350 студент оқудан шығарылды: Ақтөбеге министрлік өкілі келеді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қазақ-орыс халықаралық университетінің 350 студенті оқудан шығарылды. Мән-жайды білмекке өңірге министрлік өкілі келеді.

Қазақ-орыс халықаралық университетінде оқуға келмеген, оқу ақысын төлемеген 350 студент оқудан шығарылды.
— Университетте оқудан шығарылған білім алушының 91-і оқу ақысын төлемеген, қалған 259 студент сабаққа мүлде қатыспаған. Олар ректордың бұйрығымен оқудан шығарылды. Қашықтан оқитындар болғанымен, келіп, университетпен байланыста болуы керек. Олар ешқандай да байланыста болмаған. Тексеруді ректор ақпан айында жүргізді, соның нәтижесінде шығып тұр. Мектептен кейін түскен білім алушылар сабаққа келу керек екенін біледі, кураторлар оларды құлақтандырды. Міндетті түрде ескерту болады, - деді университеттің Ақнұр Қадырбек.
Оның айтуынша, ректор қазір денсаулығына байланысты демалыста. Студенттердің тағдыры қалай боларын, қандай мүмкіндік қарастырылатыны әзірге анық айтылмады. Бұл жайт министрлікке де жетті.
— Ақтөбедегі ЖОО-да болған жағдай бүгінде министрлік бақылауына алынды. Жоғарғы және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім комитет төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан оқиға орнына мән-жайды анықтау үшін аттанды. Қосымша ақпараттар болса хабарланады, - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Қоғаммен байланыс департаментінің директоры — баспасөз-хатшысы Олжас Беркінбаев.
Айта кетейік, университетте 2 мыңнан астам студент бар. Олар 17 мамандық бойынша білім алады. Бүгін ата-аналар балаларының тізімде бар-жоғын анықтау үшін оқу орнына келіп, әкімшілікпен кездесіп жатыр.
Еске салсақ, былтыр Ақтөбеде Heriot-Watt университетінің 107 студенті екінші курсқа көшпей қалды.