Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

4,6 млн қазақстандыққа 3,3 трлн теңге төленген: Еңбек министрлігі жарты жылды қорытындылады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен Министрліктің кеңейтілген отырысы өтті. Онда ведомствоның 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің қорытындылары қаралып, жыл соңына дейінгі негізгі міндеттер айқындалды.

Еңбек министрлігі жарты жылды қорытындылады
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырысқа министрлік қызметкерлері, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың, комитеттер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Отырысты ашқан Асқарбек Ертаев министрліктің мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыруды жалғастырып, азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелердің уақтылы орындалуын қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.

-2026 жылы әлеуметтік төлемдерге 6,8 трлн теңге қарастырылған. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 4,6 млн адам зейнетақы және жәрдемақымен қамтылып, оларға 3,3 трлн теңге төленді. Біздің міндетіміз – әлеуметтік төлемдердің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықты әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін одан әрі арттыру, – деді министр.

Отырыс барысында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

-Жылдық жұмыспен қамту жоспары 548 мың адамды құрайды. Бірінші жартыжылдықта шамамен 250 мың адам жұмысқа орналастырылды, бұл жылдық жоспардың 46%-ына тең. Сонымен қатар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шаралары аясында 245 мыңнан астам азамат қолдау алды. Жұмыс іздеуде қиындықтарға тап болған азаматтарға атаулы жұмыспен қамту шаралары арқылы қолдау көрсету жалғасуда, – деді Асқарбек Ертаев.

Азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың нәтижелері туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев баяндады.

Оның айтуынша, мемлекеттік еңбек инспекциясы еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету бағытындағы қызметін жүйелі түрде күшейтіп келеді.

-Биылғы жылдың алты айында мемлекеттік еңбек инспекторлары 3 607 тексеру жүргізді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,6%-ға көп. Бақылау іс-шаралары барысында еңбек заңнамасының 4 мыңнан астам бұзушылығы анықталып, жұмыс берушілерге 2,3 мыңнан астам міндетті нұсқама берілді, сондай-ақ әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды, – деді Ербол Тұяқбаев.

Айта кетейік, осыған дейін Астанада еңбек заңнамасын бұзған 96 жұмыс берушіге 18 млн теңге айыппұл салынды.