38 жастағы әйел Лувр ұрлығына қатысы бар деген күдікке ілінді

АСТАНА. KAZINFORM – Лувр ұрлығына қатысты күдіктілердің бірі ретінде әйел адам қамауға алынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

38 жастағы әйел күдікке ілінді
Фото: X.com/@MuseeLouvre

Париждегі Лувр музейіне жасалған ұрлық бойынша ұсталған 5 адамның бірі ресми түрде айыпталды. Бұл туралы Францияның BFMTV телеарнасы хабарлады. 

Франциялық ақпарат құралдарының мәліметінше, айып тағылған 38 жастағы әйел ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болғаны үшін тергеу изоляторына қамалды. Сот шешімі жарияланған сәтте ол көзіне жас алды. 

Ұрлық ісі бойынша тағы бір күдіктіге де 1 қараша күні ресми айып тағылды. Ол ұйымдасқан топпен бірлесіп ұрлық жасау әрекеті бойынша тергеліп жатыр. Париж прокуратурасының дерегінше, бұл адам бұған дейін де істі болған. 

– Күдікті сотты кейінге қалдыруды сұрады. Ол тергеу өткенге дейін уақытша қамауда болады, - деп түсіндірді Париж прокуроры Лора Бекко. 

Прокурор бейсенбі күні таңертең осы іске байланысты тағы 5 адамның ұсталғанын мәлімдеді. Дегенмен ұрланған әшекей бұйымдары әлі табылған жоқ. Кейін ұсталғандардың үшеуі босатылды.

Осы іске байланысты алдымен 34 және 39 жастағы екі күдікті 25 қазан күні қолға түсіп, қамауға алынған. Тергеу барысында олар «Аполлон галереясына» кіріп, зергерлік бұйымдарды ұрламақ болғандарын жартылай мойындаған. 

Жалпы барлығы 8 зат қолды болған. Олардың арасында Мария-Луиза коллекциясындағы алқа мен сырға, Мария-Амелия және Гортензия топтамаларынан алынған алқа, сырға және тәж бар. Сондай-ақ императрица Евгенияға тиесілі коллекциядан екі брошь (оның бірі – реликварий брошы), корсажға тағатын бантик және тәж жоғалған.  

Тергеу мәліметінше, ұсталғандар ұрлықтан кейін Алжирге ұшуды жоспарлаған. Олар Париждің маңындағы, Таяу Шығыстан шыққан мигранттар көп тұратын ауданда ұсталған.

Соңғы жаңалықтар