28 қыркүйек. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 28 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

7 мамыр. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСІМДЕР

87 жыл бұрын (1938) кеңестік және қазақ стоматолог дәрігері, Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері, КСРО және Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, денсаулық сақтау саласының үздігі Мүсілім ДАЙЫРБЕКОВ дүниеге келді.

Мүсілім ДАЙЫРБЕКОВ
Фото: time.kz

ОҚО, Төлеби ауданы, Георгиевка ауылында туған.

Сол ауылда мектепті бітіргеннен соң, 1960 жылы Шымкенттегі медицина техникумын, 1967 жылы Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина институтын бітірді. Мамандығы дәрігер-стоматолог.

1977 жылы ол қаладағы №2 стоматологиялық емхананың бас дәрігері болып тағайындалды, 2000 жылдың ақпан айынан бастап Алматы қаласындағы "Шипа-дент" стомотологиялық клиникасының бас дәрігері болды.

Оған 1974 жылы еңбектегі елеулі табыстары үшін "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" деген жоғарғы атақ берілді.

57 жыл бұрын (1968) Қазақстанның Оңтүстік Африкадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркін Қадырбекұлы АХИНЖАНОВ дүниеге келді.

Еркін Қадырбекұлы АХИНЖАНОВ
Фото: Gov.kz

Алматы қаласының тумасы. 1992 жылы Алматы педагогикалық шет тілдер институтын бітірген.

Еңбек жолы: 1993-1995 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық департаментінің қызметкері, 1995-1997 жылдары атташе, Қазақстанның Үндістандағы Елшілігінің үшінші хатшысы, 1997-2009 жылдары ҚР СІМ Консулдық қызметтер департаментінде, СІМ Сыртқы істер министрінің Хатшылығында, СІМ Еуропа және Америка департаментінде, Еуропалық ынтымақтастық департаментінде және ҚР СІМ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының департаментінде басқарушы лауазымдарда қызмет еткен. 2009-2012 жылдары Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы, содан кейін Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары, 2012-2014 жылдары СІМ Еуропа департаментінің директоры, 2014-2018 жылдары Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің кеңесшісі және өкілі, Қазақстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары, 2019-2023 жылдары Қазақстанның Норвегиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінде болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың қаңтар айынан бастап атқарып келеді.

46 жыл бұрын (1979) Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Алмат Ерікұлы ИСМАҒҰЛОВ дүниеге келді.

 Алмат Ерікұлы ИСМАҒҰЛОВ
Фото: Gov.kz

Ақмола облысы, Жарқайың ауданы, Западный кентінде туған. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітірген (2000).

Еңбек жолы: «Қостанай облысының қаржы басқармасы» ММ әкімшілік аппаратын, құқық қорғау органдарын және қорғаныс кешенін қаржыландыру бөлімінің жетекші маманы (2001); «Қостанай облысының қаржы басқармасы» ММ құқық қорғау органдарының әкімшілік аппаратын және қорғаныс кешенін қаржыландыру бөлімінің бас маман-экономисі (2001-2003); «Қостанай облысының қаржы басқармасы» ММ материалдық өндірісті қаржыландыру бөлімінің бас маманы (2003); «Қостанай облысының қаржы басқармасы» ММ құқық қорғау органдарының әкімшілік аппаратын және қорғаныс кешенін қаржыландыру бөлімінің бастығы (2003-2005); «Қостанай облысының қаржы басқармасы» ММ мемлекеттік органдарды қаржыландыру, қорғаныс, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік бөлімінің бастығы (2005-2006); «Қостанай облысының қаржы басқармасы» ММ директорының орынбасары (2006-2008); «Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары (2008-2010); «Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы» ММ жалпы экономикалық мәселелер бөлімі басшысының орынбасары (2010-2011); «Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары (2011-2013); Лисаков қаласы әкімінің орынбасары (2013); Қарабалық ауданының әкімі (2013-2015); Лисаков қаласының әкімі (2015-2021); «Stomed i K» ЖШС бас директоры (2021); «No1 стоматологиялық клиника» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры (2021-2022).

