400-ден астам салымшы 1 миллиард теңгеден астам қаржы салған пирамиданың жұмысы тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен «Аяла Голд» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

Қаржы пирамидасынан зардап шеккендер азаяр емес – Сенатор
Фото: pixabay.com/Max Zolotukhin

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, зергерлік бұйымдарды сататын компания ретінде жасырынып, күдіктілер азаматтарға ай сайын 50–60% көлемінде кепілдендірілген табыс уәде етіп, инвестиция салуды ұсынған. Сонымен қатар, салынған қаражаттың сақталатынына сендірген.

Алайда, төлемдер нақты пайда есебінен емес, жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен жүзеге асырылған.

Нәтижесінде қаржылық пирамидаға 400-ден астам салымшы тартылып, олар 1 миллиард теңгеден астам қаражат салған.

Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған табысқа бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешенінен екі пәтер сатып алған. Сот санкциясымен бұл пәтерлерге тыйым салынды.

Бұдан бөлек, күдіктілер өз туыстарын қаржылық схемаға тартып, оларды «дроппер» ретінде пайдаланған — яғни басқа салымшылардан түскен қаражатты олардың банк реквизиттері арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған.

- Қаржылық пирамиданың ұйымдастырушысы екі ай мерзімге қамауға алынды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері 47 заңсыз құмар ойынының жұмысын тоқтатты.

 

Соңғы жаңалықтар