5 қыркүйекте Қазақстанның таулы аймақтарында жаңбыр мен қар жауады
АСТАНА. KAZINFORM – 5 қыркүйекте Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады, ал оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда жаңбыр мен қар жауады, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.
Синоптиктердің болжамынша, кең ауқымды антициклон еліміздің басым бөлігіне әсер етеді. Тек республиканың оңтүстік-шығысы мен батысында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағай ойнап, жаңбыр жауады.
Түнде оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде түседі.
Еліміздің батысында, оңтүстігінде және шығысында жел күшейеді. Оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл болжанады. Шығыс, оңтүстік-шығыс және орталық аймақтарда түнде және таңертең тұман түседі.
– Түнде Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында 2 градус үсік күтіледі, – делінген «Қазгидромет» болжамында.
Сонымен қатар бірқатар өңірде өрт қаупі жоғары болады. Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының солтүстік-батысында, Абай облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының солтүстік-шығысы мен солтүстік-батысында, Маңғыстау облысының орталығында, Қарағанды облысының орталығы мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Алматы және Жетісу облыстарының солтүстігінде, Ақмола облысының солтүстігі мен оңтүстік-батысында, Солтүстік Қазақстан облысының шығысы мен оңтүстігінде де жоғары өрт қаупі күтіледі.
Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында төтенше өрт қаупі сақталады.
Сондай-ақ Қостанай облысының оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен орталығында, Алматы облысының батысы, шығысы мен орталығында, Жетісу облысының оңтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі болжанады.
Айта кетейік, бүгін 15 өңірде күн райына байланысты ескерту жарияланды.