27 желтоқсан. Туған күн иелері
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 27 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген. 1931-1942 жылдары Қазақ педагогикалық институтының оқытушысы, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, Қазақтың ұлттық мәдениетін зерттеу институтының директоры, ғылыми хатшысы, КСРО Ғылым академиясы Қазақстан филиалының тіл және әдебиет секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1942-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты. Сол жылдарда қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, жауынгерлер арасында саяси-тәрбие жұмыстарын жүргiзді. Кеңес Одағының батырлары жөнiнде ақпараттар жариялап, қазақ тiлiнде «Қызыл армия үгiтшiсi блокнотының» жауапты редакторы болды. 1946 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының бөлім меңгерушісі болып істеді. Ғалым жалпы тіл білімі мен қазақ тіл білімінің теориялық негізін қалыптастыруда А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов бастаған ғылыми жұмыстарды ілгері жалғастырды. Ол жазған қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламалары ана тілін оқытуды ғылыми жолға қоюға елеулі ықпал етті. Сонымен қатар халық ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап, әдеби тіл тарихын зерттеумен айналысты. «Қазақ диалектологиясының негізгі мәселелері» атты докторлық диссертациясында қазақтың әдеби тілі мен қазақ тілінің диалектілік негізін, оның қалыптасу тарихын, дамуын жан-жақты зерттеді, диалектілердің түркі тілдермен жақындығын, ру - тайпа - халық тілінің байланысын, даму жүйесін анықтады. Оның бұл еңбегі қазақ диалектологиясының, тіл білімінің бір саласы болып қалыптасуына негіз болды. Жалпы тіл біліміндегі синтаксис мәселелерін: сөйлемге берілген анықтамаларды, сөйлем мүшелерінің табиғатын, сөйлеудің синтаксистік құрылымын, сөйлеу мен ойлау арасындағы қарым-қатынасты зерттеді. Ол сөз таптарының сөйлем мүшесі болу шарттары, сөйлемнің элементтері мен дәнекерлері, интонация, оқшау сөздер, шақ пен жаққа қатысты синтаксистік категориялар, құрмалас сөйлемнің пайда болу жолдары, үйірлі мүше жайында тың қорытындылар жасады. Құрмалас сөйлемнің «аралас құрмалас» деген түрін енгізді.
С.Аманжолов қазақ тiлi мен тарихы жөнiнде бiрқатар оқу құралдарын жасады, қазақ жазуын реформалау жобасының авторы болды. Оны аса қызықтырған тағы бір мәселе - Қазақстан жерiндегi тау-тастарға жазылған көне жазулар мен ру таңбалары еді. Оның 200-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрді.
Ғалым алғашқылардың бiрi болып қазақ мақалдары мен жұмбақтарын, «Бөгенбай батыр» жинағын шығарды. Сондай-ақ, қазақ тiлiнiң академиялық түсiндiрме сөздiгiн, қазақ тiлiнiң қазақша-орысша сөздiгiн жасауға басшылық еттi. 1939-1940 жылдары профессордың жетекшiлiк етуiмен қазақ әдебиетiнiң классигi Абай Құнанбаевтың толық шығармалар жинағы басылып шықты.

Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтын, Ленинградтың Тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақ педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, Жамбыл педагогикалық училищесінің оқытушысы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторы, бас редакторының орынбасары, директоры, Қазақстан Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және тіл институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, Қазақ совет энциклопедиясының бас редакторы болған. 1988 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының бас кеңесшісі болып істеген.
Оның алғашқы күрделі еңбегі - Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы туралы мақаласы. Әдеби жұртшылық арасында үлкен айтыс туғызған бұл поэманың көркемдік-идеялық құны туралы дұрыс талдау жасады. Ғабит Мүсіреповтің «Шұғыла» повесі туралы да оның сол кездегі мақаласы жұртшылық назарын аударды. Мұхамеджан Қаратаев тұтас алғанда қазақ әдебиетінің түрлі мәселелерін қамтыған жеті жүзден астам мақаланың, қырықтан аса кітаптың авторы. Ғалым еңбектерінің негізгі арқауы - қазақ әдебиетінің тарихи жолы мен өсу сатылары, туған елдің топырағынан жаралып, ана сүтімен енген ұлттық дәстүр, оның жаңа сапада қалыптасуы, түр мен мазмұнның біте қайнасып, шеберліктің шыңдалуы. Сонымен қатар көркем әдебиеттің эстетикалық мұраты жөнінде де толымды пікірлер айтты. Көркем шығармашылықпен де шұғылданды. Оның «Даладағы дабыл» атты көркем публицистикалық романы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Ол көркем аударма саласына да елеулі еңбек сіңірді. М.Горькийдің «Менің университетім», М.Шолоховтың «Тынық Дон» романының 3 кітабын қазақ тіліне тәржімалады. Сондай-ақ көркем аударма теориясын дамытуға қызу ат салысып, қазақ әдебиетін орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне аударудың негізгі мәселелері жайында сүбелі еңбектер жазды. Көптеген оқулықтардың авторы, хрестоматиялардың құрастырушысы. 6 томдық Қазақ әдебиеті тарихының үш томының, орыс тілінде шыққан Қазақ әдебиеті тарихының кеңестік дәуіріне арналған томының бас редакторы және негізгі авторларының бірі.
Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Халықаралық әдебиет сыншылары қауымдастығының мүшесі, екі мәрте Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында 2010 жылдың қыркүйек айында белгілі публицист, әдебиет сыншысы, жазушы Мұхамеджан Қаратаевтың туғанына 100 жыл толу мерейтойы атап өтілді.

