28 маусым. Жылнама

Жылнама
Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 28 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні

Әуелде Тәуелсіз Қазақстанда журналистика күні 10 мамырда аталып өтетін. Себебі, 1870 жылы дәл осы күні қазақ тіліндегі алғашқы басылым – «Түркістан уәлаяты» газетінің алғашқы саны жарық көрген болатын.

1997 жылы Баспа, телевидение және радио күні бекітіліп, ол маусым айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін болды.

2011 жылдың қазанында Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі кәсіби және басқа да мерекелер тізімінің жаңа редакциясын мақұлдады. Оған сәйкес, кәсіби мереке Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып өзгертілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен және ҚР Үкіметінің 2019 жылдың 25 маусымындағы Қаулысымен еліміздегі мерекелік күндердің тізбесіне өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, журналистер кәсіби мейрамын 28 маусым күні тойлайтын болды және ол Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні деп аталады. Ал, Байланыс жəне ақпараттандыру қызметкерлері күні 17 мамырға ауыстырылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1934 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік тұқымдық инспекциясы құрылды.

1995 жылы ҚР Президентінің «Мұнай туралы» Заң күші бар Жарлығы шықты.

2002 жылы ҚР Президентінің Шығыс Қазақстан облысындағы Лениногор қаласының атауын Риддер деп өзгерту туралы Жарлығы шықты.

2011 жылы Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясы өтті. Сол сәттен бастап Қазақстан осы халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті. Бұл басқосуды тарихи оқиға деп атауға болады, өйткені онда Ислам конференциясы ұйымының атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Алғаш рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды.

2014 жылы Брюссельде Дүниежүзілік кеден ұйымы (ДКҰ) Кеден ынтымақтастығы кеңесінің 123-124 сессиялары барысында Қазақстан ДКҰ-ның Қаржы комитетіне сайланды.

2014 жылы Алматыда белгілі рок-музыкант Виктор Цойды еске алу қабырғасы пайда болды. Оның авторы – жас суретші Павел Кас. Ол «Кино» тобының лидерінің бейнесін Арбаттағы аркалардың біріне кескіндеді. Дәл осы жерде бұған дейін Виктор Цойдың өнерін сүйетін жастар жиналатын, бірақ кейіннен ол жерге дүкендер салынды. Павел жергілікті ПИК-ке ұсыныс жасап, қабырғаны мәдени орынға айналдырды. Бір ерекшелігі, Павел салған суретте Цой қолына гитара не микрофон емес, шай құйылған шыныаяқ ұстап тұр.

2015 жылы Оралда Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлиге ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ, ұлы ақынның атымен аталатын жаңа мәдениет және өнер орталығы ашылды.

2017 жылы Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнінде еліміздің танымал медиабасшылары мен журналистер тобы «Қазақстан Медиаодағы» қоғамдық ұйымын құрғанын жариялады.

28 маусым – журналистер өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтетін күні одақ басшыларының бірінші жалпы жиналысы болып өтті.

«ҚазАқпарат» ХАА Бас директоры Асқар Умаров, Арманжан Байтасов, Ерлан Бекхожин, Ерлан Қарин, Шәмшидин Пәтеев, Нұртөре Жүсіп, Нұржан Мұхамеджанова, Батыр Қазыбаев, Дана Орманбаева, Айдар Жұмабаев, Виктор Кияница, Михаил Дорофеев, Арман Шораев және Бейбіт Әлібеков одақтың құрылтайшылары болды.

2017 жылы астаналық Гүлмира Смаилова Испанияда өткен ХХІ Дүниежүзілік жазғы трансплант-ойындарда 1-орынды иеленді. Ол жүрегі алмастырылған қазақстандық спортшы әйелдер арасындағы боулинг жарысына қатысып, Қазақстан құрамасына алғаш рет алтын медаль сыйлады.

2017 жылы күллі әлемге әйгілі Rock the Ballet ұжымы Eurasian Dance Festival халықаралық балет өнері фестивалінде тұңғыш рет «Астана балет» театрының сахнасында өнер көрсетті. Труппаның негізін қалаушы – әлемнің ең жас хореографтарының бірі Раста Томас. Труппаның стилі балет, джаз, рок-балет, брейк және хип-хоп билерін қамтиды.

2018 жылы Гаагадағы әйгілі Crowne Plaza Den Haag Promenade көрмелер залында «Undiscovered Kazakhstan» («Таңғажайып Қазақстан») және «Астана – Ұлы дала маржаны» көрмелері ашылды. Undiscovered Kazakhstan көрмесіндегі бірегей суреттер Гаага тұрғындарына біздің елге жаңа көзбен қарап, Қазақстан табиғатының сұлулығын бағалау мүмкіндігін берді. Көрмеге 3 мыңнан астам фотосурет қойылды.

2018 жылы елордада ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар шығармашылығына арналған «Бүгіннің баласы – болашақтың данасы» атты І республикалық фестиваль өтті. Фестивальге Нұр-Сұлтан қаласындағы және Қазақстанның басқа өңірлеріндегі балалар үйлерінен 7-18 жас аралығындағы 300-ден астам тәрбиеленуші қатысты. Балалар екі күн бойы «Эстрадалық вокал», «Заманауи ұлттық киім дизайны», «Көркемсөз», «Халықтық өнер», «Фотоөнер», «Хореография» аталымдары бойынша өнер көрсетті.

2022 жылы Қостанай әуежайына Ахмет Байтұрсынұлының аты берілді.

Соңғы жаңалықтар