Шымкенттегі кәсіпорында шетел азаматын заңсыз ұстап отыр деген ақпаратқа полиция түсініктеме берді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкенттегі «Sin Yuan Steel» ЖШС қызметіне қатысты әлеуметтік желіде таралған ақпаратқа байланысты полиция ресми түсініктеме берді.
Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, тексеруге кәсіпорын аумағында шетел азаматы заңсыз ұсталып отыр деген хабарлама негіз болған. Алайда жүргізілген тексеру нәтижесінде бұл ақпарат расталмады.
Сонымен қатар тексеру барысында Қазақстанда заңды түрде болуын растайтын құжаттары жоқ шетел азаматтарының кәсіпорын аумағында жүргені анықталған.
– Сотта жинақталған құжаттарды қарау нәтижесінде 42 шетел азаматы көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек шетел азаматтарының тиісті рұқсатсыз, оның ішінде еңбек визаларынсыз жұмысқа тартылғаны белгілі болды, – деді Шымкент қаласы ПД ақпараттық саясат басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бағлан Мырзабаев.
Қазіргі уақытта кәсіпорынның шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартуға жол берген лауазымды тұлғаларын әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұған дейін Шымкентте жолайрық құрылысында 54 жастағы жұмысшы қаза тапқаны туралы хабарлаған едік.