5 жылдан бері жабық тұрған Үлкен Алматы көліне апаратын жол ашыла ма

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Үлкен Алматы көліне баратын жол бірнеше жылдан бері жеке көлік үшін жабық тұр. Бұл жол биыл ашылуы мүмкін бе? Kazinform тілшісі анықтап көрді.

БАО
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Көл Алматыдан 15 шақырым қашықта Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағында орналасқан. Ол — Қазақстанның ең көрікті табиғи орындарының бірі әрі қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін стратегиялық нысан.

Алайда Алматыдан көлге баратын жол 2020 жылдан бері жеке көліктер үшін жабық деуге болады. Тек 2023 жылы «Алматы–Космостанция» автожолының 8-34 шақырым аралығы 1 айға жуық ашылып, сол жылдың қыркүйегінде қайта жабылды.

ҚазАвтоЖол компаниясы бұл аумақ жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәртіп пен тазалықты сақтау мақсатында жабылғанын хабарлаған еді.

— Қызметтік міндеттерін орындау үшін жүріп өтуге тек ұлттық саябақ қызметі, шекара заставасы, Космостанция ғылыми базасы, метеорологиялық және гидрологиялық қызметтерге рұқсат етіледі (бекітілген тізімге сәйкес және тек қызметтік автокөлікпен), — делінген ҚазАвтоЖол мәлімдемесінде.

Үлкен Алматы көліне апаратын жолдың қазіргі жағдайына байланысты жолдаған сауалымызға ҚазАвтоЖол компаниясы емес, Алматының туризм басқармасы жауап берді.

Үлкен Алматы айналма жолы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Ведомство мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың ақпан айында «Алматы-Космостанция» автожолы (8-34 км) ҚазАвтоЖол компаниясының қарамағынан Алматы әкімдігінің иелігіне берілген.

— Бүгінгі таңда Үлкен Алматы көліне баратын жол жол төсемінің апатты жағдайына, тау жыныстарының құлауына және тас құлауына байланысты автокөлік құралдары үшін жабық. Қазір Алматының қалалық мобильділік басқармасы осы бағыт бойынша жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізуді жоспарлап отыр. Жоба 2026 жылға дейін аяқталады деп көзделген. Кейін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі, — делінген басқарма жауабында.

Алматының туризм басқармасы Үлкен Алматы көлінің туристік әлеуетін дамытуға қатысты жоспарын да бөлісті.

— Үлкен Алматы көліне баратын автожолда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін экологиялық туризмді дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, экологиялық соқпақтарды жайластыру, жаяу туризм үшін маршруттарды дамыту, көлікке қолжетімділікті ұйымдастыру ойда бар, — деп хабарлады ведомство.

Басқарма жауабында сәйкес, экожүйені ұқыпты қарауға баса назар аудара отырып, көл аумағы тұрақты туристік даму үшін маңызды бағыт ретінде қарастырылады.

БАО
Фото: Алматы әкімдігі

Жабылған жол экологияға әсер етті ме?

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев агенттік сауалына жауап бере отырып, Үлкен Алматы көлінің кіреберісі тұрақты жабылған сәттен бастап экологиялық жағдайдың айтарлықтай жақсарғанын хабарлады.

Оның айтуынша, Үлкен Алматы көлі Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына кіретіндіктен мұнда тұрақты түрде мониторинг жасалады.

Атап айтқанда:

  • флора мен фаунаның өзгерісі
  • туристік жүктеме мен экожүйеге әсер ету
  • эрозия мен антропогендік әсер деңгейі бойынша ғылыми зерттеу жүргізіледі.

Ғылыми зерттеуді ұлттық парк мамандары, сондай-ақ ғылыми ұйымдар (Қазгидромет және ЖОО ғылыми экспедициялары) жүзеге асырады.

— Зерттеу нәтижесіне сәйкес, жеке көліктерге жол жабылғаннан бері көл маңындағы топырақ пен өсімдік жамылғысының тапталуы азайды, қалдық пен қоқыс көлемі едәуір қысқарды, жабайы жануарлар көбірек көріне бастады. Антропогендік жүктемені азайту және жаппай көліктермен өтуді шектеу — табиғи ортаның сақталуын қамтамасыз етеді, — делінген вице-министр жауабында.

Қазіргі уақытта көлге апаратын жол бойында ұлттық парк қызметкерлері мен Алматы қаласының полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді.

Бірақ ведомство ерекше қорғалатын табиғи аумақта рұқсатсыз кіргендер болса, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

Жолды қайта ашу қажет пе?

Алматы мәслихатының депутаты, эколог Тимур Елеусізов көлге баратын жолды жеке көліктер үшін ашудың қажеті жоқ деп санайды. Айутынша, Үлкен Алматы көлігі рекреациялық аймаққа жатандықтан, мұнда көлік қозғалысын, адамдардың белсенділігін көбейтуге болмайды.

— Көлік кіруіне тыйым салынғаны оң шешім болды. Бұл жақсы нәтиже берді. Жабайы жануарлар, оның ішінде қар барыстары қайтадан төменге түсе бастады. Егер қайтадан жеке көліктерге жол ашылса, онда біз ҮАК маңынан ілбістерді қайтып көрмейтін боламыз, — дейді ол.

Эколог табиғи ортада қарқынды қозғалыстың артуы жабайы жануарларды үркітетінін атап өтті.

— Шудың салдарынан олардың көші-қон жолдары өзгеріп, олар Қырғызстан жаққа өтіп кетуі мүмкін. Оған қоса, бұл шешім қоқыстың көбеюіне алып келеді, — деді ол.

Большое Алматинское озеро
Фото: Александр Павский / МИА «Казинформ».

Үлкен Алматы көліне тасымалдайтын арнайы көлік бола ма?

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев өз жауабында жеке инвесторларды тарту арқылы арнайы экологиялық көлікпен (электрмен жүретін көліктер) тасымалдау жобасын іске асыру қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

— Қалалық әкімдікпен бірлесіп, туристік қолжетімділікті сақтай отырып экожүйені қорғау тетіктері әзірленіп жатыр. Сонымен қатар таудан тас құлау қаупін азайту мақсатында, жол бойына арнайы қорғаныс торын орнату жұмыстары жоспарланған. Бұл ретте қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары толығымен орындалғаннан кейін Үлкен Алматы көліне бару реттелетін туризм жағдайында жүзеге асады, — деді Нұркен Шәрбиев.

Еске салайық, 2023 жылы да экологтер Үлкен Алматы көліне баратын жолды жауып, туристерді тек экологиялық көлікпен апаруды ұсынған еді.

Соңғы жаңалықтар