«7-20-25» бағдарламасының орнына ұсынылған ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі өзгереді

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «7-20-25» бағдарламасының орнына ұсынылған ипотека туралы бұйрықты «Ашық НҚА» порталында қоғам талқылауына ұсынғаннан кейін пайыздық мөлшерлемені қайта өзгерту туралы шешім қабылдады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаевтың ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында айтылған.

«ҚР Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемені ұлғайтуы ипотекалық кредиттеуге кері әсерін тигізетінін ескере отырып және «Ашық НҚА» порталындағы талқылаулардан соң, министрлік қазіргі уақытта ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақы мөлшерлемесінің жылдық 8%-на дейін субсидиялауды ұсынады. Бұл ретте субсидиялаудың сыйақы мөлшерлемесі 20%-дан аспайтын және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінен 5%-дан аспайтын ЕДБ-нің (екінші деңгейлі банк) ипотекалық бағдарламаларына қолданылатын болады», - деп жазылған министр орынбасарының жауабында.

Яғни, аталған ипотека осы нұсқа бойынша қолданысқа енген жағдайда несие алушы төлейтін пайыздық мөлшерлеменің көлемі екінші деңгейлі банктен қандай ипотекалық өнім рәсімделгеніне байланысты болмақ. Мысалы, банк ұсынған ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі 17 пайыз болса, оның 8 пайызын 10 жыл көлемінде мемлекет өтеп отырады. Ал несие алушы ипотекасын 10 жыл бойында 9 пайызбен өтеп отырады.

Министрлік аталған субсидиядау бағдарламасына сыйақы мөлшерлемесі 20%-дан аспайтын және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінен 5%-дан аспайтын ипотекалар арқылы ғана қатысуға болатынын ескертіп отыр.

Сондай-ақ, министрлік аталған бағдарлама бойынша пайыз субсидиясы 10 жылға ғана төленетінін айтып отыр.

Еске сала кетейік, министрлік жаңа ипотекалық бағдарламаның шарттарын «Ашық НҚА» порталында жариялап, көпшілік талқысына ұсынған болатын.

Вице-министрдің мәліметі бойынша, бұйрық жобасы бүгінде Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің келісімін алмаған.

«Алдағы уақытта жоғарыда атап өткен министрліктер келісімін берген жағдайда, бұйрық жобасы Әділет министрлігінен тіркеуден өтіп, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қаржыландыруынан соң өтініштер азаматтардан қабылданатын болады», - дейді министрдің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар