500 келі қияр, жарты тонна алма, 100 келі қызанақ: елордалық бағбанның бақшасы
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада бақша егіп, оны кәсіп көзіне айналдырған жандар некен-саяқ. Бірақ елордада жүзім өсіріп, алхоры баптап отырған отбасы бар десек, сенесіз бе? Одан бөлек, аулада алманың он, қызанақтың алты түрі өсіп тұр. Жаз бойы әр түпке күтім жасаған отбасы қазір еңбегінің жемісін жеп отыр. Kazinform тілшісі бейнетінің зейнетін көрген отбасының бау-бақшасына барып, бағбандық кәсібінің қыр-сырын біліп қайтты.
Бозтай Ботаев 80 жаста, ал жұбайы Бибіжамал Жакупова 73-те. Бірақ бақшаның ішінде жас баладай ширақ қимылдап жүрген ерлі-зайыптыларды зейнеттегі жандар деп ойламайсың. Әлі тың.
Отбасы 2002 жылы Астанаға көшіп келіп, осы саяжайға қоныстанған. Үй салып, ауласын біртіндеп жасыл желекке айналдырған.
Сенесіз бе, 24 жыл бұрын бұл жер жазық топырақ қана еді. Ерлі-зайыптылар 10 сотық аулаға әр көшетті өз қолымен еккен. Бүгінде сол кішкентай көшеттердің бәрі өсіп, жайқалған баққа айналған.
Аулаға кіргеннен-ақ аспанмен таласқан шырша, қарағай мен қайың көзге түседі. Олардың арасынан бой түзеген жеміс ағаштары да бар. Қаз-қатар өскен қызыл-жасыл жемістер бұтақтарына салмақ салып, пісіп тұр.
Бақтағы өнімнің бәрі кәдеге жарайды. Тосап, шырын, тұздық секілді түрлі өнім дайындалып, 365 құты қысқа сақтауға жабылған.
Елордадағы ерекше бақ: Астанада жүзім мен жеміс-жидек өсірген отбасы
Бақ ішіндегі көзге бірден түсетіні — қабырғаларға өрмелей өсіп, айналаны көмкеріп тұрған қап-қара жүзім. Әдетте қыркүйектің соңына қарай пісетін жеміс биыл жаздың ыстығына байланысты ертерек жетіліп, моншақтай тізіліп тұр.
Бұл — шарапқа арналған Изабелла сұрпы екен. Бозтай атаның айтуынша, жүзімнің күтімі қиын емес. Ең бастысы — суыққа төзімді.
- Жүзім жер де, ауа райын да таңдамайды, өсіруге қолайлы. Күнделікті үзіп жеп отырамыз, тәтті. Артық қалғанынан шарап жасаймын. Қантпен араластырып, 70 күнге қалдырамын, дайын өнім шығады. Жапырағынан долма жасауға болады. Ал көшеттерін жүзім өсіргісі келетін адамдарға беремін. Аулада биік тұрған қабырғалардың бәріне өрмелеп өсіп тұр, - дейді Бибіжамал Жакупова.
Жүзімнен әрі өтсеңіз, бір емес, төрт түп алхоры өсіп тұр. Оның екі түрі бар: бірі сүйекті, екіншісі ұсақтау. Дәмін татып көрдік, тәп-тәтті екен. Бибіжамал апа, бұл жемістен тосап та пен нәрсу да дайындайды.
Жерге төселіп өскен құлпынайдан бастап, ары қарай таңқурай, қара қарақат пен тұшала көзге түседі. Бақшадан жидектің түр-түрін кездестіруге болады. Осының бәрін қалай жинап, қалай үлгеріп жүр деген ой келеді. Піскен өнімді жинап, одан тосап пен нәрсу дайындау, қалғанын жуып, қысқа қатырып қоюдың өзі аз еңбек емес.
- Қарақаттың екі түрі бар. Құлпынайдың да «Виктория» деген сұрпын өсіреміз. Шие де биыл молынан шықты. Жидектердің бәрінен түрлі өнім дайындаймын. Барлығын қосып, ассорти шырын да жасаймын. Өте дәмді болады. Бәрін өзіміз еккенбіз, жыл сайын мол өнім береді. Артып қалғанын тоңазытқышқа салып, қыста пайдаланамыз. Нағыз дәрумен ғой, - дейді ол.
