35 жылда 2 млн жуық көшет ектім — қызылордалық қарт бағбан

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Жасы 85-тен асқан қызылордалық Бектай Сүлейменов облыс орталығын көгалдандыру ісіне бір кісідей үлес қосып келеді. Kazinform тілшісі қарттығына қарамастан әлі күнге қолынан күрек-кетпені түспеген ақсақалмен сұхбаттасты.

қызылордалық бағбан
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Кейіпкеріміз тал отырғызуды 12 жасынан бастаған.

қызылордалық бағбан
Фото: Нұрболат Қаржаубай

Содан бері қара жерге қадаған көшетінің саны 2 млн-ға жетіпті.

қызылордалық бағбан
Фото: Нұрболат Қаржаубай

35 жылда қаланың сырт жағындағы 8 гектар жерді баққа айналдырған. 

— Әуелгіде 4-5 сотық жерге шағын насоспен суару арқылы көшет егуден бастадым. Қазір мұнда алма, алмұрт, шие, сары өрік, қара өрік, жиде, жүзімнің үш-төрт сорты, таулы жерде өсетін арша, бот арша, боз арша сияқты ағаштарға дейін бар. Қызылорданың климатында көшетті күзде егудің тиімділігі төмен. Одан көктемде еккен дұрыс. Жазда қылқан жапырақтыларды егуге болады, — деді Бектай Сүлейменов.

қызылордалық бағбан
Фото: Нұрболат Қаржаубай

Бейнеткеш ақсақал — Қызылорданы жасыл қалаға айналдыруға болатынын дәлелдеген жан. Оған жетудің жолы құр науқаншылдық емес, шынайы ынта мен еңбек қана екеніне көп адамның көзін жеткізді.

қызылордалық бағбан
Фото: Нұрболат Қаржаубай

Сұхбат барысында ол облыстық фтизиопульмонология орталығының емделушілері үшін тиімді ұсынысын жеткізді.

— Өкпе ауруына шалдыққан науқастар үшін жасыл желектің пайдасы мол. Дәрігерлер тубдиспансерде жатып емделген науқастарға емі біткесін Көкшетаудағы, Солтүстік Қазақстандағы қарағай орманына баруды ұсынады. Осындай жағдайды өзімізде де жасауға болады. Жергілікті билік мәселеге көңіл бөліп, қаражат қарастырса, 7-8 гектар жерге қатарластырып ағаш егуге өзім көмектесер едім. Науқастар ем-дом қабылдағаннан кейін жасыл желекте таза ауа жұтып, серуендеп жүрсе, денсаулығын түзеуге көп көмектесер еді, — деді ол.

Жастайынан бейнетке бейімделген қарияның шаруасына қазіргі күні балалары мен немерелері қолғабыс жасап жүр.

қызылордалық бағбан
Фото: Нұрболат Қаржаубай

Айта кетейік, бағбан туралы Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені жуырда «Бағбан» деректі фильмін түсірді. 

қызылордалық бағбан
Фото: Нұрболат Қаржаубай

Сондай-ақ ол Jibek Joly телеарнасы ұйымдастырған салтанатты марапаттау рәсімінде «Жақсы адам — 2025» арнайы сыйлығын иеленді.

Соңғы жаңалықтар