32 мыңнан астам өтініш: Шымкентте шетелдік жұмысшылар қай салаға қажет

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Биыл Шымкентте шетел азаматтарын жұмысқа тартуға 18 мыңнан астам квота бөлінген. Өткен жылы 19 мың квота берілген. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мәлім етті. 

жұмыскер, кәсіпорын
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Басқарма мәліметінше, жыл басынан бері жұмыс берушілерден шетелдік мамандарды тартуға қатысты 32 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 17 840-ы бойынша жұмыс істеуге рұқсат берілген, 2709 азаматтың рұқсат мерзімі ұзартылған. Ал 11 717 өтініш бойынша ұсынылған құжаттардағы кемшіліктерге байланысты рұқсат беруден бас тартылған.

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Дамира Ешенқұлованың айтуынша, шетелдік жұмыс күшін тартуға жеке және заңды тұлғаларға бөлек рұқсат беріледі. Кәсіпорындар негізінен жоғары білімі мен тиісті біліктілігі бар мамандарға сұраныс білдірген.

— Жыл сайын бұл салаға Еңбек министрлігі тарапынан квота бөлінеді. Биыл заңды тұлғаларға 285 квота, жеке тұлғаларға 18 мың квота қарастырылған. Қазіргі таңда заңды тұлғаларға бөлінген 285 квотаның 115-і бойынша 18 мекемеге рұқсат берілді. Олардың басым бөлігі Қытай, Үндістан және Түркия азаматтары. Олар Шымкенттегі ірі зауыттарда, соның ішінде «Химфарм», «ПетроҚазақстан» және «Азия Трафо» сияқты кәсіпорындарда жұмыс істеу үшін келген, — деді Дамира Ешенқұлова.

Ал жеке тұлғаларға берілетін рұқсат бойынша шетел азаматтары негізінен құрылыс саласында еңбек етеді. Олардың дені — Өзбекстан азаматтары, жалпы саны 17 606 адам. Сонымен қатар Тәжікстаннан 193, Әзербайжаннан 41 азамат келген.

Басқарма өкілінің айтуынша, шетелдік жұмыс күшіне қажеттілік артқан жағдайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен қосымша квота сұратуға болады.

— Шетел азаматтарына жұмыс істеуге берілетін рұқсаттың мерзімі бір айдан 12 айға дейін белгіленеді. Оның ұзақтығы жұмыс көлеміне және жұмыс берушінің қажеттілігіне байланысты айқындалады. Заңды тұлғалар шетелдік мамандарды жұмысқа тарту кезінде олардың тиісті біліктілігін растайтын құжаттарды, соның ішінде дипломдарын ұсынуы қажет. Жеке тұлғалар да заңнамада көзделген құжаттарды тапсырады. Өтініштер заң талаптарына сәйкес екі жұмыс күні ішінде қаралады, — деді Дамира Ешенқұлова.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Шымкенттегі кәсіпорындардың бірінде шетел азаматын заңсыз ұстап отырғаны туралы ақпарат тараған болатын. Полиция жүргізген тексеру нәтижесінде бұл ақпарат расталмады. Алайда кәсіпорын аумағында Қазақстанда заңды жүргенін растайтын құжаттары жоқ шетел азаматтары болғаны анықталды. Сот шешімімен 42 шетел азаматы көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды