600 млрд теңгелік заңсыз құмар ойын схемасы бойынша тоғыз адам қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Онлайн-казиноға 600 млрд теңге шығарған трансшекаралық схема әшкереленді, деп хабарлайды ҚМА баспасөз қызметі.
Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз ойын бизнесін тоқтату бойынша белсенді жұмысты жалғастырып келеді. Қабылданған шаралар нәтижесінде трансшекаралық аударымдардың ауқымды схемасы әшкерленді. Онда ақша төлем ұйымдары арқылы өткізіліп, заңды операциялар ретінде жасырынып, онлайн-казиноның пайдасына шығарылған.
Қазақстан аумағында онлайн-казино қызметіне толық тыйым салынған. Мұндай платформалар салық төлемейді, клиенттерді сәйкестендірмейді, балалар мен жастарды белсенді түрде тартады, сондай-ақ халықтың моральдық және психикалық денсаулығына елеулі зиян келтіреді.
Схеманы жүзеге асыру үшін финтех-сервистердің иелері букмекерлік кеңселермен жасалған жалған шарттар негізінде алынған «сұр» POS-терминалдар мен Terminal ID қолданған. Қазір заңсыз операциялардың анықталған көлемі 600 млрд теңгеден асады.
Құқыққа қарсы әрекетке 20-дан астам төлем ұйымы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің жекелеген лауазымды тұлғалары тартылған.
— Сонымен қатар төрт онлайн-казиноға техникалық қолдау көрсетіп, ақша операциялары бойынша кеңес берген Call-орталықтың қызметі тоқтатылды. Оның заңсыз жұмысына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтарынан құралған 120 адам тартылған. Бұдан бөлек, Call-орталық ұйымдастырушылары криптовалюта арқылы қаражат қабылдап, шығаруды жүзеге асырған гемблинг негізіндегі серіктестік бағдарламасын құрған. Оның айналымы 200 млн USDT-тен асып түсті, — делінген ҚМА хабарламасында.
Аталған іс-шараларды жүзеге асыру барысында 70-тен астам тінту жүргізіліп, заттай дәлелдемелер тәркіленді.
— Сот санкциясымен, олардың ішінде «Төлем ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басшысының кеңесшісі бар тоғыз тұлғаға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта олардың ішінде шетел азаматтары бар сегіз адамды халықаралық іздеуге жариялау үшін материалдар дайындалып жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды, — делінген хабарламада.
Агенттік жеке және заңды тұлғаларды заңсыз құмар ойындарды ілгерілетуге қатысуға жол берілмейтіні жөнінде тағы да қатаң ескертеді.
— Онлайн-казино қызметі заңды бұзып қана қоймай, лудоманияның таралуына себеп болады. Осыған байланысты заңсыз құмар ойындарға көмек көрсетуге бағытталған кез келген әрекет қылмыстық қызметті ұйымдастыруға жәрдемдесу ретінде бағаланып, сөзсіз қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Бұдан бұрын онлайн-казино жарнамасын шектеу және өнімдерді цифрлық таңбалау ұсынылды.