3 мамырға арналған ауа райы: жаңбыр, бұршақ және қатты жел күтіледі
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» Қазақстан аумағы бойынша 2026 жылғы 3 мамырға арналған жалпы ауа райы болжамын жариялады.
Болжамға сәйкес, жексенбі күні Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі.
Тек солтүстік және шығыс өңірлерде антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Республика аумағында жел күшейеді, ал оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл болуы ықтимал.
Түнгі уақытта Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының батысында 1–2 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.
Сонымен қатар бірқатар өңірлерде жоғары және өте жоғары өрт қаупі сақталады. Олардың қатарында Павлодар, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының кей аумақтары бар.
Жетісу облысының оңтүстік-шығысы мен оңтүстігінде өрт қаупі аса жоғары деңгейде болады.
Айта кетейік, үсік жүретініне байланысты Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды.