+40 градусқа дейінгі аптап, найзағай: 15 облыста дауылды ескерту жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — 8 тамыз күні Қазақстанның 15 өңірінде, сондай-ақ Астана мен Шымкент қалаларында дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті.

Астанада найзағай күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын жел кей кездері 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.
Шымкентте өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталып отыр.
Абай облысының батысында, солтүстігінде және орталығында найзағай, күндіз бұршақ күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысады, батыста, солтүстікте және орталықта күндіз 15-20 м/с жылдамдықпен соғады. Оңтүстікте және орталықта төтенше өрт қаупі сақталады.
Ақмола облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында найзағай, күндіз бұршақ, дауылды жел күтіледі. Түнде және таңертең батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде тұман болады. Жел солтүстік-шығыстан соғады, екпіні 15-20 м/с.
Ақтөбе облысының солтүстігі мен шығысында найзағай болады. Жел батыстан, солтүстік-батыстан, шығыста күндіз екпіні 15-18 м/с. Оңтүстікте аптап ыстық – 37°С. Батыста және оңтүстік-шығыста жоғары өрт қаупі сақталады, оңтүстігінде – төтенше өрт қаупі.
Атырау облысында күндіз 35-38°С аптап ыстық күтіледі. Облыстың шығысында төтенше, ал солтүстігі, оңтүстігі мен батысында жоғары өрт қаупі бар.
Шығыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі және шығысында найзағай, күндіз бұршақ. Жел оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, күндіз солтүстікте, шығыста және оңтүстікте 15-20 м/с.
Жамбыл облысының таулы аудандарында найзағай болады. Жел солтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, таулы аймақтарда екпіні 15-20 м/с. Солтүстігі, батысы және шығысында төтенше, ал оңтүстігі мен орталығында жоғары өрт қаупі бар.
Батыс Қазақстан облысында жел солтүстік-батыстан, батыстан, солтүстігі мен шығысында 15-20 м/с. Күндіз 35°С аптап ыстық. Батысы, оңтүстігі, солтүстігі және шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Қарағанды облысының батысы, шығысы және солтүстігінде жаңбыр, найзағай, күндіз бұршақ, дауыл күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, таңертең және күндіз 15-20 м/с. Оңтүстікте төтенше өрт қаупі сақталады.
Қостанай облысының батысы, шығысы және оңтүстігінде найзағай, күндіз бұршақ. Түнде және таңертең солтүстігі мен оңтүстігінде тұман. Жел солтүстік-шығыстан соғып, 15-20 м/с. Оңтүстікте төтенше өрт қаупі сақталады.
Қызылорда облысының орталығы мен солтүстігінде шаңды дауыл. Жел батыстан, 15-20 м/с. Күндіз 40-41°С аптап. Оңтүстік бөлігінде төтенше, солтүстік бөлігінде жоғары өрт қаупі.
Маңғыстау облысының солтүстік-батысында найзағай. Жел солтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, 15-18 м/с. Күндіз 38-40°С аптап. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.
Павлодар облысының батысы, солтүстігі және шығысында түнде жаңбыр, дауыл, найзағай. Жел солтүстік-шығыстан, 15-20 м/с.
Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде найзағай, күндіз бұршақ. Түнде және таңертең шығысы мен оңтүстігінде тұман. Жел солтүстік-шығыстан, түнде және күндіз 15-20 м/с.
Түркістан облысында күндіз таулы асуларда жел солтүстік-батыстан 15-20 м/с. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында таңертең және күндіз найзағай. Жел оңтүстік-батыстан, батыстан, солтүстігі, шығысы мен орталығында 15-20 м/с. Күндіз 35-36°С аптап. Оңтүстігінде төтенше, орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздің оңтүстігінде аптап ыстық қайта басталғанына байланысты маңызды ақпарат жарияланды. ҚазАвтоЖол компаниясының мамандары +30°C және одан жоғары ауа температурасы көлік қозғалысы үшін қауіп төндіретінін ескертіп, жүргізушілерге жолға шығар алдында назар аударатын маңызды кеңестер ұсынды.