Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

35 жерден пышақталған: Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты деректер сотта айтылды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Айыпталушы Шерхан Аймахан істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартты.

погибшая Нурай Серикбай
Фото: justice_for_nuray/Instagram

Шерхан Аймаханға некеге тұруға мәжбүрлеу, аңду және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша айып тағылып отыр.

Алдын ала тыңдау бастапқыда 21 шілдеге белгіленген болатын. Алайда айыпталушының сырқатына байланысты кейінге қалдырылды.

Бүгінгі сот отырысына Аймахан күзетпен жеткізілді. Оның мойны таңылған болатын. Тыңдауға Нұрай Серікбайдың әкесі қатысты. Іс бойынша куәгер болып отырған оның ағасы Димаш жауап алу басталғанға дейін сот залынан шығарылды. Айыпталушының мүддесін төрт адвокат, ал жәбірленуші тарапты екі қорғаушы таныстырады.

35 ножевых и принуждение к браку: в Шымкенте огласили обвинение по делу Нурай Серикбай
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Алдын ала тыңдау қорытындысы бойынша төрағалық етуші судья Саммидин Теміралиев істі басты сот талқылауында қарауды белгіледі.

— Айыпталушыға істі алқабилердің қатысуымен қарау құқығы түсіндірілді. Ол істі алқабилерсіз қарауды сұрады. Сот басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін негіздерді анықтаған жоқ. Қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды. Сот отырысы 28 шілде күні сағат 10:00–ге белгіленді, — деді судья.

Сот процесі мемлекеттік айыптаушының, жәбірленуші тараптың, адвокаттардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық түрде өтеді.

Алдын ала тыңдау кезінде прокурор Мадияр Әбілқасымов айыптау актісін жариялады. Тергеу нұсқасына сәйкес, Шерхан Аймахан мен Нұрай Серікбай 2025 жылғы 3 шілдеде Шымкентте тойда танысқан. Таныстықтан кейін ол бойжеткенге гүл сыйлап, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы хат жазысқан. Кейін олар біраз уақыт кездескен.

35 ножевых и принуждение к браку: в Шымкенте огласили обвинение по делу Нурай Серикбай
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Тамыз айының соңында Нұрай Алматыға оқуға кеткен. Ол құрбыларымен бірге пәтер жалдап тұрған. Бір айдан кейін Аймахан онымен кездесіп, үйленуге ұсыныс жасаған. Алайда қыз оған дайын емес екенін айтып, ұсыныстан бас тартқан.

Айыптау материалдары бойынша, 2025 жылғы қазан айында кешке Аймахан Нұрай тұрған пәтерге келіп, оны түнгі Алматыда серуендеуге шақырған. Жолда келе жатқанда ол қызды күш қолдану арқылы некеге тұруға мәжбүрлеу туралы шешім қабылдаған. Нұрай қаладан шығып кеткендерін түсініп, қарсылық білдірген кезде Шерхан Аймахан қарсылық көрсетсе, жол апатын ұйымдастыратынын айтып қорқытқан.

Келесі күні ол қызды Шымкентке алып келген. Алдымен өз үйіне, кейін Сайрам ауданындағы туыстарының үйіне апарған. Айыптау актісінде көрсетілгендей, сол кеште мұнда «келін түсіру» рәсімі өткен. Нұрайдың басына орамал жабылып, оны келін бөлмесіне кіргізген.

Кейін қыздың ағалары полициямен бірге Аймаханның үйіне барған. Нұрай өзін алып кетуді сұраған. Осыдан кейін екеуі Қаратау аудандық полиция басқармасына түсініктеме беру үшін жеткізілген. Тексеруден соң қыз туыстарымен бірге босатылған. Аймахан енді мазаламайтынын айтқан.

Кейін полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты немқұрайлылық бабы бойынша жеке қылмыстық іс тіркелген.

35 ножевых и принуждение к браку: в Шымкенте огласили обвинение по делу Нурай Серикбай
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Тергеу нұсқасы бойынша, осы оқиғадан кейін де Аймаханның қудалауы тоқтамаған. Ол бірнеше рет қыздың үйіне барған, Алматыға сапарлап, оның жүрген жерін курстастарынан сұраған. Нұрай телефон нөмірін бірнеше рет ауыстырғанына қарамастан хабарласуын жалғастырған. Айыптау актісіне сәйкес, тек 7 қазанда оның еркінен тыс байланыс орнату мақсатында 76 рет қоңырау шалған.

2026 жылғы 11 қаңтар кешкі сағат 18:30 шамасында Аймахан Нұрай тұрған үйдің алдына келіп, автотұрақта күткен. Өзімен ала жүрген пышағы болған. Нұрай дүкенге шыққан кезде ол қызды серуендеуге шақырған.

Нұрай бас тартқан соң Аймахан оған шабуыл жасап, пышақпен жарақат сала бастаған. Нұрайдың айқайын естіген куәгер сыртқа шыққан. Куәгерді көрген Аймахан бірнеше метрге шегінгенімен, кейін қайта оралып, жерде жатқан қызға соққы жасауды жалғастырған.

Айыптау актісіне сәйкес, Нұрайға барлығы 35 пышақ жарақаты салынған. Оның тоғызы мойын, кеуде және құрсақ қуысына өткен. Қыз алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, өлімге көп қан жоғалтудан болған геморрагиялық шок себеп болған.

Кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама Шерхан Аймаханды есі дұрыс деп таныған. Сарапшылардың қорытындысы бойынша ол қылмыс жасаған кезде өз әрекетінің сипаты мен қоғамдық қауіптілігін түсінген, оларды басқара алған және аффект жағдайында болмаған. Сонымен қатар онда обсессивті-компульсивті бұзылыс белгілері анықталған, алайда бұл жағдай есі дұрыстығын жоққа шығармайды және мәжбүрлі емдеуді қажет етпейді.

35 ножевых и принуждение к браку: в Шымкенте огласили обвинение по делу Нурай Серикбай
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Айыптау актісі жарияланғаннан кейін айыпталушы тағылған айыпты түсінбейтінін және мойындамайтынын айтты. Бұл мәлімдемеге жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров түсініктеме берді.

— Алқабилерден бас тарту — айыпталушының заңды құқығы, ол осы құқығын пайдаланды. Ал айыпты түсінбейтінін айтуына келсек, меніңше, бұл не қорғану тактикасы, не жағдайды қолдан жасау әрекеті. Бұған дейін де ол психикалық жағдайын көрсетуге тырысқан. Сонымен қатар қылмыстық іс материалдарымен толық таныстырылған, — деді адвокат.

Оның айтуынша, жәбірленуші тарап айыптау актісіндегі кейбір тұжырымдармен келіспейді. Өйткені олар Нұрайдың айыпталушымен некеге тұру мақсатында қарым-қатынас жасағандай әсер қалдыруы мүмкін.

— Бұл олай болған жоқ. Ол оның назар аудару әрекеттерін қабылдады, сөйлесті. Бірақ оның ниетін түсінген кезде қарым-қатынасты тоқтатты. Екі ай ішінде онымен байланысуға 140-тан астам әрекет жасалған. Нұрай телефон нөмірін бірнеше рет ауыстырғанымен, ол оны аңдуын жалғастырды, — деді адвокат.

Аянхан Омаровтың айтуынша, 28 шілдеде сот істі жәбірленуші тарапты жауап алудан бастайды. Алғаш болып сотта Нұрай Серікбайдың әкесі жауап береді. Одан кейін қыздың ағалары, курстастары, басқа да куәлар, мамандар мен сарапшылар тыңдалады. Заттай дәлелдер мен бейнежазбалар зерттелген соң, сот айыпталушыдан жауап алуға көшеді.

Еске салайық, биыл 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай қаза тапты. Кейін күдікті қаладан шамамен 10 шақырым жерде ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. 

Іс қоғамда резонанс тудырғаннан кейін Президент тапсырмасымен Шымкент қаласы полициясы қызметкерлерінің әрекетіне тексеру жүргізілді.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі қыздың некеге тұруға мәжбүрлеу туралы арызынан кейін тиісті шара қолданбаған полицейлерге қатысты салғырттық фактісі бойынша жеке қылмыстық іс қозғады.

Тергеу барысында күдікті сот-психиатриялық сараптамадан өтіп, есі дұрыс деп танылды. 

Айыпталушы Шерхан Аймаханның денсаулығына байланысты Нұрай Серікбайдың соты кейінге қалдырылды.