50 млн теңге: Ақтөбеде пара алып, делдал болған экономикалық тергеу департаментінің екі қызметкері сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі Ермек Махамбетов 10 жылға, департаменттің басқарма басшысының орынбасары Дәулет Сарин 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал өңделген 90 100 доллар ақша жойылады.

судья
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы Ермек Махамбетов пен Дәулет Саринге қатысты істің үкімі шықты. Е.Махамбетовке Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 366-бабы 4-бөлігі, ал Д.Саринге 368-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылды. Екі қызметкердің де кінәсі дәлелденіп, бас бостандығынан айырылды.

- Ермек Махамбетов Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 366-бабы 4-бөлігімен айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жергілікті атқарушы орган, құқық қорғау саласында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтесін. Дәулет Саринге 368-бабы 4-бөлігі бойынша айыпты деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздігі төмен түзету мекемесінде өтесін. Екеуі де экономикалық тергеу қызметінің подполковнигі шенінен айырылсын,- деді судья Алтынбек Сабыров.

Сонымен бірге сотталушы Е.Махамбетов 2 млн теңге моральдық залалды өтеуі тиіс. Заңгер шығыны да өндірілді. Тергеу кезінде қолданылған 1 600 доллар жәбірленуші Е.Бокушевке қайтарылады. Ал өңделген 90 100 долларды сот үкімі заңды күшіне енгенде жойылады.

Еске салсақ, сотталушы Ермек Махамбетовке аса ірі көлемде пара алуға оқталу, Дәулет Саринге парақорлыққа делдал болу бойынша айып тағылды. Пара сомасы — 50 млн теңге.