Павлодар облысының Май ауданында туған. Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Семей облысы Бесқарағай ауданындық атқару комитетінің хатшысы, Семей облыстық қазақ драма театрының, Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының, Қазақ академиялық драма театрының актеры болған. Осы театрлар сахнасында Бидахмет (І.Жансүгіров «Кек»), Арыстан, Есен (М.Әуезов «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек»), Әбіш (Б.Майлин «Шұға»), Ақан (Ғ.Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты»), Сырым (М.Әуезов «Қарагөз»), Айдар (М.Әуезов, Л.Соболев «Абай»), Махамбет (Ғ.Сланов «Махамбет»), Сапар (Т.Ахтанов «Сәуле»), Әлжанов (А.Жағанов «Беймаза әйел»), Дзержинский (А.Каплер «Ленин 1918 жылы»), Әпенде (Н.Хикмет «Әпенде»), Моцарт (А.Пушкин «Шағын трагедиялар»), Телегин (А.Чехов «Сүйікті менің апатайым») рөлдерін ойнаған. Ақындық өнермен айналысып, көптеген өлеңдер жазған. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. Актер киноға да түсіп, Рүстемов («Бұл Шұғылада болған еді»), Сапаров («Біз осында тұрамыз»), Баймағанбет («Шоқан Уәлиханов»), Профессор («Ұлан»), Ректор («Қосымша сауда»), Төле би («Жаушы») рөлдерін ойнаған. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Павлодар облысы Баянауыл ауданы Баянауыл кентінде туған. Қарағанды тау-кен техникумын, Днепропетровск тау-кен институтын бітірген.
Еңбек жолын «Прибалхашстрой» тресінің Өспен руднигінде моторист болып бастаған. 1939-1948 жылдары - Қарағанды көмір бассейндерінде учаске бастығы, бас инженер, шахта бастығы, техникалық бөлімінің меңгерушісі. 1948-1951 жылдары - Қарағанды ауданы мемлекеттік қалалық техникалық қадағалау басқармасының бастығы, «Қарағандыкөмір разрездері» тресінің бас инженері. 1951-1955 жылдары - Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу көмір институты Қарағанды филиалының директоры. 1955-1958 жылдары - Қарағанды тау-кен институтының ректоры. 1958-1987 жылдары - Қарағанды политехника институтының ректоры, кафедра меңгерушісі. 1987-1991 жылдары - Қарағанды политехника институты ректорының кеңесшісі. 1991-2001 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Жер қойнауын кешенді игеру мәселелері институтының директоры. 2001-2006 жылдары Қарағанды бизнес, басқару және құқық университетінің президенті қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері көмір қабаттарын қолайлы жүйелермен өндіруге, тау-кен техникасын кемелдендіруге, жер асты құрылыстарының беріктігін зерттеуге, шахта алаңдарын аршу және дайындау сұлбаларын жетілдіруге арналған. Пайдалы қазбалар орындарын игерудің кешенді механизациясы мен технологиясы ғылыми мектебінің негізін қалаған. Әбілқас Сағыновтың басшылығымен және тікелей қатысуымен Қарағанды көмір бассейнінде алғаш рет кертпешті және үшқабатты қазу, күкіртті газы бар қаттарды қазудың технологиясы, массивті физикалық-химиялық беріктеу, тағы басқа бойынша кешенді тәжірибелік жұмыстар мен өндірістік сынақтар жасалған. «Көмір өндірудің технологиялық есебі процестері» (тең авторлы), «Көмір шахталарының технологиялық схемаларын біріктіру» (тең авторлы), «Қарағанды бассейнінің көмір қабатын әзірлеу мәселелері», «Пластикалық карьер конвейерлерінің есебі және жобалау негіздері» (тең авторлы), «Мәшиненің соғу органдарының гидроимпульсті жүйесін құрудың теориялық негіздері» (тең авторлы), «Механикалық ұстамдарды жетілдіру және дамыту жолдары» (тең авторлы), «Өткен белестер туралы» еңбектері мен 300-ден астам ғылыми жарияланымның авторы, оның ішінде монографиялар, авторлық куәліктер мен патенттер бар. Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, екі мәрте Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Парасат» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.

Целиноград облысы, Ерейментау қаласында туып, Ақмола мемлекеттік педагогикалық университетін тәмамдаған, мамандығы – тарих және әлеуметтік педагогика (1995).
Еңбек жолы: Ерейментау аудандық Еңбек сегізжылдық мектебінде тарих пәнінің мұғалімі (1989), Ақмола педагогикалық университетінде күндізгі бөлімдегі оқу (1995-1999), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқытушы, археология және этнология кафедрасының аға оқытушысы, тарих және халықаралық қатынастар факультетінде декан орынбасары (1999-2002), Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы «Саяси технологиялар» кафедрасының меңгерушісі (2002-2004), Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілік секторында бас сарапшы, бас инспектор, әкімшілік секторының жетекшісі (2004-2008), «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент Мұражайы» мемлекеттік мекемесінің директор орынбасары (2008-2016), «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент – Елбасы Кітапханасы» мемлекеттік мекемесі ұйымдастыру жұмыстары қызметінің басшысы (01.2017-05.2017).
Қазіргі қызметінде 2017 жылдың мамыр айынан.
«Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медальдарымен марапатталған.