31 шілде. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 31 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік рейнджер күні

Жыл сайын аталып өтіледі. Халықаралық рейнджер федерациясы (International Ranger Federation, IRF) бекіткен. Алғаш рет 2007 жылы IRF-тің 15 жылдығына орай аталып өтілді. Рейнджерлер - ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы – қорықтар, ұлттық парктер, жабайы табиғат резерваттары және басқа да нысандардағы жабайы аңдарды браконьерлерден қорғайтын адамдар.

ЕСТЕҚАЛАРОҚИҒАЛАР

1929 жылы белгілі ғалым-астроном Николай Степанович Черных сансыз жұлдыздардың арасынан белгісіз №2402 ғаламшарды ашып, оны ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімімен атады. Шағын ғаламшар Жерге әрбір 5 жылда жақын келеді.

1959 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ақтау елді мекені жұмысшы кенті санатына енді. Оған Ақтау кенті деген атау берілді.

2005 жылы «Қазпошта» АҚ «Сәулет» сериясынан Бейбітшілік және келісім сарайы бейнеленген жаңа пошта маркасын айналымға енгізді. Марканың тиражы – 50 000 дана. Бейбітшілік және келісім сарайы Қазақстан халқының конфессияаралық келісімін нығайтады. Оның құрылысы туралы шешiм 2003 жылы Әлемдік дәстүрлі діндер съезінде қабылданған болатын. Ғимарат Есіл өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан.

2017 жылы Астанада өткен ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің аясындағы «Бес құрлық» балалар фильмдері фестивалінде «Үздік сценарий» аталымында «САҚ» студиясының толық метражды «Қазақ елі» анимациялық фильмі жеңіске жетті.

2017 жылы ағымдағы коэффициенттер бойынша «Астана» Қазақстан клубтарының арасында алғаш рет Еуропаның үздік 100 клубының қатарына кірді. «Астана» ФК 2018 жылғы шілдедегі жағдай бойынша УЕФА рейтингінде 67-орынға жайғасты.

2018 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Алтын Емел» деректі фильмі Қытайдың Тайчжоу қаласында өткен кино мен туризм саласындағы Азия өнер апталығында «Үздік шетелдік деректі фильм» санатында сыйлыққа ие болды. Олег Белялов түсірген деректі фильмде «Алтын емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің әсем табиғаты туралы айтылған.

2019 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «Прогресс МС-12» көліктік жүк кемесі Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) ұшу жылдамдығы бойынша рекорд орнатты. «Прогресс МС-12» жүк кемесі әуеге ұшқан уақыттан бастап ХҒС-ға түйіскенге дейін 3 сағат 19 минут жұмсаған. Ол ХҒС ұшу тарихындағы ең «жылдам» ғарыш кемесі атанды.

2021 жылы аға лейтенант Ардана Ботай Су-30СМ көпфункционалды жойғышының экипаж командирі ретінде алғашқы жеке-дара ұшуды орындады. «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихында Су-30СМ жауынгерлік ұшағында экипаж командирі ретінде дербес ұшуды алғаш рет әйел адам орындады. Оның бұған жақсы дайындалғанын, көк аспанды бағындыруға деген ұмтылысын, жойғыш ұшқыш ретінде мемлекетіміздің әуе шебін күзетудегі міндеттерді орындап жүргенін атап өткен жөн. Ол жауынгерлік авиациядағы әйелдердің ерлермен тең дәрежеде күрделі міндеттерді орындай алатынын дәлелдеді», - деді авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов.

2021 жылы экстракорпоральды ұрықтандыру технологиясының көмегімен «түтікшеде» өмірге келген ғұмыр иесі 25 жасқа толды. Осылайша Қазақстанда алғаш рет эмбрион ауыстыру әрекетті сәтті аяқталып, кейін тәжірибе кеңінен тарады. Ал түтікшеде гүлдеген ғұмырдың алғашқы иесі бүгінде аман-есен бойжеткен, Лондонда жұмыс істейді.

2023 жылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі.

Соңғы жаңалықтар