30 сәуір. Тұлғалар туған күн
АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін, 30 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандар назарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
84 жыл бұрын (1941) Халықаралық көлік-гуманитарлық университетінің ректоры Амангелді Жұмағалиұлы ОМАРОВ дүниеге келді.

Балқаш қаласында туған. Новосібір темір жол инженерлері институтын бітірген (1966). Техника ғылымдарының докторы, диссертация тақырыбы: «Жыныстардың физикалық-механикалық қасиеттерінің темір жол төсемдерінің өнімділігіне әсері» (1998); Халықаралық көлік академиясының академигі (1993); Халықаралық инженерлік академияның академигі (1998); Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі (2000); Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі (2001); Қазақстан Республикасы Жоғары білім ғылым академиясының академигі (2002); Халықаралық жоғары білім ғылымдары академиясының академигі (2003).
Еңбек жолы: Қазақ темір жолының Арыс, Қарағанды жол учаскелерінің аға бригадирі, жол шебері, аға жол шебері (1966-1968); бас инженер, Қарағанды бастығы, Балқаш жол учаскесінің бастығы (1968-1977); Тың темір жолының Қарағанды бөлімшесінде жол бөлімінің бастығы, бастығының орынбасары, бас инженері (1977-1983); Алматы темір жолы бастығының орынбасары (1983-1991); Алматы темір жолының бастығы (1991-1997); «Қазақстан темір жолы» МКК бас директорының бірінші орынбасары (1997); М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының президенті, ректоры (1997-2003); Қазақ теміржол көлігі университетінің ректоры (2003 жылдан).
«Ерен еңбегі үшін» және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы медальдарымен, «Құрметті теміржолшы», «Қазақстан Республикасының құрметті білім қызметкері» төсбелгілерімен марапатталған.
67 жыл бұрын (1958) ҚР Қарулы Күштері Жоғары қолбасшылығының өкілі, генерал-майор Бақтияр Омарұлы СЫЗДЫҚОВ дүниеге келді.

Ташкент қаласында дүниеге келген. Коломна жоғары артиллериялық командалық училищесін (1980 жылы), «Выстрел» жоғары офицерлер курсын (1987), Фрунзе атындағы әскери академияны (1991 жылы), РФ ҚК Бас штабы әскери академиясын (2002 жылы) бітірген.
Офицерлік қызметін Германиядағы Совет әскерлері тобында взвод командирінен бастаған. Түркістан әскери округінде қызмет еткен. Жамбыл облыстық ДОСААФ комитеті төрағасының орынбасары, Артиллериялық батарея командирі, полк штаб бастығының орынбасары болған. Ішкі әскерлер сапында бірқатар жауапты қызметтер атқарған. «Шығыс» өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы, Шет тілдері әскери институтының бастығы лауазымдарын атқарған.
ҚР Қорғаныс министрлігінің АҚШ-тағы әскери атташесі, ҚР Қорғаныс министрлігінің НАТО-дағы әскери өкілі болды. ҚР Қорғаныс министрлігі әскери білім және ғылым департаментінің бастығы болып 2017-2018 жылдары қызмет етті. Жасына байланысты 2018 жылдың мамыр айында әскери қызметтен босатылды.
II-дәрежелі «Даңқ» орденімен, ҚР мен ССРО медальдарымен марапатталған.
64 жыл бұрын (1961) ҚР Журналистика академиясының академигі, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Александр Юрьевич ТАРАКОВ дүниеге келді.

Украинаның Черкасск облысы Чигирин қаласында туған. 1983 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «журналист» мамандығымен, 1993 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын «саясаттанушы» мамандығымен тәмамдаған.
Еңбек жолын 1983 жылы «Ленинская смена» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі болып бастаған. 1988 жылдан — «Арай-Заря» қоғамдық-саяси, әдеби-көркем республикалық жастар журналының бөлім редакторы, бас редакторының орынбасары. 1991 жылдан — Қазақстанның КП ОК «Сұхбат-Позиция» жаршысы бас редакторының орынбасары. 1992 жылдан — «АЗиЯ» мемлекетаралық газетінің шолушысы.
1997 жылдан — «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ бас редакторының орынбасары, 1998 жылдан — бас редактордың бірінші орынбасары, 2002 жылдан — вице-президенті. 2007-2011 жылдары — «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ президенті. «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары (2011-2014). «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы (2014-2016). «Казахстанская правда» республикалықгазеті» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары (09.2016-12.2016), ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры (2016-2019) болып істеді.
53 жыл бұрын (1972) — Ұлытау облыстық мәслихатының VIII шақырылымының депутаты, Ұлытау аудандық мәслихатының экономикалық даму, бюджет, қаржы, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Виктория Александровна СТАВИЦКАЯ дүниеге келді.

Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақпай ауылында дүниеге келген.
О. А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітірген (2001).
Еңбек жолы: «Сәтбаев қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары (2005); «Сәтбаев қаласының қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары (2009); «Жезқазған қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы (2010 ж.); «Жезқазған қаласының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы (2013-2022); «Ұлытау облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы (2022); Ұлытау облысының экономика басқармасының басшысы (2022-2024).
2024 жылдың қазан айынан бері қазіргі қызметінде.
52 жыл бұрын (1973) Сегізінші сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапаққызы ШАПАК дүниеге келді.

1973 жылы Моңғолия Республикасында туған, заң ғылымдарының докторы.
Еңбек жолы: Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетінің оқытушысы (1996-1998); Қазақ гуманитарлық заң университетіндегі Мемлекет және құқық теориясы мен тарих кафедрасының доценті (2004-2009); ҚазГЮУ-да кафедра меңгерушісі (2009-2010); «Қазақ мемлекеттік заң университеті» АҚ Жоғары заң мектебінің директоры (2011-2016). ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі (2016-2022).
2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
51 жыл бұрын (1974) «Самұрық-Энерго» АҚ өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Руслан Елубайұлы ТҰРҒАМБАЕВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысында туған.
Алматы энергетика және байланыс институтын (1998); Орталық Азия инновациялық университетін «Менеджмент және басқару» мамандығы бойынша бітірген (2021).
Еңбек жолы: «Қазақмыс» корпорациясы» АҚ турбо цехының машинисі, Жезқазған қаласы (1998-2000); Балқаш жылу электр орталығы электр станциясы басқармасының турбина цехы бастығының орынбасары, директоры (2000-2009); Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының бірінші орынбасары (2009-2013); «Базис Электромонтаж» ЖШС техникалық директоры (2013-2019); Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары (2019-2020); Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы (2020-2022).
Қазіргі қызметінде 2022 жылдың қарашасынан бері.
50 жыл бұрын (1975) Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Алтынбек Балтабайұлы САБЫРОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туған. Ақтөбе мемлекеттік университетін бітірген (1996); «Әділет» жоғары заң мектебі (2000).
Еңбек жолы: Ақтөбе облыстық сот отырысының хатшысы (1997-2001); Ақтөбе облысы бойынша Соттар Әкімшісі Соттардың қызметін ұйымдастыру бөлімінің бас маманы, бөлім басшысы (2001-2005); Мұғалжар аудандық сотының судьясы (2005-2012); Мұғалжар ауданының № 2 аудандық сотының төрағасы (2012-2017); Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы (2017-2022).
Қазіргі қызметінде 2022 жылдың желтоқсанынан бері.
112 жыл бұрын (1913-1999 жыл) — (кейбір деректер бойынша 1912 жылдың 20 желтоқсанында туған) суретші, ұлттық кәсіби бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР-нің халық суретшісі Әубәкір ЫСМАЙЫЛОВ дүниеге келген.

Қарағанды облысында туған. Омбы көркемөнеркәсіп техникумын, Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтын бітірген. «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газеті мен Петропавл қаласындағы өлкетану мұражайының суретшісі, Қазақстан Суретшілер одағы ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының суретшісі әрі режиссері қызметтерін атқарған.
Ұлттық кескіндеме өнерінің реалистік бағытындағы суретші, стилі халық шеберлері туындыларымен астасып жатады. «Көртоғай», «Хан Тәңіріндегі жайлау», «Шалкөде алабы» атты шығармалардың авторы. Бірқатар кино фильмдерге де түскен.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
84 жыл бұрын (1941-2021) қоғам қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Халықаралық Абай атындағы әдеби сыйлықтың иегері, Халықаралық телевизия және радио академиясының (JATR) академигі Сұлтан Шәріпұлы ОРАЗАЛЫ дүниеге келген.

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген.
Қазақ радиосы мен телевизиясының редакторы, аға редакторы, бас редакторы қызметтерін атқарған. 1967-1984 жылдары Қазақ телевизиясы бағдарламалар бас редакциясының бас редакторы. 1984-1986 жылдары — Қазақстан Компартиясы ОК мәдениет бөлімінің нұсқаушысы, көркем әдебиет секторының меңгерушісі. 1986-1993 жылдары — «Өнер» баспасының директоры. 1993-1995 жылдары — Қазақстан Республикасы Тіл комитетінің төрағасы. 1995-1997 жылдары — Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының бірінші орынбасары. 1997 жылы — Қазақстан Республикасы Білім және мәдениет министрлігі Тіл саясатын үйлестіру департаментінің директоры. 1998-1999 жылдары — Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Авторлық құқық жөніндегі агенттіктің төрағасы. 2000-2001 жылдары — Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Авторлық құқық жөніндегі комитет төрағасы. 2001-2005 жылдары — Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Құқықтық насихат, мемлекеттік тілді дамыту және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры.
2005 жылдан бастап зейнеткерлік демалыста, «Заң — насихат» ЖШС бас директоры болды. Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі мемлекеттік комисиясының мүшесі болып сайланған. Қазақстанның ономастикалық, терминологиялық комиссияларының жұмысын басқаруға қатысып, көптеген жер атауларының тарихи қалпына келуіне үлес қосқан. Ондаған әдеби-зерттеу мақалалары, «Өмір шындығы және көркемдік шешім» атты монографиясы, «Авторды қорғау — руханиятты қолдау», «Жүректің көзі ашылса» атты кітаптары, орыс және шетел жазушыларының роман, повестерін қазақшалаған еңбектері жарық көрген.