30,2 трлн теңге қажет: елдің 2027 жылғы бюджеті қандай болады

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын таныстырды. Заң жобасы Бюджет кодексіне сәйкес әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген.

қаржы бюджет
Коллаж: Kazinform

Оның айтуынша, еліміздің негізгі қаржылық құжатын қалыптастыру кезінде экономиканың ағымдағы ахуалы, барлық бюджеттік және макроэкономикалық тәуекелдер ескерілді.

— Бұл бюджетте басты назар адамға және адамға арналған инвестицияларға бағытталған. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шаралары арқылы бизнес пен өндірушілерге қолдау көрсету жоспарланған. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бюджеттің негізгі параметрлеріне және Заң жобасында көзделген тетіктерге тоқтала кетейін, — деді Қаржы вице-министрі.

Заң жобасы 37 баптан тұрады. 2027 жылдың үш негізгі көрсеткіші: кірістер — 25,4 трлн теңге, шығыстар — 30,2 трлн теңге, тапшылық — 4,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,3%-ды құрайды.

— Бұл ретте бюджет тапшылығы 2029 жылы 0,4%-ға дейін төмендеуі болжанғанын атап өту қажет. Мемлекеттің меншікті кіріс базасы нығаюда. Меншікті кірістер 2029 жылға қарай 23,4 трлн теңгеге дейін өседі, — деді Абзал Бейсенбекұлы.

Заң бірден үш жылға арналған бюджет параметрлерін бекітеді және негізгі әлеуметтік нормативтерді белгілейді.

— Өңірлерге субвенциялар көлемін бекітеді. Трансферттер мен кредиттерді бөлу тетігін айқындайды. Резервтер мен нысаналы аударымдарды бекітеді. Мемлекеттік борыш лимиттері мен кепілдіктерді белгілейді. Секвестрлеуге жатпайтын бюджеттік бағдарламалардың тізбесін бекітеді. Сондай-ақ, заң жобасында нысаналы индикаторлар тізбесі бекітіледі, — Абзал Бейсенбекұлы.

Бұған дейін Құрылтай вице-спикері Дания Еспаева 2027 жылдың бастапқы кезеңі әлі де күрделі күйінде қалып отырғанын айтқан еді.