Шағын ауладан мол өнім: отбасы 500 келіге дейін қияр жинайды
Бұл — бақшаның басында ғана өсіп тұрған жеміс-жидектер. Көкөністің түрі бұдан да көп. Аулада қиярдың екі, қызанақтың алты сұрпы өнім беріп тұр. Бірі сары, бірі қызғылт сары — сан алуан түсті қызанақтың әрқайсысы өзінше көз тартады. Елге шетелден жеткізілетін черри қызанақтарын да бұл отбасы өз ауласында өсіреді.
Бозтай Ботаевтың айтуынша, маусым кезінде бір бақтан шамамен 500 келі қияр және 100 келіге жуық қызанақ өнімін алады. Отбасы көкеністің бір бөлігін күнделікті тұтынуға және қысқа тұздауға қалдырып, қалғанын сатады екен.
- Қазір қиярдың екі түрін егіп жүрмін: «Кураж» және «Авелла» деген сұрыптары. Қиярды үш күнде бір жинап отырамыз. Сатып алғысы келетін адамдарға келісін 200 теңгеден береміз, - дейді Бозтай Ботаев.
Қияр жапырақтары жан-жаққа жайылып, жерді тарылтпас үшін зейнеткерлер әр түбіне тіреу қойып, тігінен өсірген. Айтуынша, бұл тәсіл қиярдың тезірек пісуіне де әрі жинауға да ыңғайлы.
- Жерге жайылып өскен кезде күннің көзі де аз түседі. Сондықтан осылай тігінен өсірген дұрыс. Қызанақтың сабағына ауырлық түспес үшін оған да тіреу қоямын. Қызанақты сарғая бастағанда жинап алып, үйде қызартып аламыз. Бәрін қарап, көңіл бөліп отыру керек. Әйтпесе өнім жақсы болмайды. Олда үлкен жұмыс, - дейді ол.
Зейнеткерлердің айтуынша, көкөніс өсіруде күтімге ерекше мән беру керек. Ақпан айы аяқтала салысымен жылыжайда қияр мен қызанақтың тұқымын егуді бастайды. Ал мамыр айында көшеттерді жерге отырғызады. Осылайша өнімді ертерек алуға мүмкіндік бар.
Бұған қоса, көкөністі бір мезетте емес, кезең-кезеңімен егеді. Алғашқы көшеттер өнім бере бастаған тұста, келесі тұқымдардан шыққан өсімдіктер де жеміс салуға дайын болады. Осы тәсілдің арқасында бақтан жаз бойы үздіксіз өнім жинауға болады.
- Алғашқы қиярды мамырдың аяғында отырғызамыз. Бір ай өткен соң тағы да қиярдың тұқымын егеміз. Өйткені алғашқы еккен қиярлар қартайып, өнімділігі төмендей бастағанда, кейінгі еккендері өсіп, өнім бере бастайды. Қазір кешірек еккен қиярларымыз енді ғана гүлдеп жатыр. Қыркүйектің басында сәл үсік түсуі мүмкін. Ондай кезде үстін пленкамен жауып қоямыз. Түнде жабамыз, ал таңертең күн жылынғанда қайта ашамыз, - дейді ол.
Мұнан бөлек, бақшада болгар бұрышы, тәтті және ащы бұрыш, сарымсақ, қызылша мен баялды да өседі. Ата-әже көк шөптен жалбыз, аскөк пен көк жуа егіп қойған. Ауладағы бақтың өзі отбасыға қажетті көкөніс пен жемістің көбін беріп отыр. Сондықтан оларға дүкеннен өнім іздеп барудың да қажеті жоқ.
Қайың шырыны мен қарағай бүршігі – табиғи ем
Ерлі-зайыптылар 24 жыл бұрын еккен қайың, қарағай мен шыршаның бойы бүгінде үйден де биік. Олар тек аулаға сән беріп қана қоймай, түрлі өнім алуға да жарайды.
Бұл үйде тосап, тұздық, нәрсу, тіпті шараптан бөлек, емдік мақсатта түрлі қоспалар да дайындалады екен. Мәселен, Бибіжамал апа қарағайдың бүршіктерін жинап, қант қосып, құтыға жабады. Біраз уақыттан кейін бүршіктерден шырын бөлініп шығады. Оны суық тигенде, жөтелгенде ішеді. Бибіжамал апаның айтуынша, мұндай табиғи қоспаның пайдасы антибиотиктен кем емес.
- Біраз уақыттан кейін қарағайдың өз шырыны бөлініп шығады. Оны қыста жөтелгенде, әсіресе бронхит кезінде пайдаланамыз. Біз үшін бұл — табиғи емнің бір түрі. Балаларым мен немерелерім ауырғанда осыны ішеді. Өзіміз де қолданамыз. Химиялық дәрі-дәрмекке қарағанда, табиғи болғаны жақсы деп ойлаймын, - дейді ол.