2022 жылдың маусым айынан бері қазіргі қызметінде.

45 жыл бұрын (1980) Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Мұқашұлы ОМАР дүниеге келді.

Жақсылық Мұқашұлы ОМАР
Фото: zhaksylyk_omar / instagram

Алматы облысы (қазіргі Жетісу) Алакөл ауданы Көктұма ауылында туған. 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, 2010 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін бітірген.

Еңбек жолы: 2001-2005 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің жетекші маманы, бас маманы, 2005-2007 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің бас маманы, 2007-2009 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ ақпараттық және талдау бағдарламалары дирекциясы директорының орынбасары, 2009 жылы «Арна медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» АҚ бас менеджері болып жұмыс атқарған. 2009-2010 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі, 2010-2011 жылдары Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, 2011-2013 жылдары Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының бастығы, 2013-2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2016-2018 жылдары Алматы облысының әкімі болған.

2018 жылғы тамыздан бері қазіргі қызметінде.

38 жыл бұрын (1987) Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Мұратұлы САЙМАҒАМБЕТОВ дүниеге келді.

Ардана Мұратұлы САЙМАҒАМБЕТОВ
Фото: baq.kz

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында туған. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе заң колледжін бітірген (2006); Қайнар университеті (2009); және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Академиясының магистрі (2012).

Еңбек жолы: Мұғалжар аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы (2004); Ақтөбе облысында басшылық қызметтерді атқарған; Ақтөбе облысының полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы (2020-2023); Ақтөбе облысы ІІД Алғын аудандық полиция бөлімінің бастығы (2023); Қостанай облысы ІІД бастығының орынбасары (2023).

2023 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.

128 жыл бұрын (1897-1961) қазақ әдебиетінің әйгілі классигі, ұлы жазушы, ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар ӘУЕЗОВ дүниеге келді.

Мұхтар ӘУЕЗОВ
Фото: Wikippedia

Филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның академигі (1946), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1957) Мұхтар Әуезов бұрынғы Семей уезі Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ деген жерде туып, балалық шағы көшпенді ауылда өтті. Болашақ жазушы ұлы Абай өз шығармаларында сонша терең әрі жан-жақты суреттеген сол кездегі қазақ қоғамының сипаты мол, қайшылыққа толы өмір-тұрмысын көзімен көрді.

Семей қаласында медреседе, онан соң бес кластық орыс мектебінде, ал 1915-1919 жылдары мұғалімдер семинариясында білім алған. 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде халық аңызы бойынша «Еңлік-Кебек» пьесасын жазады. Бұл қазақ ұлттық драмасының қарлығашы еді. Осы пьесасы мен 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты. Сол жылдарда Семейде, Орынборда әр түрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, басқа да белгілі әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен жақындасады.

«Абай» журналын шығаруға атсалысады. «Оян, қазақ» деп ұран тастаған қозғалыс, олардың демократиялық идеялары Әуезовтің өмірлік мақсат нысанасын белгілеуіне тірек болды. Алашорда қайраткерлері өкімет орындарынан, ресми саясаттан ығыстырыла бастаған соң, 1923 жылдан бастап көркем әдебиет саласына бар күш-қуатын жұмсап, өнімді еңбек етуге кіріседі.

1923-1926 жылдары «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» әңгімесін жазады.

1923-1928 жылдары Ленинград университетінде оқып, тіл мен әдебиет факультетін бітіреді. Одан кейін Ташкентте Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасында шығыс фольклоры бойынша маманданды. Ленинградта (қазіргі СанктПетербург) оқыған соңғы жылында екі тамаша повесть жазған: «Қараш Қараш» пен «Көксерек».

Саяси қызметтен бас тартып, бірыңғай зерттеуге ойысқан кезде, ол әдебиетшіге де сол саясаттың шырмауынан шығу қиын екенін ұға білді. Ондаған жылдар бойы оған ұлтшылдық, байшылдық идеяларын жақтаушы деген кінә тағылып келді. Қудалау көріп, 1930-1932 жылдары қамауда болды, тұтқыннан құтылу мақсатымен ашық хат жазды.

