеді.