27 желтоқсанда республика бойынша қай жолдарда қозғалыс шектелді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады.
Ұлттық компанияның мәліметінше, 2025 жылғы 27 желтоқсан сағат 05:30–дан бастап Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар «Өскемен — Алтай — Үлкен Нарын — Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 166-250-шақырым аралығында (Алтай қаласы — Үлкен Нарын ауылы) көліктің барлық түрі үшін қозғалыс ашылды.
Шектеу
Ал тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен — Алтай — Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы — Серебрянск қаласы) учаскесінде қыс аяқталғанша сақталады.
Ал Павлодар облысында «Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолындағы жолайрықтың көпір құрылымының шеткі арқалықтары зақымдануына байланысты «Қалқаман» жолайрығы учаскесі жабылды. Атап айтқанда, Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығатын жол уақытша жабық.
Еске салайық, синоптиктер 27 желтоқсанда Қазақстанның 17 облысында ауа райына байланысты ескерту жариялаған еді.