Әуезовтің тарихи тақырыпқа баруының тамыры тереңде жатыр. Тұңғыш көркем туындысы «Еңлік-Кебек», онан кейін «Хан Кене» мен «Қилы заман», «Айман-Шолпан», «Қарақыпшақ Қобыланды» драмалары да осыны аңғартады. Бұлардың кейбіреуі ел арасында кең тараған, бұрыннан белгілі сюжетке құрылса, «Хан Кене», «Қилы заман» тарихта болған нақты оқиғаларды арқау еткен.

Әуезов 20-жылдардың өзінде проза мен драматургияда келелі туындылар беріп, қазақ әдебиетінің классигіне айналды. Отызыншы жылдары бір топ әңгіме («Қасеннің құбылыстары», «Іздер», «Шатқалаң», «Құм мен Асқар», «Бүркітші»), пьесалар («Айман-Шолпан», «Тас түлек», «Шекарада», «Түнгі сарын») жазады.

30-жылдарда Абай мұрасына әрқилы баға беріліп, онан кейін де қым-қиғаш пікірлер айтылып жүргенде, Абайды тереңдеп, кеңінен тануды өзіне өмірлік мақсат ету ол кезде біліктілік, даналық қана емес, үлкен ерлік те болғаны хақ. Кесек, кең тынысты, сан миллион оқырмандардың жүрегіне жол табатын көркем шығарма арқылы Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қандай қажет болса, Әуезовтің дүние жүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүріндей үлкен тірек сондай қажет еді. 1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Татьянаның қырдағы әні» дейтін прозалық үзінді жарияланды. Бұл – болашақ романның бір тарауы еді. Осыдан соң, 1940 жылы Л. Соболевпен бірлесіп «Абай» трагедиясын жазды. Мұхтар Омарханұлы «Абай жолы» атты 4 томдық даңқты тарихи роман-эпопеясын жазуға 15 жылын арнады. Мұның «Абай» аталған бірінші кітабы 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы жарық көрді. Орыс тіліне аударылған. «Абай» романының екі кітабы 1949 жылы І дәрежелі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Төрт кітаппен біткен эпопея 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. «Абай жолы» 30 тілге аударылып, дүйім дүние оқырманынан өте жоғары баға алды.

Көркем тәржіме жұмысына белсене атсалысып, И. Тургеневтің «Дворян ұясын» аударды, КСРО жазушыларының ІІ съезінде көркем аударма туралы арнаулы баяндама жасасты.

Үлкен ғалым, педагог Әуезов қазақ әдебиеті тарихын зерттеу, әдебиет кадрларын даярлау жөнінде шексіз көп еңбек сіңірді. Абайтану ғылымының негізін салды, көп томды «Қазақ әдебиеті тарихының» қазақ фольклорына арналған томының (1960) негізгі авторы және редакторы болды. Қырғыздың «Манас» эпосы туралы монография жазды. КСРО Жазушылар одағы Президиумының, Бейбітшілікті қорғау кеңесі комитетінің, Лениндік сыйлықтар жөніндегі комиссияның мүшесі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақ мемлекеттік университетінің көп жылдар бойы профессоры болған Әуезов 4-5 сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде де зор қоғамдық міндет атқарды.

«Абай жолы» эпопеясынан кейін дәуір шындығын суреттейтін кең ауқымды жаңа эпопея жазуға кіріскен еді. Соның «Өскен өркен» атты 1 кітабының нұсқасын салып кетті. Ол 1962 жылы жарияланды. Әдеби еңбегі үшін жазушы 1957 жылы Ленин орденімен марапатталды.

1961 жылы 27 маусымда қайтыс болғаннан кейін, республика үкіметінің қаулысымен Қазақ КСР ҒА Әдебиет және өнер институтына, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі берілді. Жазушының әдеби-мемориалдық музейі ашылды, Алматы қаласының бір ауданы, бірқатар мектептер, көшелер қаламгер есімімен аталады. Туғанына 100 жыл толуына орай мерекесі ЮНЕСКО шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті.

93 жыл бұрын (1932-2018) Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Шерхан МҰРТАЗА дүниеге келді.

Шерхан МҰРТАЗА
Фото: inbusiness.kz

Жамбыл облысы Жуалы ауданы Мыңбұлақ мекенінде туған. 1955 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы. Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары ҚР мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған.

Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990-2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, ел басы, сен де тыңда» (К.Смаиловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген.

Оның шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Қазақ тіліне Г.Х. Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш. Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын; Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э. Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л. Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалады. «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды. «Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы. «Құрмет белгісі», «Отан (1999) ордендерімен, медальдармен марапатталған. ПЕН-клуб сыйлығының иегері (2003).

82 жыл бұрын (1943-1993) жазушы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың иегері Оралхан БӨКЕЙ дүниеге келді.

Оралхан БӨКЕЙ
Фото: egemen.kz

Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1968-1983 жылдары – Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінің әдеби қызметкері, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі. 1983-1993 жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, бас редакторы болған.

Қаламгердің «Қамшыгер», «Үркер», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Мұзтау», «Ән салады шағылдар», «Үркер ауып барады», «Біздің жақта қыс ұзақ» әңгімелер мен повестер жинақтары, «Өз отыңды өшірме» романы, «Құлыным менің» пьесалар жинағы жарық көрген. «Құлыным менің», «Теке-тірес», «Қар қызы», «Зымырайды поездар», «Жау тылындағы бала», «Мен сізден қорқамын» пьесалары қазақ және орыс тілдерінде республикалық, облыстық, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар театрларында қойылған.

Орыс тілінде «Жасынның ізі» әңгімелер мен повестер жинағы жарық көрген. Бірқатар шығармалары шетел халықтары тілдеріне аударылған.

Жазушының шығармалары бойынша «Кісікиік», «Сайтан көпір» көркем фильмдері түсіріліп, «Кербұғы» әңгімесінің желісі бойынша балет-спектакль қойылды. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

74 жыл бұрын (1950-2022) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы сенаторлар Кеңесінің мүшесі Қайрат Қыдырбайұлы ИЩАНОВ дүниеге келді.

Атырау қаласында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1968-1970 жылдары «Қызыл балық» кеңшарында балықшы, 1972-1983 жылдары кеме механигі, «Қызыл балық» кеңшарының инженер-құрылысшысы, 1983-1984 жылдары Гурьев облысы ҚКП Балықшы аудандық комитетінің нұсқаушысы, 1984-1986 жылдары «Қызыл балық» кеңшарының бас инженері, 1986-1988 жылдары Құрманғазы атындағы кеңшар басқарма төрағасы, 1988-1991 жылдары «Октябрьдің 70 жылдығы», «Қызыл балық» кеңшарының басқарма төрағасы болып жқмыс атқарған. 1991-1994 жылдары Балықшы аудандық атқару комитетінің төрағасы, Атқару Комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Балықшы аудандық әкімшілігі басшысы, 1994-1999 жылдары Жамбыл атындағы кеңшар басқармасының төрағасы, 1999-2000 жылдары Атырау облыстық мәслихатының хатшысы, 2000-2001 жылдары Атырау облысындағы Жамбыл атындағы өндірістік кооперативтің төрағасы, 2001-2005 жылдары Атырау облысы әкімінің орынбасары, 2005-2007 жылдары Атырау облысы бойынша ҚР Парламентінің III шақырылым депутаты, 2007-2012 жылдары ҚР Парламенті Сенатының IV шақырылым депутаты, экономика, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды. 2007-2008 жылдары Орта Азия мемлекеттері ұйымының, Литва Сеймінің, АҚШ Конгресінің, Румыния Сенатының, Италия Сенатының, Сауд Арабиясы Королдіктері Консультативтік Кеңесінің (Шура мәжілісі) Ынтымақтастық топтарының мүшесі, 2008-2011 жылдары қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, 2011-2016 жылдары ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары, 2016 жылдан бастап ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қаржы және бюджет Комитетінің мүшесі қызметінде болды.

«Құрмет» (2005), «Парасат» (2011) ордендерімен; үш медальмен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар