7 маусым. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 7 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Күнтізбе
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

48 жыл бұрын (1978) Астана қаласы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Ғалымжан Амантайұлы АМАНТАЙ дүниеге келді.

Ғалымжан Амантайұлы АМАНТАЙ
Фото: Facebook / Ғалымжан Амантай

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген, заңгер; Қазақстан халықтар достығы университетін технолог мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: «WIS K Ltd» ЖШС инспекторы (1999-2005); ІІБ учаскелік полиция инспекторы (2005-2006); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметті құқықтық қамтамасыз ету департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау бөлімінің консультанты (2006-2007); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша Басқармасының Тәртіптік кеңес хатшылығының мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың сақталуын бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бөлімінің консультанты (2007-2009); Астана қаласы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының құқықтық сараптама және кадр жұмысы бөлімінің басшысы (2009-2010); Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының Әкімшілік-құқықтық жұмыс басқармасының басшысы (2010-2012); Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің құқықтық қамтамасыз ету және әкімшілік басқармасының бас сарапшысы (2012); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің Тексеру-бақылау бөлімінің (Тәртіптік кеңес хатшылығы) консультант-инспекторы (2012-2014); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық профилактикасы департаментінің тәртіптік-әкімшілік тәжірибе және мемлекеттік қызметтер көрсету бөлімінің бас инспекторы (2015-2016); Түркістан облысы Шардара ауданы әкімдігінің басшысы (2016-2021).

44 жыл бұрын (1982) Kazakh Tourism Development (KTD) атқарушы директоры Ержан Мәлікұлы ЕРКІНБАЕВ дүниеге келді.

 Ержан Мәлікұлы ЕРКІНБАЕВ
Фото: Экономика министрлігі

Жамбыл облысының Шу қаласында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын, Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған.

Әр жылдары жеке компанияларда жобалар жетекшісі, заңгер болып жұмыс істеген. 2009-2013 жылдары «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының бас директоры болып қызмет атқарған. 2013-2016 жылдары «Медеу» спорт кешенінің бас директоры, 2016-2019 жылдары Алматы мемлекеттік зоологиялық паркінің директоры лауазымын атқарды. 2019 жылы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы«АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарды. 2019-2021 жылдары «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы лауазымын атқарды.

2025 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

39 жыл бұрын (1987) Қарағанды облысы экономика басқармасының басшысы Дулат Кәрімұлы АШКЕНОВ дүниеге келді.

Дулат Кәрімұлы АШКЕНОВ
Фото: Gov.kz

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің түлегі.

Еңбек жолын 2008 жылы Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім маманы қызметінен бастаған.

Әр жылдары Қарағанды облысының жол-көлік инфрақұрылымы мен жолаушылар көлігін дамыту бойынша мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеді.

2017-2022 жылдары Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің аппаратында жұмыс істеді, Нұр-сұлтан қаласының активтер және Мемлекеттік сатып алу басқармасында басшылық лауазымдарды атқарды. 2022 жылы Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

2025 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.

37 жыл бұрын (1989) ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Фархад Қасымұлы БЕЛБЕЕВ дүниеге келді.

Фархад Қасымұлы БЕЛБЕЕВ
Фото: Pro Kadry kz

Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Семей қаржы-экономика колледжін және Қазақ қаржы-экономика академиясын бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: «Alliance RetaiIGroup» ЖШС менеджері (2007); Жетекші маман, Мәслихат аппаратының басшысы; Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауылдық округі әкімінің орынбасары; Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы (2016-2018); Шығыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің басшысы (2018-2019); Шығыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті басшысының орынбасары (2019-2022); Шығыс Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің басшысы (2022-2025).

109 жыл бұрын (1917-1943) Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Кеңес Одағының Батыры, 3-ші Украина майданы 8-ші гвардиялық армия 39-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы 120-шы гвардиялық атқыштар полкі құрамында рота командирі Жанғазы Әкімұлы МОЛДАҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Жанғазы Әкімұлы МОЛДАҒАЛИЕВ
Фото: wikipedia.org

Семей облысы Абай ауданының Қараауыл ауылында туған. Ата-анасы ерте қайтыс болып, әпкесі Қанипа мен Жанғазыны немере ағасы Семейбай Жәкенов өз тәрбиесіне алып, Семейдегі №38 жетіжылдық мектепті бітірген. Мектеп бітіргеннен кейін ұн тартатын зауытта еңбек жолын бастаған Жанғазы сол кездегі ауатком (райисполком) хатшысы болып ел ісіне де араласа бастайды. Осылайша ержетіп, азамат болған шағында 1938 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылып, 1941 жылы майданға аттанды.

1943 жылдың 23 қазанына қараған түні Молдағалиевтің ротасына Днепрден өтіп, плацдармды алу тапсырылды. Рота жауынгерлері Елизарово селосын жау қолынан толық азат етіп, жаудың мысын басып, 100-ден астам әскері мен офицерін жойып, 25 солдатын тұтқынға алады. Сол жылдың 31 қазанында Жанғазы басқарған 2-атқыштар ротасы Чернопаровка селосының батыс бөлігінде орналасқан тірекпунктін басып алу туралы бұйрық алады. Молдағалиевтің басшылығындағы рота түн ішінде қиындықтарға қарамастан өзеннен өтіп, қатты қақтығыстан соң Днепрдің оң жақ жағалауына күшпен бекініп алады.

1943 жылғы қарашадағы ұрыста өз денесімен жау дзотын жауып, қаза тапты.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 19 наурыздағы Жарлығымен Ж.Молдағалиевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин және Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.