400 компания заңсыз лицензия алған: Алматыдағы схема әшкере болды
АСТАНА. KAZINFORM — Қалада «Е-лицензиялау» жүйесі арқылы заңсыз лицензия алған 400-ден астам компания анықталды, деп хабарлайды ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті.
Ведомство прокуратураның үйлестіруімен лицензия алу мақсатында «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізумен айналысқан тұлғалар тобының заңсыз әрекетін әшкереледі.
Тергеу мәліметіне сәйкес, 2021 жылдан бері қылмыстық схемаға қатысушылар Алматы қаласы «Қалалық қала құрылысы бақылау басқармасы» КММ қызметкерлерімен сөз байласу арқылы, өздеріне қарасты компаниялар арқылы өндірістік базалардың, арнайы техниканың және білікті инженерлік-техникалық мамандардың бар екендігі туралы жалған мәліметтер ұсынған. Алайда бұл талаптарға нақты сәйкестік болмаған. Нәтижесінде қолданыстағы біліктілік талаптарын айналып өтіп, 400-ден астам заңды тұлға сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларында І санаттағы лицензияларды заңсыз алған.
— Тінту шаралары барысында заңсыз әрекеттерді дәлелдейтін құжаттар мен заттай айғақтар тәркіленді. Осындай «қызметтер» көрсеткені үшін ұйымдастырушылар 2 млн-нан 5 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы алып отырған. Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді, — деді ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Осыдан бұрын СҚО-да құрылыс компаниялары аяқталмаған нысандарды пайдалануға бергенін жазғанбыз.