28 100 АҚШ долларын алып өтпек болған ақтаулық 18 мың долларынан айырылып қалды

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Ауежай-Ақтау» кеден бекетінің қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, «Ақтау — Тбилиси» халықаралық әуе рейсі бойынша кедендік бақылау жүргізу барысында, бір жолаушыдан 28 100 АҚШ доллары көлемінде қолма-қол шетел валютасы анықталды. 

доллар
Фото: pixabay.com

Аталған жолаушы қолма-қол шетел валютасын декларациялаудың қажеті жоқ деп ауызша мәлімдеген.

— Осы дерек бойынша Ақтау қалалық әкімшілік құқық бұзу жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен азамат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 551-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 2 276 753,75 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, 18 100 АҚШ доллары мемлекет кірісіне тәркіленіп, 10 000 АҚШ доллары сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін иесіне қайтарылатын болды, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, Ақтау халықаралық әуежайында «Ақтау — Кутаиси» рейсімен ұшуға ниеттенген 1991 жылы туған Қазақстан Республикасының азаматынан 12 500 АҚШ доллары көлемінде жасырын қолма-қол ақша анықталды. Аталған дерек бойынша әкімшілік материал сотқа жолданған.

Осы оқиғалардан кейін Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті елден шетел валютасын әкету кезінде сақталуы тиіс заңды талаптарды тағы да еске салды.

«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекстің 343-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес, ЕАЭО кедендік аумағына біржолғы әкелу немесе ЕАЭО кедендік аумағынан біржолғы әкету кезінде қолма-қол ақша мен жол чектерінің жалпы сомасы 10 000 (он мың) АҚШ долларынан асатын жағдайда оларды кедендік декларациялау талап етіледі (декларация тапсыру күніне қолданылатын валюта бағамы бойынша есептеледі).

Алайда, елдің ұлттық мүдделерін қорғау және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында, 2022 жылғы 14 наурыздағы ҚР Президентінің № 830 Жарлығына сәйкес, қолма-қол шетел валютасын және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын Қазақстан Республикасынан 10 000 (он мың) АҚШ долларынан асатын сомада (Ұлттық банктің валюталық бағамы бойынша) әкетуге тыйым салынған.

Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2019 жылғы 23 шілдедегі № 124 «Жеке пайдалану үшін арналған тауарларды кедендік декларациялау туралы» шешіміне сәйкес, 16 жасқа толмаған адамдардың жеке пайдалануға арналған тауарлары туралы мәліметтер оларды алып жүретін адамның тауарларымен бірге бір жолаушылар кедендік декларациясында көрсетіледі. Осылайша, әрбір отбасы мүшесіне 10 000 (он мың) АҚШ долларынан аспайтын көлемде шетел валютасын алып өтуге рұқсат етіледі.

Бұған дейін, Маңғыстау облысында инвестициялық жобаларға бақылау күшейтілетінін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар