30 жылдық тарихы бар Студенттер сарайы неге қиратылып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті аумағында орналасқан Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының бұзылып жатқаны туралы ақпарат қызу талқыланып жатыр. Көпшілік оқу орнының мәдени орталығы саналған бұл ғимараттың не үшін тас-талқанын шығарып тастағанын түсінбей дал.
Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы 1998 жылы қаңтарда ашылған. Мұнда жыл сайын ғылыми конференциялар, концерттер, фестивальдер мен университеттің негізгі мерекелік шаралары өтетін.
Сондықтан оның қазіргі күйі қоғамда алаңдаушылық тудырды. Алайда университет әкімшілігі ғимарат тек қауіпсіз әрі заманауи форматта қайта жаңғыртылатынын айтып отыр.

ҚазҰУ құрылысты жобалау басқармасының басшысы Ерсұлтан Шалқардың айтуынша, Студенттер сарайын қайта жаңғырту мәжбүрлі шешім болған. Себебі 30 жыл бойы жөндеу көрмеген, тіреуіш құрылымдары зақымданған ғимарат қауіпсіздік талабына сай келмейді.
Оның айтуына қарағанда, ғимарат пайдалануға берілгелі күрделі жөндеуден өтпеген, тіпті құрылысы кезінде өрескел қателер жіберілген.

Қазір нысанның техникалық жағдайы айтарлықтай нашарлаған.
— Бұл ғимараттың алғашқы жобалық-сметалық құжаттары да жоқ. Өтініш беріп, алғашқы құжаттарын алғымыз келген, бірақ құрылыс жұмыстары кеңес дәуірінде басталғандықтан, бұл құжаттар қала архивінде сақталмаған, — дейді ол.

Оның сөзінше, 2023 жылы аккредиттелген ұйым сарайдың инженерлік және құрылымдық жағдайына сараптама жүргізіп, тіреуіш және қоршау конструкцияларында қауіпті ақауларды анықтаған.
— Жекелеген темірбетон беларқалар мен қабырғалардың болмауы, тіреуіш колонналардың тот басуы мен қисаюы, түйісу бөліктерінің бұзылуы, шатыр мен жылу оқшаулау қабаттарының зақымдануы байқалды. Ақаулардың басым бөлігі әрлеу қабаттарының астында жасырынып жатыр, — дейді ол.
Жүргізілген демонтаж және инженерлік зерттеу кезінде Студенттер сарайының бірнеше бөлігі апатты жағдайда екені анықталған.

Университеттің техникалық есебінде келесідей деректер келтірілген:
- Бірінші қабаттағы көрермен залына кіреберіс (оңтүстік-батыс бөлік) — тіреуші беларқа жоқ;
- Бірінші қабаттағы баспалдақ алаңы (оңтүстік-шығыс бөлік) — тіреуші беларқа жоқ;
- Бірінші қабаттың орталық холы — құрама темірбетон колонналарының түйісу бөліктері қисайған, металл бөлшектердің тот басқан;
- Негізгі кіреберіс (ректорат ғимаратына қарсы бет) — тіреуші беларқа жоқ;

Бұған қоса, 2024 жылғы қаңтардағы Алматыдағы жер сілкіністері ғимараттың жағдайын одан әрі нашарлатқан.
Қолданыстағы құрылыс нормалары бойынша, ірі қоғамдық ғимараттарға күрделі жөндеу әр 20-25 жыл сайын жүргізілуге тиіс. Алайда Студенттер сарайы мұндай жөндеуден мүлде өтпеген.
Осылайша анықталған ақаулар мен сейсмикалық қауіпті ескере келе ғимараттың сәулеттік келбетін сақтай отырып, конструкциялық беріктігін арттыру мақсатында қайта жаңғырту жөнінде шешім қабылданған.
Әзірше ҚазҰУ өкілдері қайта жаңғырту жобасының қашан басталып, қашан аяқталатынын нақты айта алмай отыр. Жобаны бекіту келесі жылы жоспарланған, құрылыс жұмыстары содан кейін ғана басталады.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заңсыз беріліп кеткен жері сот шешімі шыққанына қарамастан әлі қайтарылмағанын айтқан еді.
