3,2 млрд теңгелік вейп саудасы: 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда вейптердің заңсыз айналымына қарсы тергеу жалғасып жатыр. Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз сауданың 25 дерегін тоқтатып, 276 мыңнан астам электронды тұтыну жүйесін тәркіледі. Кейбір қылмыстық схемаларда ақша айналымы 3,2 млрд теңгеден асқан. Бұл туралы ҚМА мәлім етті.
Ең алаңдатарлығы — тыйым салынған өнімнің негізгі тұтынушылары жастар мен кәмелетке толмағандар. Бұл никотинге тәуелділіктің таралуына ықпал етіп, өскелең ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіреді. Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз сауданың 25 дерегін тоқтатқан.
— Қазір 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Заңсыз айналымнан 276 мыңнан астам электронды тұтыну жүйесі тәркіленді. 18 адамға қатысты 14 қылмыстық іс сотқа жолданды. Астанадағы департамент вейптердің заңсыз айналымын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін тергеп жатыр, — деп хабарлады агенттіктен.
ҚМА мәліметі бойынша, өнімдерді сақтау үшін жалға алынған қоймалар мен кеңселер пайдаланылған. Сауда интернет-дүкендер, сондай-ақ Telegram, WhatsApp және Zangi мессенджерлері арқылы жүргізілген. Із жасыру үшін жеке кәсіпкердің банк шоттары қолданылған. Ал сатып алушыларға «тұрмыстық техника сатып алдық» деп айту ұсынылған. Бұл шоттар арқылы өткен ақша көлемі 3,2 млрд теңгеден асқан.
— Қарағанды облысында Telegram-да вейп сататын интернет-дүкен ұйымдастырған адамдар 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Олар төрт қойманы, интернет-дүкен операторларын және курьерлерді пайдаланып, заңсыз схема құрған. Тінту кезінде құны 340 млн теңге болатын шамамен 30 мың электронды тұтыну жүйесі тәркіленді, — делінген хабарламада.
Ұлытау облысында вейптерді «дропперлер» арқылы заңсыз сатуды ұйымдастырған екі жергілікті тұрғынға айыптау үкімі шықты. Ақшаны алу және аудару үшін олар курьердің атына рәсімделген банк шотын пайдаланған. Сот әрқайсысына төрт жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, қылмыстық жолмен түскен табысты тәркілеуге шешім шығарды.
Қаржылық мониторинг агенттігі электронды тұтыну жүйелерін заңсыз әкелу, сақтау, тасымалдау және сату, сондай-ақ мұндай әрекеттен түскен табысты заңдастыру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанға 500 млн теңгенің вейпін заңсыз әкелмек болғандар ұсталған еді.