Ал қайыңнан шырын алып, табиғи сусын ретінде тұтынады. Оның пайдасы да бір бөлек. Себебі құрамы табиғи минералдар мен органикалық қосылыстарға бай.
- Өте дәмді, тәтті, ең бастысы — шипалы. Қайыңнан шырын алу үшін ағаштың белгілі бір жеріне кішкентай ғана ойық жасап, сол жерден шырын ағызамыз. Осы қайыңды кезінде кішкентай көшет етіп отырғызғанбыз. Міне, содан бері 20 жылдай уақыт өтіп, осындай үлкен ағаш болып өсті, - дейді апа.
Бір түптен 10 түрлі сұрып өсетін алма ағашы
Бақшадағы жеміс ағаштарының ішінде ең көбі — алма ағашы. Ата мен апа алманың сегіз түрін еккен. Олардың айтуынша, маусым кезінде жарты тоннаға дейін өнім жинауға болады. Піскен алманы ысырап етпей, әрқайсысын өз қажетіне жаратуға тырысады. Шырын мен тосап дайындап, артылып қалғанын кептіріп қояды.
- Биыл алма өнімді мол беретін жыл, былтыр ағаштар демалды. Ең дәмдісі — «Уралка». Қыс түскенше пісетін қысқы сорты да бар. Алмадан табиғи шырын жасап, құтыға жауып қоямыз. Түрлі сұрпынан тосап дайындаймыз. Ал жерге түсіп, бүлініп бара жатқан алмаларды тазалап, кептіріп қоямыз. Қыста одан балғын нәрсу жасауға өте жақсы, - дейді ол.
Бақтағы ерекше ағаштың бірі — бір түбінде алманың он түрі өсіп тұрған алма ағашы. Бір қарағанда, мұндайға сену қиын. Алайда Бозтай атаның айтуынша, бұл — бірнеше сұрыптың бұтағын бір ағашқа телу арқылы алынған нәтиже. Ол кейбір ағаштардың бұтақтарын бір-біріне жалғап, будандастырып өсіреді екен. Оқырманға түсінікті болу үшін бейнематериалда көрсеттік.
Қызық дерек. Америкада бау-бақша экспериментаторы дәл осындай тәсілмен бір түптен 40 түрлі жеміс алған.
Алмұрт ағашы да бар. Алайда биыл өнім бермеген. Бибіжамал Жакупова айтуынша, ағаш бір жыл өнім берсе, келесі жылы тынығады. Ал жеміс ағаштарын түрлі аурудан қорғау үшін оларға «прививка» жасайды.
- Алма ағашына кішкентайынан бастап прививка жасау керек. Сонда жақсы сұрып шығып, сапалы, тәтті алма береді. Алмаға да тұрақты күтім қажет. Уақытында прививка жасалмаса, ағаш жабайыланып, жемісі бұрынғыдай тәтті болмай қалады, - дейді Бибіжамал Жакупова.
Бақша — зейнеткерлерге әрі ермек, әрі табыс көзі
Бозтай Ботаев пен жұбайы Бибіжамал Жақыпованың төрт баласы мен немерелері, шөбелелері бар. Бақтан жиналған өнімнің алғашқы отбасы мүшелеріне үлестіріледі. Қысқа сақтауға қажеттісін дайындап алған соң, артылған өнімді сатады.
Көршілері мен қала тұрғындары жеміс-жидек пен көкөністі ғана емес, көшеттерді де алады. Бұған дейін айтқанымыздай, қызанақ пен қиярдың келісі 200 теңгеден сатылады. Ал жеміс-жидектің бағасы түріне қарай әртүрлі. Бос уақытында зейнеткерлер үшін бұл — әрі ермек, әрі қосымша табыс көзі.
- Өзіміз көшет те өсіріп, сатамыз. Кейде адамдар үйде дайындаған тұздық пен тосапты сұрап келеді. Балғын көкөністерді де алып жатады. Осылайша күнделікті шығынымызға және бау-бақшаға қажетті заттарға аз да болса қаржы табамыз, - дейді Бозтай Ботаев.
Дүкен сөрелеріндегі өнімге қарағанда, тұрғындар бақшада өсірілген табиғи өнімді тұтынуды құп көреді. Бозтай ата мен Бибіжамал апаның отбасысы да жыл он екі ай бақтан жиналған көкөніс пен жеміс-жидекті жейді.
