400 млн теңге: Ақтөбеде ауылды ауыз сумен қамтуға арналған жоба нәтиже бермеді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ырғыздың Жарма ауылында су құбырын тарту жобасын жасауға 213 млн теңге, ал құрылыс-монтажға 188 млн теңге бөлініп, игерілді. Арада 2 жыл өткеннен кейін ұңғыма суы ішуге жарамсыз болып қалған. Қазір тек мал суаруға пайдаланады.
2020 жылы сол кездегі облыс әкімі Оңдасың Оразалин Ырғыз ауданы Жарма ауылына барып, тұрғындардың қатысуымен су айдау жүйесін іске қосты. Арада 2 жыл өткеннен кейін ауылдағы су татып кетіп, ішуге жарамай қалып тұр. Қазір жергілікті әкімдік өзге жерден барлау жұмыстарын жүргізіп, су қорын іздеп жатыр.
— Ұңғыманы терең қазып, ащы қабатқа кетіп қалған болуы мүмкін. Қазір зерттеліп жатыр. Жармада бұрынғы құдық та бар. Оны қарап, су алуға қауіптеніп отырсыз. Себебі ол жердің суы жоғары қабатта орналасқан екен. Негізі Жарма ауылының өзінің айналасында тек ащы су шыққан. Сол кезде тек бір ғана нүктеден табылған. Жобалық-сметалық жұмыстарға 213 млн теңге, ал құрылыс-монтажға 188 млн теңге бөлінген. Қазір Құтикөл мен Аманкөл ауыл ауылдарының ортасында Әйім құмы бар. Ақтөбе облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр, — деді Ырғыз аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Нұрберген Бекеев.
Оның айтуынша, қазір ұңғымалар қазылып, алғашқы қорытындысы да шыға бастады. Бұл жоба осы Жарма, Құтикөл ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтуға бағытталып отыр. 2023 жылы басталған жоба екі жылға созылып, биыл нәтижесі шығуы мүмкін.
— Қазір ауыл тұрғындары бұрынғы екі құдықтың суын ішіп отыр. Ал орталықтандырылған су құбыры арқылы беріліп жатқан су ішуге жарамсыз. Оның қорытындысы шықты. 2020 жылы іске қосылған су желісі екі жылдан кейін сыр бере бастады. Біресе тұщы болып, біресе ащы болып тұр. Ауылда 43 үй бар. Сол адамдар екі құдықтан су алып ішеді, көлігі бар адамдар көрші Құтикөл ауылынан тасиды. Құтикөл 15 шақырым жердегі ауыл, — деді Аманкөл ауылдық округінің әкімі Абылай Спанов.
Әзірге ауылды сумен қамту үшін тасымалдау қарастырылмаған.
Еске салсақ, 2024 жылдың қорытындысына сүйенсек, 319 елдімекеннің 291-і (91,2%) немесе 923,7 мың адам (99,5%) ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Қазіргі кезде 28 (8,8%) елдімекен су ұңғымасын пайдаланып отыр.