- Дүкендегі қияр бір ай, кейде одан да ұзақ сақталады. Ал өзіміз өсірген қияр бір аптадан кейін шіри бастайды. Өйткені ол — табиғи өнім, ұзақ сақталуы үшін арнайы өңделмейді. Сүттен де соған ұқсас мысал келтіруге болады. Жаңа сауылған сүтті таңертең алсаңыз, кешке қарай ашып, іріп кетуі мүмкін. Ал дүкендегі сүт бір айға дейін сақталады. Сондықтан тұтынатын өнімнің қалай өндіріліп, қалай өңделгеніне мән берген дұрыс, - деп ойын атты Бозтай Ботаев.
Бақшадағы бейнет
Сексенге келген шақта бау-бақша баптау оңай емес. Бірақ Бозтай ата мен Бибіжамал апа күн сайын таңғы сағат 6-дан кешке дейін аулада жүріп, әр түпке күтім жасайды. Шөбін жұлып, өнімін жинап, ауырған ағаштарын емдейді. Кешкісін суарады. Суды да алдын ала жылытып, арнайы дайындап қояды.
- Алма, шие, алхоры сияқты ағаштарды аптасына бір рет суарамыз. Ал қалғанының бәрін күнде кешке су құямыз. Күн сайын бөшкеге су толтырып, күндіз жылытып қоямыз. Мұздай сумен суаруға болмайды. Жаңбырлы күндері су ағар арқылы жаңбыр суын жинап аламыз. Оны келесі күні бақшаны суаруға пайдаланамыз, - дейді ол.
Баптаудан бөлек, жиналған өнімді ысырап етпей жарату керек. Зейнеткерлер жеміс-жидек бүлініп кетпес үшін, оны дер кезінде өңдеп, тосап пен нәрсу дайындайды. Ал көкөністерді тұздап, құтыға жауып үлгіреді. Мұның бәрі уақыт пен күшті талап етеді.
- Күн сайын кешке құты жабамын. Тосаптың да, салаттың да түр-түрін дайындаймыз. Әр құтының сыртына қай күні жапқанымызды белгілеп қоямын. Уақыты келген сайын жертөлеге түсіп, қарап отырамын. Кейбірі тұманданып кетсе, қайта жабамыз. Жасай берсең, жұмыс көп. Бірақ қыста соның қызығын көреміз. Қазір жертөледе 365 жабылған құты бар, - деді ол.
Бақшаны күнде 10-15 рет айналып шығамын - бағбан
Гүлдің түрі де жетерлік. Мұнда пион, қызғалдақ, меруертгүл, қамысгүл, нарғызгүл мен раушан да өседі. Әрқайсысы баққа көрік беріп, айналаға хош иіс таратып тұр.
Бұл — зейнеткерлердің талай жылдық еңбегінің нәтижесі. Ал алда жалда бұл саяжайда бұзылатын болса, олар жер үй алып, осы кәсібін жалғастыруға ниетті.
- Егер саяжайымыз бұзылатын болса, әрине, қимаймыз. Кейбір көшеттерді қазып алып, жаңа үйімізге апарармыз. Көршілеріміздің біразы көшіп кетті, бізге де сол күн келетін шығар. Бірақ меніңше, зейнеткерлер үшін жер үй дұрыс. Мемлекет тарапынан әр отбасыға осындай жер берілсе, игі көмек болады. Әр жанұя оны игеріп, кәдеге жаратар еді, - дейді Бозтай Ботаев.
Бозтай Ботаевтың айтуынша, биік үйде пәтерге сыймай, саябақ аралап жүргеннен гөрі, жер үйде өз ісіңмен айналысқан әлдеқайда жақсы.
- Биік қабатты үйлерде менімен жасты кісілер саябаққа барып, жүгіріп жүреді. Ал мен өз бақшамның ішінде жүремін. Арамшөп жұлып, күнделікті шаруамен айналысамын. Бақшаны күнде 10-15 рет айналып шығамын, бұл мен үшін физикалық жаттығу. Таза ауада жүріп, немерелерімді еңбекке де баулимын. Оның үстіне, бақша — табыс көзі. Сондықтан биік үйден гөрі, жер үйде тұрғанды жақсы көремін, - дейді ол.
Зейнеткердің қалауы — «қолымнан келеді, істеймін» деген жанға аз да болса тегін жер берілсе дейді. Әрине, мұндай мүмкіндік еңбек етуге ниетті жандардың қатарын арттырып, әр отбасыға қосымша табыс әкелер еді.